Арыста жылы ағыстар бар

Арыс АІІБ кадр жұмысы тобы 1. Шыңғыс Отаров, 2 Алым, 3. Ерлан БидалиевЕлбасы ұсынған «100 нақты қадам» – «2050» Стратегиясын жүзеге асыруға, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, мемлекеттілігімізді нығайтуға, бұл жолда ішкі тәртіпті жақсартып, барлық қауіп-қатерлерден аман өтуге бағыт беретін, яғни, еліміздің жарқын болашағына кең жол ашатын маңызды құжат. Бес институттық реформаның «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бөлімінде полиция органдарына көптеген міндет жүктеді.
Міне, осы міндеттерді орындауда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс аудандық ішкі істер басқармасы көптеген игілікті іс-шара жасап отыр. Бұл ретте Арыс аудандық ІІБ бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Алым Садықов Елбасының сара саясатын жеке құрамға түсіндіруде үнемі ізденіп отырады. Біз барғанда ол жеке құрам алдында кезекті сабағын оқып жатты. Оны күте тұруға тура келді. Кадр жұмысы бөлімі қашанда қарбалас жұмыстармен көріктей қайнап жатады. Бұл жолы да солай. Текке тұрмай, жан-жағымызды шолып отырмыз, міне, бір қабырға толы дипломдар, алғыс хаттар, құрмет грамоталары. Мұның барлығы белгілі деңгейде басқарманың қол жеткізген табыстары үшін берілген. Басқармада 2015 жылдың 6 айында кадр саласы бойынша жеке құрам арасындағы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыруда, оны жедел қызметтік міндеттерді шешуге жұмылдыруда, кадрлармен қамтамасыз ету, кәсіби қызметтік дайындықты шыңдау және оны нығайтуға бағытталған тиісті шаралардың нәтижесінде ұжымда моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда бірқатар жұмыс атқарылған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жеке құрамда талқыланған. Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттар полицейлерге түсіндірілген. Бөлімде тәртіп пен заңдылықты сақтау, білім деңгейін көтеру, мамандарды іріктеу, кәсіптік этика мен мәдениеттілікке, азаматтармен сыпайы және әдепті қарым-қатынас орнатып, этика нормаларын сақтау күн тәртібінен түскен емес. Әр полицей өзіне бақылау жасауды, айналасындағылармен сыпайы қарым-қатынас қалыптастыруға міндетті. Жас полицейлерді тәрбиелеу мақсатында қоғамдық құрылымдармен бірлесе жұмыстар атқарылуда. Арыс аудандық ІІБ-ның жеке құрамымен күнделікті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптарын бұзбау және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша орын алған сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар жөнінде таныстырылып, келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында әрбір бөлімше басшысына қарамағындағы қызметкерлерді қатаң бақылауға алып, қолдарындағы әрбір шешім таппаған іс-құжаттар бойынша күнделікті бақылауды күшейтіп, қадағалау бойынша нұсқамалар беріледі. Әрбір қызметкердің таңертең үйінен шығып, кешкісін аман-есен оралуын бақылау жұмыстары қолға алынған. Арыс аудандық ІІБ-ның кадр саласы бойынша 6 ай көлемінде бөлімнің 7 қызметкерінің шені жоғарлатылған. Одан бөлек облыс көлемінде ІІМ-нің бұйрығымен мерзімінен бұрын «полиция подполковнигі» шені Арыс аудандық ІІБ бастығының орынбасары Нұрлан Мұратовқа берілді. Бөлімде 4 қоғамдық құрылым қызмет атқарады. Қызметкерлердің имиджін көтеру және жұмысқа деген ынталығын көтеру мақсатында жас полицейлердің ата-аналары бөлімге арнайы шақырылып, әрқайсысы Алғыс хатпен марапатталды. Одан бөлек, жас полиция қызметкерлеріне шын ниетпен істеген жұмыстың жемісі бар екеніне сендіру үшін Арыс қаласының әкімдігінде, теміржол мекемесінде, Мәдениет үйінде жиын өтіп және жас қызметкерлердің