Тыңдаушы

учебный центрАйдос бүгін әдеттегіден ерекше көңілді. Себебі, мұнда келгеніне де біраз болды, достар тапты, күн тәртібіне де үйренді. Бүгін – «Полиция күні». Ауылдан ата-анасы қоңырау шалып құттықтағанда, өзін құдды бір кәнігі полицейдей сезінді. Мерекеге орай тыңдаушылардың ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара болмақ. Бұл сонда өзінің жүрегіне жақын әнді халық алдында орындамақ. «Халық қалай қабылдар екен?..» Әйтеуір дайындықта, апайы мақтап қойды. Бұл соған мәз.
Алғаш рет Оңтүстікке оқуға келгенде қобалжығаны бар. Ол аз болғандай анасы да түнімен ұйықтамай заттарын дайындап, тамақ әзірлеп әлекке түсті. Арасында Оңтүстікті жамандап қояды (теледидардан естігендері ғой). Түн ортасында вокзалға келді. Анасы қалмай бірге еріп келді. Пойыз жүріп кеткенше қайта беріңіз деген сөзіне құлақ аспай қасында отырды. Ақыл-кеңестерін үйіп-төгіп жатыр. Әскерде де болды ғой. Неге сонша уайым қылады екен. Айдос іштей анасына өкпелеп қояды. Бірақ ананың аты ана емес пе? Пойыздан түскен кезде бетінен Оңтүстіктің жылы желі сипап өтті. Жүктерін алып өзі оқуға келген Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығына тартты. Ғимараттың алдында айбаттанып тас мүсін тұр. Атақты қаһарман Б.Момышұлының мүсіні екен. Ұйқысын шала ашып, аяғын ілбіп басып келе жатқан ол қолбасшының алдында жинала қойды. Қолы да шекесіне барып қалыпты. Өзіне-өзі күліп жан-жағына анықтап қараса, өзі секілді жастар жан-жақтан ағылып келіп жатыр екен. Әне бір еңгезердей бұжыр бет бір бала бұған қарай келе жатыр. Қапелімде не істерін білмей көзі бақырайып тұрған оған менсінбегендей қарап, «Қайдан келдің?» деді. Бұл сасқалақтап: «А-а-а, Қарағандыдан!». «Жақсы мен Қостанайданмын». Бұжыр бетпен танысуы осымен бітті. Бұларды орталықтың қызметкерлері бастап жатақханаға алып келді. Келді. Тап-таза, жарық ғимараттың ішінен бір жылылық сезгендей болды. «Тездетіңдер, тез тамаққа барамыз!» Сержант шеніндегі жас жігіт бұларға келіп қысқаша жатақхана тәртібін түсіндіріп өтті де асханаға қарай бастады. Жолдан жол соқты болып, әрі қарны ашып келгенде бұл өте дұрыс болды. Осылайша сабақ басталды да кетті. Күнделікті кәсіби сабақтар: дене дайындығы, атыс даярлығы, заңдар, жарғылар, темірдей тәртіп т.б. Күннен күнге сабақтар қызықтыра бастады. Бір күні криминалистика сабағына барды. Майор шеніндегі оқытушы қойма секілді бір қуысқа алып келді. Келсе жерде сұлайып бір адам жатыр. Үсті-басы қан. Жүрегі тас төбесіне шықты. Не қашарын, не қаларын білмей алақтап жан-жағына қарады. Масқара-ай! Қыздар да тұр. Олар тіпті бейқам. Ана бір сары қыз бұған қарап күліп қояды ма. Өзін тез жинап ала қойды. Енді, жігіт емес пе? Анықтап әлгі мәйітке көз салғанда оның жай ғана қуыршақ екенін байқады. Іштей күліп жіберді. Ұят-ай!