«Жігер» тәрбиеленушілерінің таңдауы

IMG_0952Өскелең ұрпақты тәрбиелеу қазіргі таңда көп еңбек пен сан қырлылықты талап етеді. Әсіресе, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге көп көңіл бөлінуі керек. Оның ішінде, Отанымыздың мықты да іскер болашақ қорғаушыларын дайындауда ауқымды жұмыстар атқарылғаны абзал.
Батыс Қазақстан облысында екі жылдан бері ер балаларға арналған «Жігер» әскери-патриоттық демалыс лагері жұмыс істеп келеді. Бұл лагерьде тәрбиеленушілер алғашқы әскери дайындық дағдыларын меңгереді. Демалыс лагерінің оқыту бағдарламасына сәйкес, өмір қауіпсіздігі жөнінде сабақтар ұдайы өткізіліп тұрады. Балаларды судағы қауіпсіздік ережелерімен таныстыру үшін лагерь әкімшілігі арнайы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құтқарушыларын шақыртып тұрады. Бұл жолы да ТЖД мамандары балаларды судағы қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, суға батушыны шығарып алу, оны тасымалдау және сүйемелдеу тәсілдерін көрсетіп, жан-жақты түсіндірді. Кейбір тәрбиеленушілер судағы қауіпсіздік ережелерін білгеніменен, іс жүзінде құтқару тәсілдерін білмейтіндіктерін айтты. Сонымен қатар, сабақ кезінде құтқарушылар тек судағы қауіпсіздікті айтып қоймай, басқа да апаттық-құтқару жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Балалардың көбі құтқару қызметіне қызығушылықпен қарап, бұл мамандықтың сан қырын – альпинистік, саяхаттық жорықтар, қиын жағдайларға төтеп беру, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тұрақты психологиялық дағдыларын дамытқылары келетіндерін айтты. Балалар құтқарушыларға сабақта естіп-білген, үйренген дағдылары үшін шын көңілден алғыстарын білдіріп, көпшілігі болашақта құтқарушы атанғылары келетінін айтты.

Динара АҚМҰҚАНОВА, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*