ата-аналарының жұмыс орындарына арнайы барып, олар Алғыс хатпен марапатталған. Бөлім басшылары мен қоғамдық құрылымдар бірлесе отырып, мерекелік іс-шаралар өткізіп тұрады. ІІМ-нің 2014 жылғы №108 бұйрығымен бекітілген «Жаңақазақстандық патриотизмді қалыптастыру жөніндегі 2014-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» тиянақты орындалып келеді. Жоспарға сәйкес 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған іс-шаралар қызметкерлердің патриоттық рухын көтерді. Осы іс-шаралар үшін арыстықтар облыстық ІІД тарапынан марапатталды. Бұдан бөлек 23 маусым – Қазақстан Республикасының Полиция күні мерекесіне орай мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шара 3 бөлімнен тұрды. 1-бөлім бойынша басқарма полиция ғимараты алдындағы жауынгерлік борышын өтеу барысында қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. Арыс қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен мерекелік құттықтаулар өз жалғасын тапты. Сол жерде Арыс қаласы әкімінің атынан, мәслихат хатшысының атынан және «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары атынан қызметкерлерге марапаттар жасалынды. Концерттік бағдарламадан соң жиналған жеке құрам қызметкерлері мен қонақтарға Арыс қаласында орналасқан «Алтын ана» тойханасында мерекелік дастархан жайылды. Ішкі істер органдарында денешынықтыру, спорт жұмысын жандандыру мақсатында шағын футболдан және волейболдан бөлімше арасында жарыстар ұйымдастырылған. Арыс аудандық ІІБ басшылығының атынан жарыс жеңімпаздарына марапаттаулар мен сыйлықтар табысталған. Тәрбие жұмысының тиімділігін арттыруда, оны жедел қызметтік міндеттерді шешуге жұмылдыруда, кәсіби қызметтік дайындықты шыңдау және оны нығайтуға бағытталған тиісті шараларды іске асыруда мұнда ауқымды істер бар.
Арыс аудандық ІІБ-інде білікті кадрлар көп. Айталық, аға учаскелік инспекторлары, полиция майорлары Жеңісбек Мәжінбеков, Гафур Бейсенов, Асқар Көбелеков, учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Набиалиев, аға тергеуші, полиция майоры Еділ Дәуренов, тергеуші, полиция аға лейтенанты Қазыбек Битөреев, аға жедел уәкіл, полиция капитаны Нұржан Мырзабеков, көші-қон полициясы тобының аға инспекторы, полиция майоры Нұржан Айтходжаев, осы топ инспекторы, полиция капитаны Темірғали Пашаев, Уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция капитаны Бақтияр Отарбеков, жол-патрульдік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Мақсат Дандаев, Бекзат Мамақов, жол-полиция тобының аға инспекторы, полиция капитаны Ержан Әлімбеков өз кәсіптеріне адалдығын қашанда танытып жүр.
Биылғы 6 айда 254 қылмыс тіркелсе, соның 172-сі сотқа жолданыпты. Ауыр және аса ауыр қылмыстың ашылуы 11,1 пайызға жоғарылапты. Есептік мерзімде есірткі бизнесіне қарсы күресте біршама көрсеткішке қол жеткізілген. Есірткінің заңсыз айналымына қатысты 9 (2014 жылы – 5) қылмыс анықталған. 6 айда Арыс аудандық ІІБ түрлі бағытта айыптыларға 15 363 473 теңге айыппұл салса, соның 10 495 769 теңгесі (68 пайыз) өндірілген. Былтыр 13 миллион теңгеге қалада 9 бейнекамера, биыл 8 миллион теңгеге 6 бейнекамера орнатылған. Кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторлары, полиция капитандары Шыңғыс Омаров пен Ерлан Бидалиев елгезектігімен сүйсіндіреді. Сұраған барлық құжаттарды лезде алдымызға жайып салды. Арыс АІІБ бастығы, полиция полковнигі Бекежан Кадырбаев та олар туралы жылы-жылы пікірлер айтты.
Иә, Арыста бір жылы ағыс бар. Сол ағыс мөлдір де тұнық болып, алыстарға барады деп сенейік.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*