Балалар құқығын қорғау күн тәртібіндегі мәселе

Балалардын кукыгын коргауСолтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлда қала әкімдігі жанында кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Петропавл қалалық ІІБ қызметкерлері Петропавл қаласының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысына қатысты. Комиссия жұмысы қала әкімінің орынбасары Елена Баллоның төрағалық етуімен өткізілді. Жиынға сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, облыс орталығындағы мектеп директорлары қатысты. Жасөспірімдер арасында суицидалды мінез-құлықты ескерту шаралары, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын жыныстық қылмыстардың алдын алудағы мүдделі органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылы – бүгінгі күн тәртібіндегі тақырып. Петропавлда оқушылар саны 20 300-ден асып жығылады. Олардың 1 380-і аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен басқа да әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар. Ювеналдық полицейлер атап кеткендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 34 мектеп пен 9 мектепке дейінгі мекемелерде бейнебақылау камералары орнатылған. Одан басқа, 19 балабақшаға камера орнату қажеттілігі туындап отыр.
Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары Асан Смағұловтың айтуынша, мектептердегі бейнекамералар алдын алу тетігі болып табылады. Одан бөлек, бейнетіркеу тәрбиеге септігін тигізеді, әрі құқық бұзушылықтарды тіркейді. Балаларын тәрбиелеу мен қамтамасыз етуде ата-аналық міндетін орындамай жүргендерді анықтау мақсатында ІІБ қызметкерлері білім мекемелерімен, қоғамдық бірлестіктермен және прокуратурамен бірлесіп, апта сайын жағдайы төмен отбасыларға рейдтік шаралар жүргізеді. Дегенмен де, ювеналдық полиция инспекторларының айтуынша, аталған жұмысты барлық мүдделі ведомстволардың қатысуымен бірлесіп жандандыру қажет. Тек өзара тығыз қарым-қатынас ата-аналардың өз балаларының тәрбиесімен айналыспаған жағдайда кәмелетке толмағандар қауіпсіздігі үшін шаралар қабылдау кезінде ақпаратпен жедел алмасуға мүмкіндік береді. Отырысқа қатысушылар жасөспірімдер арасындағы суицидалды мінез-құлықтың қалыптасуын ескерту, олардың ортасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу – осыған өкілетті мемлекеттік органдардың басым міндеттерінің бірі болып табылады деп нық сенім білдірді. Полицейлерге кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге жауапкершілікті арттыру бойынша жалпыға бірдей құқықтық білім беру шеңберінде есепте тұрған отбасыларға ерекше назар аударып, ата-аналармен жұмысты күшейту, «тәуекел тобындағы» балаларды, тұрмысы төмен отбасыларды анықтау бойынша жұмыс тиімділігін арттыру, жыл ішінде осы бағытта жүйелі және нәтижелі жұмыстарға қол жеткізу тапсырылды.

Юрий КЛЫКОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*