Ер Баукеңнің ерлігі

Бауыржан Момышулы (1)(Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және Бауыржан Момышұлының туғанына 105 жас толуына арналады)
Соғыс жылдарында Баукеңнің атағы тек қазақстандықтарға ғана емес, майданда жүрген қатардағы солдаттан бастап генералдарға, алыс-жақын шет мемлекеттерге дейін жеткені, оның батальон командирінен бастап дивизияны басқарған уақыттарында көрсеткен ерліктері ел аузында аңыз ретінде айтылып жүр. Бірақ, мұның барлығы – ақиқат.
Әзілхан Нұршайықов ағамыз «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогында Баукеңмен соғыста сырттай қалай танысқандығы жөнінде әдемі суреттеп береді. Сонау 1943 жылдың жазында 100-дербес атқыштар бригадасының құрамында жүрген Әзілхан ағамыздың қолына «Знамя» журналының 5-нөмірі тиеді. Онда Александр Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» атты повесі жарияланған болатын. Әзекең бұл повесті күндіз тоқтай қалғанда күннің жарығымен, түнде қонған жерде айдың жарығымен оқып жүргенде сол журналдың 6-нөмірі келеді. Повесті оқимын деп түнде зеңбіректің аккумуляторының жарығын тауысып алады. Мұны ертеңгісінде білген взвод командирі лейтенант Полянцев үш тәулікке гауптвахтыға қаматуға шешім қабылдайды. Жолда солдаттар Әзекеңді айдап келе жатқанда дивизион командирі майор Сахонь кездесіп, не үшін тұтқындалғанын сұрайды. Түнде кітап оқимын деп зеңбіректің жарығын тауысып алғанын айтады. Майор Сахонь бұл кінәні алып тастайды, өйткені зеңбіректің жарығын тауысқанымен панфиловшылардың ерлігін, соның ішінде Бауыржан Момышұлының батальоны бес рет қоршауда қалып, одан шыққан ерліктері жөнінде жауынгерлерге әңгімелеп, жүректеріне от жаққанымен байланысты болады…
Баукеңнің Мәскеу үшін шайқастарда көрсеткен ерліктері ұшан-теңіз, бірақ бірнеше себептермен оның ерліктері ескерусіз қалады. Атап айтсақ: Б.Момышұлы 1941 жылы 26 қазанда батальон командирі кезінде оң жақ қапталда болған табан тірескен ұрыстардан кейін қоршаудан шығып, Волоколамск қаласына 690 адамды, 18 артиллерия жегінін, 30 пәуескені аман-есен алып келеді. Сөйтіп, 35 шақырымға созылған аралық қапталда ұйымдасқан түрде ұрыс жүргізе отырып, жау қоршауын бұзып өтіп, дивизияға келіп қосылады. Содан 1941 жылы 16-20 қараша айының аралығында Момышұлының батальоны Волоколамск тасжолының бойындағы Горюны деревнясы ауданында, Матренино теміржол стансасында тағы да жау әскерінің қоршауында қалып, қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Дұшпанның Мәскеуге шабуыл жасап бара жатқан басты күшін қақ ортасынан бөліп тастайды. Осы жағдайды пайдаланған дивизияның бөлімдері келесі бекініске барып бекінеді. Момышұлы батальонының бұл қимылы тағы да дивизияның негізгі күшін шабуылдап келе жатқан жаудың соққысынан аман сақтап қалды. Осы ұрыстарда батальон 600-дей гитлершілерді жер жастандырды, 6 танкіні құртады. Тағы бір ерен ерлігі, он үйі бар Лопастино деген деревняда 1941 жылы 25 қарашада Баукең бір ПТО, екі миномет, екі станокты пулеметпен қаруланған жарты взвод жауынгерлерді бастап, жау тұрағына түнде шабуыл жасап, 200 неміс солдатын жояды.
