Басқы бет / «Сақшы» газеті / Рейд / Тәнін саудалайтындарға қатаң тыйым болуы керек

Тәнін саудалайтындарға қатаң тыйым болуы керек

DSC_2486Осыған дейін елордамыз Астананың вокзал аумағында тәнін саудалаған жеңілтек қыздардан аяқ алып жүру мүмкін емес-тін. Қалаға кіре берістегі аймақта емін-еркін жыныстық қызмет көрсетіп келген жеңіл жүрісті қыздардың соңына түскен полиция қызметкерлері бұл аймақты жезөкшелерден тазартуды көздеген. Тән саудасына заңмен тыйым салынбағандықтан бұл аумақты «түнгі көбелектерден» тазарту кезінде түрлі қиындықтар туындауда.
Елордамыздың табалдырығы саналатын вокзал аумағын «түнгі көбелектерден» тазартуды қала әкімі Әділбек Жақсыбек полиция қызметкерлеріне қадап тапсырған болатын. Тапсырма берілісімен полиция қызметкерлері бұл аймақты тап-тұйнақтай етуге білек сыбана кірісті. Елордада жезөкшелердің атақты бекеті – вокзал маңы екенін Астанаға келгендердің бәрі біледі десек, артық айтқандығымыз емес. Олай деуімізге де негіз бар. Себебі, Астанаға ат басын бұрған адам вокзалды айналып өтпейтіні мәлім. Айналып өткісі келсе де өйте алмайды. Бүгінде вокзал маңында «қыздардың саудасы» қызып тұрғанын мыңдаған адам көріп, көндігіп жүр. Бұрын қыз саудасы қызып тұрған вокзал аумағының әр бұрышынан егде жастағы әйелдерді кездестіруге болатын еді. Бір қарағанда, бұлардың ешкімде шаруасы жоқ болып көрінгенімен, жанынан өте бергенде олардың бұл тұрыстарында бір гәп бар екеніне көзің жетеді. Олардың жұмысы сол, жыныстық қызмет көрсететін қыздарға «клиент» тауып беру. Вокзал аумағындағы жалдамалы пәтерлердің жартысынан көбі «түнгі көбелектерге» жалға беріледі деген ақпар бар. Тіпті, жезөкшелер жаулаған ауданда тұратын тұрғындар бұл бейберекетсіздікті тоқтатып, оларды бұл жерден қууды сұрап жылдар бойы шағым жазып келді. Әкімдік араласқаннан бері бұл бейберекетсіздіктер сап тыйылмағанымен, сәл-пәл оңғарылып келе жатқаны көңілге медеу. Бұл аумақта құқық қорғау органы қызметкерлері жүргізген күшейтілген рейдтік шаралардың алғашқы күндері 100-ге жуық «түнгі көбөлек» қамауға алынған болатын. Жалпы ресми деректерге сүйенсек, Астанада есепте тұрған 200-ге жуық жезөкше бар екен. Олар күйеуге шығып, неке куәлігін әкеліп көрсеткен және азаматтығын ауыстырған жағдайда ғана есептен алынады. Рейдтік шаралар қарқынды жүргізіліп жатқандықтан қазіргі күні жезөкшелердің жұмыстары тоқтап тұр. Астана қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері, жедел уәкіл Серік Сұлтановтың айтуынша, қазір жезөкшелер бұрынғыдай ашықтан-ашық қызметтерін ұсынбайтын болған. Сондай-ақ, түнгі көбелектер күндізгі уақыттан қызмет көрсетудің түнгі уақытына ауысқан. Жедел уәкілдің сөзінше, бұларды күндіз кездестіру мүмкін емес екен. Соны ескерген біз Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен түнгі рейдке шықтық. Бұл рейдке ҰҚҚКБ-нан екі жедел уәкіл, 2 жол-патрульдік полиция, 2 учаскелік полиция жұмылдырылды. Құқық қорғау органы қызметкерлері ең әуелі әрекет етудің жоспарын құрды. Түнгі 22:00 шамасында қала көшелерін тінтіп, «түнгі көбелектерді» құрыққа түсіру операциясы бойынша әрекет етті. Қызметкерлер бір сәтке қызметтік киімдерін ауыстырып, қарапайым азаматтың кейпіне еніп, жеңілтек қыздар «іздеп» көшеге шықты. Бұл уақытта вокзал аумағы тым-тырыс болғандықтан олар бұдан бөлек бірнеше нүктені аралады. «Іздегенге – сұраған» дегендей, «түнгі көбелектерге» «клиент» таситын адамдар «Көктем» сауда орталығы маңынан жолыға кетті. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қарапайым азаматтың кейпіне енулеріндегі мақсаттары да «түнгі көбелектерді» жалдайтын адам ретінде көрініп, оларды осындай жолмен құрыққа түсіру еді. Осындай айла-тәсілді қолданған қызметкерлер Сарыарқа, 37 мекенжайында «клиент» күтіп отырған жезөкшелердің үстінен сау етіп кіріп келді. Жалдамалы пәтерді жын-ойнаққа айналдырған жеңіл жүрісті қыздар бұл істері үшін қысылып-қымтырылған да жоқ. Полицейлердің бұлардың алдында пәрменсіз екендерін жақсы біліп алған жезөкшелер асып-сасып та жатпады. Жүздерін жасырып, беттерін тұмшалаумен де әуре болмады. «Ұяты көрген адамға келсін» дегендей, сазарған қалпы аяқтарын санап басып, ақырындап жинала бастады. Бұлар полицейлердің әрі-бері таситындарына және әрі кетсе бөлімшеде 3 сағат ұстайтындарына еттері әбден үйренген. Жезөкшелерді жазалайтын заң болмағандықтан, олар өздерін бөлімшеге апарып, құжаттарын тексергесін босатып жіберетінін де жақсы біледі. Жеңіл жүрістілер таң сәріде бөлімшеден босап шығып, жұмыс орындарына қайта оралады. «Біз оларды қолға түсірген