Зайырлы елдің заңы

constsolБиыл – іргелі еліміздің терең тарихын, ынтымағы жарасқан халқымыздың ауызбіршілігін, бейбіт өмір кепілі Ата Заңымыздың қуаттылығын әйгілейтін айтулы даталар жылы. Ең басты мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануымен қатар, сонау 1991 жылы жығылған туымызды қайта көтерген Тәуелсіз еліміздің тірегі –Конституциямыздың 20 жылдығы, сондай-ақ, бірлігіміздің баяны Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы үлкен көлемде атап өтіледі.
Мемлекеттілігіміздің тарихын Қазақ хандығының құрылуымен байланыстырғанымыздай, қазіргі Ата Заңымыз да сол хандық кезеңдегі заңдық құрылымдардың негізінде қалыптасты. Халқымыздың заңды құрметтеуі, адам құқығын жоғары қоюы кезіндегі билердің бітімгерлік салтымен, ымырашылдықпен тығыз байланысты. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» заңымыздың жүйеленуіне елеулі үлесін қосты. Азаттығымыздың айғағы – Ата Заңымыз аз уақыттың ішінде еліміздің еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып кетуіне арқау болды. Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, тыныштығын сақтап тұруы үшін еліміз 1995 жылы халықтың қолдауына ие болып, талқысынан өткен басты құжат Конституцияны қабылдады. Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік қазығына айналған Ата заң – құқықтық мемлекет ұстандары айқындалған, демократиялық идеялар тоғысқан құнды құжат.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қоғам құру жолындағы Конституцияның маңызын «Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеу» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Конституция өз тағдырын өзі шеше алатын, барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет екеніміздің дәлелі екенін айтады. Шекара тұтастығын, адам құқы мен бостандығын сақтауға, қорғай алуға негізделген Негізгі Заңның көтерер жүгі – ауыр, міндеті – аса күрделі. Қандай жағдай болмасын, заңның ыждағаттылықпен орындалуына мән бермеу адам құқыларының бұзылуына, қоғамдағы тепе-теңдіктің айнуына, мемлекет дейтін шаңырағымыздың шайқалуына әкеп соқтыруы мүмкін. Осындай өрескелдікке жол бермеуді, заңның орындалуын, конституциялық құқықтардың сақталуын қадағалайтын бірден-бір орган – прокуратура. Азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қадағалау Астана қалалық прокуратурасының басымды бағыттарының бірі болып қала береді. Атап айтқанда, аталған бағытта қалалық прокуратураның бастамасымен құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің отырысы ұйымдастырылып, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар мәселе талқыланып, отырыс қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ қалалық прокуратурамен қылмыстардың алдын алу және күрделі мәселелері бойынша қаланың криминогенді аймақтарында орналасқан пәтерлер иелігінің кооперативтері өкілдерінің, әкімшілік қызметкерлерінің, учаскелік полицейлердің және тұрғындардың қатысуымен ай сайын жүйелі түрде жиылыстар өткізіліп тұрады. Іщкі істер органдарына азаматтарды жеткізу кезінде, олардың конституциялық құқықтарының сақталуына прокурорлық бақылаудың тиімділігін арттыру және қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында, қала прокурорымен бірнеше арнайы бұйрық пен өкімдер қабылданған болатын. Астана қаласындағы аудандық Ішкі істер басқармаларында азаматтардың заңсыз ұсталуын болдырмау мақсатында кезекші прокурорлар бекітіліп, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын болдырмау себебі бойынша аудан прокурорларының көмекшілері тәулік бойы кезекшіліктерін атқаруда.
Қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтарды заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе заңсыз тұтқынға алу фактілері орын алған жоқ. Тергеу изоляторларындағы тұтқындалған азаматтарға қатысты аудан прокурорларымен жеке қабылдаулар жиі ұйымдастырылып, бүгінгі таңда жаңа тәжірибе енгізілді. Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқының бұзылуы немесе олармен жәбір көру фактілері бойынша аудан прокурорларымен дереу тексерулер жүргізіліп, 3 тәулік ішінде шешімдер қабылданады. Жоғарыда атқарылған жұмыстар нәтижесінде, ағымдағы жылы азаматтарды заңсыз ұстау, қамауға алу фактілері орын алмағанын, соттармен ақтау үкімдері шығарылмағанын, сонымен қатар, жәбір көру фактілері бойынша қылмыстардың тіркелуі едәуір төмендегенін көрсетеді. Астана қалалық прокуратурасымен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында прокурорлық қадағалау күшейтіліп, осы бағыттағы тиімді жұмыстар әрі қарай жалғасын табады.

Руслан АЙТИМОВ,
Астана қаласы прокурорының көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*