Баукеңнің соғыс жылдарындағы қызмет бабы мен әскери атағы мынадай болады:
1) 1941 жылдың шілде айында атқыштар батальонының командирі, аға лейтенант. 2) 26.11.1941 ж. 1073-атқыштар полкының командирі, аға лейтенант. 3) 10.12.1941 ж. 1075 атқыштар полкі командирінің орынбасары, аға лейтенант. 4) 23.02.1942 ж. 1073-атқыштар полкінің командирі, капитан. 5) 1943 жылдың желтоқсаны мен 1944 жылдың наурыз айлары аралығында демалыста, полковник. 6) 1944 жылдың мамыр мен қазан айлары аралығында К.Е.Ворошилов атындағы Жоғары Әскери Академиясының жанындағы білім жетілдіру курсының тыңдаушысы, полковник. 7) 21.01.1945 ж. 9-шы гвардиялық дивизия командирінің орынбасары, полковник. 8) 28.03.1945 ж. 9-шы гвардиялық дивизия командирі, полковник. Әскери атақтары жөнінде Батыс майданы әскерлеріне арналған №0413 бұйрық бойынша 1941 жылы 19 желтоқсанда капитан, Калинин майданы әскерлеріне арналған №0143 бұйрық бойынша 1942 жылы 10-шы мамырда майор, ал Қорғаныс Халық Комиссариатының №06190 бұйрығы бойынша 1942 жылдың 2-ші қазанында подполковник. А.Бек пен Ә.Нұршайықовтың «Арпалыс» және «Ақиқат пен аңыз» батыр атамызды да, өздерінде де жұртшылыққа кеңінен таратқан шығармалары болғаны баршамызға аян. Олай болса бұл екі шығарманың жазылуына Б.Момышұлының сіңірген еңбегі аз емес. Екі автор да кейіпкердің баяндауынан аса көп ауытқыған жоқ. Қайта оқырман көңілінен шығатындай үлкен туындыға айналдырды. А.Бектің «Арпалыс» романын деректі шығармалардың қатарына жатқызсақ, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы қазақ прозасында бұрын-соңды болмаған жаңа үлгідегі шығарма еді. Басынан аяғына дейін журналистік стильмен сұрақ-жауап, яғни интервью сипатында жазылды. «Москва үшін шайқас» романына қайта оралатын болсақ, Б.Момышұлы өзінің басынан өткізген сұрапыл күндердегі шытырман оқиғаларды жүйелі түрде жеке-жеке тақырыптарға бөліп, рет-ретімен шығарманың композициясын құрған. Мәскеу түбіндегі ұлы қырғындағы оқиғалар арқылы кейіпкердің 1941-1945 жылдар аралығындағы өсу жолын анық көреміз. Отызға әлі толмаған аға лейтенант аз уақыттың ішінде өзі басқарған батальонды дивизияға, кейіннен армия құрамындағы үлгілі батальон етіп шығарды. Жай ғана үлгілі батальон емес, батырлар батальонына айналдырды. Соғыста жалғыз Момышұлы батальон басқарған жоқ, батальон басқарғандар армия құрамында көптеп кездеседі. Бірақ оның барлығы аға лейтенант емес, азы капитан, біразы майор. Кейбір деректерге сүйенсек, қоршауда қалған кеңес құрамаларының көпшілігі із-түссіз жойылып кетіп отырған. Олардың арасында батальон, полк, дивизия түгелдей жойылып кеткен кездері болған. Осы тұрғыдан келгенде Б.Момышұлы әскери мыңбасы ретінде басқарудың өзіндік үлгісін көрсеткен адам. Олай болса, бес рет қоршау бұзып, айтып жеткізе алмас ерліктер жасаған Б.Момышұлының ерліктері неге ескерілмей қалды деген заңды сұрақ туындайды. Бәсе, неге ескерілмеді екен? Оның ол кездегі ешкімге ұқсамайтын фамилиясы ма, жоқ әлде шындықты шімірікпестен бетке айтатын қайтпас қайсар мінезі ме? Меніңше екеуі де секілді. Ә.Нұршайықовтың: Сізге неге батыр атағы мен генерал атағын бермеді деген сауалына ол: «бұған менің де қосқан үлесім аз емес» – деп өзінің мінезі мен фамилиясын меңзеген.