жағдайда 3 сағаттың көлемінде АІІБ-нда ұстаймыз. Үш сағаттан соң оларды қайтадан бостандыққа жібереміз. Өйткені, үш сағаттан артық ұстауға заң жүзінде құқығымыз жоқ. Осындай жолмен жыныстық қызмет көрсетулеріне кедергі болу арқылы тақырға отырғызуды көздеп отырмыз. Бұл үш сағаттың ішінде олармен профилактикалық әңгімелесулер жүргіземіз», – дейді Серік Оңайғанұлы. Жеңіл жүрісті қыздар мен делдалдар қызметтік көлікпен Сарыарқа аудандық ІІБ-на жеткізілді. Бұл уақытта басқармаға бұдан бөлек 20 шақты жезөкше орналастырылыпты. Орайы келгенде осындай жолға түскен жас қыздарды сөзге тартып көрмекші болдық. Бұл іспен айналысуларына не түрткі болғаны бізге қызық еді. Мұндай жолға «Тамақтың тоқтығынан, көйлектің көктігінен» түспегендері түсінікті. Сол мезетте тәнін саудалаған қыздардың біреуімен тілдесудің ыңғайы туды. Аяғы ауыр Аягөз есімді 19 жастағы жеңіл жүрісті қыздың арсыз іспен айналысып жүргеніне жыл жарымнан асыпты.
«Біреудің күштеуімен тәніңді саудалап жүрсің бе?» деп сұрағанымызда ол өз еркімен ақшаның жетіспеушілігінен арсыз істі кәсіп еткенін мойындады. Кәмелеттік жасқа толмай жатып осы іске арбалған қыздың сөзінше оның ата-анасы жоқ. «Ата-анам жоқ, туыс-туғандарым мұндай жолға түскенімді білмейді. Күнделікті табысым күнкөруіме жетеді», – деп қысқа қайырған қазақтың қаракөз қызы ары қарай әңгіме өрбітуден үзілді-кесілді бас тартты. Жалпы, жезөкшелердің орташа жасы 25-27-ті құрайды екен. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандарды да кездестіруге болады. Вокзал аумағындағы қыздардың бір сағаттық бағасы 3000 теңгені құрайды және бұл сома толықтай олардың қалталарына түспейді. Себебі, олардың бұл табыстарына жеңгетайлар да ортақтасып, жұлмалай келгенде 2000 теңге жеңіл жүрісті қызға тиесілі болады екен. Олар осы табыстарынан қонақүйдің ақшасын төлейміз деп отыр. Төрт «түнгі көбелекке» «клиент» тасумен әуре болып жүрген жеңгетайдың екеуінің де аяғы ауыр. Олар бес баласы барын алға тартып, бұл істері үшін осылайша ақталуға барынша тырысты. Төрт баланың анасы Айнагүлдің (аты өзгертіліп алынды) «клиент» тасып жүргеніне екі айдан асыпты. Жасы отыздар шамасындағы әйел 4 баланы асырау үшін осындай іске барып отырғанын айтады. «Жалдамалы пәтерде тұрамын. Пәтер ақысына ақша жетпеген кезде амалсыздан жеңіл жүрісті қыздарға адам әкеп беруге шығамын. Өзім ажырасқанмын», – деген Айнагүл әрбір клиенттен қанша пайызы өзіне тиесілі екенін айтпай, жасырып қалды. Себебі, жеңгетайлықпен айналысқаны үшін заңмен жауапкершілік қарастырылған. Заң бойынша жеңгетайлықпен айналысқандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі DSC_2510бойынша жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, ал қайталанған жағдайда жауапкершілік те қатаңдатыла түседі. Сондай-ақ, полицейлер пәтерін жезөкшелерге жалға берген қожайындарды да жауапкершілікке тартады. Бұл үшін заңмен жауапкершілік қарастырылған, десе де бұған қарап жатқан қожайындар жоқ. Өйткені, пәтер қожайындарына жезөкшелерге үйін жалға берген әлдеқайда тиімді болып отыр. Неге десеңі, олар пәтерлерін жыныстық қызмет көрсету мақсатында жалға алатын жеңіл жүрісті қыздарға тәуліктік ақымен жалға береді. Қожайындар көп жағдайда қыздардың қандай мақсатта үйді жалға алатындарын біледі екен. Білсе де, көбісі жасырып бағады. Себебі, қожайын пәтер жыныстық мақсатта жалға алынғанын білмейтін болып шықса, жауапкершіліктен босатылады. Пәтерлерін «түнгі көбелектерге» тапсыратындарға ӘҚБтК 450-бабымен 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда жауапкершілік қатаңдатыла береді. Астана қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері адам саудасына қатысты қылмысты анықтау мақсатында ұйымдасқан шаралар жүргізді. Жыл басынан бері сексуалдық қызмет көрсеткен 149 адам анықталып, есепке қойылды. Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша жеңгетайлықпен айналысқандардың үстінен 24 қылмыстық іс қозғалды. Вокзал аумағында жеңгетайлықтың 6 фактісі тіркелді. Сондай-ақ, ӘҚБтК 450-бабымен 20 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандарға 4 млн. теңге айыппұл салынды. Жыныстық қызмет көрсетумен айналысатын 100 жезөкшенің 26-сы қамауға алынды, қалған 74-не ӘҚБтК-тің 449-бабымен 10АЕК есебінде айыппұл салынды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Жолаушылармен өткен жүздесу

9 маусымда Қостанай стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері «Астана-Орал» бағытындағы жолаушылар пойызында жолаушылармен кездесу …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған