Білім саласындағы жемқорлық сөз болды

Когамдык кенес партияТаяуда «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы ғимаратында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын жүзеге асыру аясындағы «Білім беру мекемелерінде және жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы» мәселе талқыланды.
Кеңес жұмысын «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасы Сапар Ахметов бастап берді. Ол өз сөзінде білім саласына кері әсерін тигізіп жатқан жемқорлықтың зардабы мен оның жастардың адамдық болмысының қалыптасуына тигізіп отырған кері әсерін айтты. «Еліміздің түкпір-түкпірінен Астанаға білім алуға келіп жатқан жастар өте көп. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресте барлық оқу орындарын тарту қажет. Сонымен қатар, жастарға жемқорлықтың зиянын да түсіндіру керек. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша білім саласындағы жемқорлық ісі 2014 жылы 271, 2015 жылдың бірінші тоқсанында 64 рет тіркелген. 2014 жылы жемқорлыққа қатысы бар әрбір алтыншы қылмыс білім саласында орын алған», – деді Сапар Қайратұлы. Отырыс барысында жастар арасындағы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың өзекті мәселелері айтылып, білім беру органдарында жемқорлықтың алдын алу жолдары қарастырылды. Балабақшалардағы кадр жетіспеушілігі мен жемқорлыққа әкелер өзге де жолдар талқыланды. Сондай-ақ, кеңес барысында оқу орындарындағы жемқорлық деңгейін анықтап, оқып жатқан жастардың оған деген көзқарасын анықтайтын әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері жария етілді. Кеңесте Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, Білім басқармасы, қалалық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері баяндама жасады.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*