Алайда, 1941 жылы қараша айында Панфилов өз қолымен Бауыржан Момышұлын сол кездегі жоғары награда Ленин орденіне ұсынған екен. Арада біраз уақыт салып, тағы да Панфилов Момышұлының ерліктеріне тәнті болып, оны Совет Одағының Батыры атағына ұсынады. Ол кезде Б.Момышұлы бұл марапаттардың бір де біреуін алған жоқ. Неге бұлай болғаны осы күнге дейін белгісіз күйде қалып отыр. Соғыстың қайнап тұрған кезінде дивизия командирі, генерал Панфиловтың ұсынысы неге аяқсыз қалды деген ой кімді болса мазалауы сөзсіз. Осы жерде тағы бір мәселеге көңіл бөлейік. Б.Момышұлы аға лейтенант кезінде полкті басқарғаны көпшілікке мәлім. Бұл туралы армия қолбасшысының өзі тағайындау туралы бұйрыққа қол қойып тұрған кезде: «Момышұлы жолдас, басқа армияны білмеймін, ал мен басқарып отырған армияда сізден басқа полк басқарып отырған аға лейтенант жоқ», – деді. Осы сөздің астарында көп мән жатыр. Біріншіден, соғыстың қайнап тұрған кезінде, құрамында он шақты мың адамы бар полк басқару түгіл, құрамында отыз адамы бар взвод басқарудың өзі қиын екенін айтқан орынды болар. Екіншіден, бұл мәселеге жүйелі түрде келетін болсақ, ол кезде де, қазір де, әскери устав бойынша аға лейтенанттар взвод, әрі кетсе рота басқарады. Ал, Б.Момышұлы бірден батальонды қабылдап, бір жылға толар-толмас уақытта сол әскери шенімен полк басқарды. Шындығына келсек, әскердің уставы бойынша полкті подполковник немесе полковник шеніндегі әскери адамдар басқаруға тиіс-ті. Әлбетте, 1073-ші полкті басқаратын жоғарғы шенді офицерлер табылмай қалған жоқ шығар. Жоғарғы әскери басшылар Б.Момышұлының біліміне, қабілетіне қарап көптің ішінен таңдап алып, тағайындағаны сөзсіз. Ол кезде Б.Момышұлының әскери жоғары білімді соғыс аяқталғаннан кейін, әскери академияны бітіргеннен соң алды. Осындай ерен ерлігімен аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы бабамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі, әсіресе, Мәскеу түбіндегі ерлігі ғасырдан-ғасырға жалғасын табатын құбылыс. «Отан үшін отқа түс – күймейсің», – деген ұраны барлық қазақ халқын туған жерін сүюге, Отанын жаудан қасық қаны қалғанша қорғауға шақырады. Қаһарман Бауыржан Момышұлының ерлігі кешегі елін, жерін, тілін қорғаған ата-бабаларымыздың ғасырда бір-ақ рет қайталанатын ерлігінің жалғасы. «Адам кеудесінде жаны барда Отаны үшін күресуі тиіс» – деген Әлішер Науаидың сөзін Баукең қалай орындаған десеңші…
Сөз соңында айта кететініміз, Елбасымыз Н.Назарбаевтың араласуымен, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына КСРО Президенті М.Горбачевтың Жарлығына сәйкес, Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Манап УАЛИЕВ,
ІІМ Б.Бейсенов атындағы
Қарағанды Академиясындағы
жалпы білім беретін пәндер кафедрасының аға оқытушысы,
полиция майоры

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*