… Келген күннің ертеңіне-ақ анасы қоңырау шалды: «Қалайсың балам, күн-райы қалай? Жаурамадың ба? Қарының тоқ па? Шымкентте әлгі Жанайдар ағаңның жиендері тұрады ғой. Соларға ескерттім, барып хабар алады…». Анасы тоқтар емес. Сұрақты қарша боратып жатыр. Бұл тек: «Апа, уайымдамаңыз, барлығы жақсы, мұндағылар өз баласындай қамқор болып жатыр», деген сөзді айтып үлгерді. Апасының ескертпелерін тыңдап болып тұтқаны қойды. Апасының айтқаны рас екен. Келгеніне бір апта өткен соң кешкі астан шығып, жатақханаға қарай беттеп келе жатса: «Тыңдаушы Рысбеков, саған келіп тұр», – деді кезекші. Таң қалған күйі есікке беттеді. Мәссаған! Анасының айтқаны рас екен. Есік алдында осы қалада тұратын жиен әпкесі келіп тұр. Айдос әйтеуір амандасқанын біледі. Бұл кісі де апасы құсап тоқтамай жағдай сұрап жатыр. Бұл тек тыңдап тұр. Барлығы бұған қарап тұрғандай жан-жағына алақтап қараумен болды. «Рахмет, бәрі жақсы. Бекерге әуре болғансыз. Мен енді барайын. Өзіңіз білесіз. Мұнда әскери тәртіп….» деп әрең сытылып шықты. Бірақ кетерінде әпкесі азық-түлік толы қалтаны ұстатып кетті. Қалтаны есік алдына тастап кетерін, не ішке алып кірерін білмей есік алдында біраз тұрды. Бір кезде көзсізге көрінетін нән сөмкені өзінше «көлегейлеп» ішке енді. Өзі «қашқалы тұрған киікті» кезекші ағай тоқтатып: «Андағың не, көрсет» деп зірк ете қалды. Селт еткен ол сасқанынан қолындағысын ұстата салды. Кезекші лейтенант та асығар емес. Біртіндеп барлығын үстел үстіне жайып салды. Кезекшілікте тұрған өзге тыңдаушылар мойындарын созып қарап қояды. Өзі әрең тұрған оның құлағына дейін қызарып кетті. Лейтенант мұнысын байқады ма жұмсарып: «Мұнда тамақ жетеді, бірақ ауылдан келген дәм екен, апара бер. Ал мынадай ет тағамдарын алып кіруге болмайды», – деп қолына сөмкені ұстатты.
Жатақханаға келе жатыр. Әшейінде екі аттасаң жететін жатақхана бүгін алыстап кеткен бе, немене?! Жеттім-ау деп есіктен кіргені сол баяғы бұжыр бет алдынан шықты. Қолындағы сөмкеге қарап:
– Оу, мамасының кішкентайы, қайдан келесің?
Онсыз да су тер боп әрең жеткен ол қызарақтап кетті. Мұны байқаған бұжыр бет иығынан бір қағып:
– Жарайды, несіне қысыласың? Кәне көрейінші, не бар екен? Айдос сөмкені ұстата салды.
– О-о-о, мынаумен той жасап жіберуге болады ғой. Мынаны қараңдар! Шындығында да сөмкеде не жоқ дейсіз, құрт, ірімшік, жемістер мен сусындар дейсіз бе, әйтеуір бәрі бар екен. Бұжыр беттің дауысын естіген басқа да тыңдаушылар әп-сәтте жиналып қалды. Бөлмеге барды да үстел үстіне сөмкедегінің барлығын жайып жіберді. Тағамдар әп-сәтте ауыздарға кетіп, үстел үсті босап қалды. «Күлшелі бала сүйкімді» деген емес пе, бір күнде сүйкімді бала болып шыға келді. Тамақтанып болған соң барлығы жайланып отырып әңгіме-дүкен құрды. Домбырасын көтеріп бір қара бала келді. Домбыраны сағынып қалған екен, бұл барлығына ән салып берді. Қара бала әніне қол соғып:
– Сен жақсы ән айтады екенсің. Кеше мұндағы аға лейтенант «Араларыңда өнерлі жігіттер болса маған айт», – деп еді. Сен сонда барсайшы. Жақында бір концерт болады екен. Соған өнерлі учебный центр Б момышулыжігіттерді іздеп жатқан сияқты. Әрине барады. Сахна мұның өмірінің бөлшегі емес пе! Әскерде жүргенде де үнемі іс-шаралардың басы-қасында жүретін… Сол кездегі айтылған Полиция күніне арналған іс-шара бүгін өтпекші. Іштей толқып, қобалжып жүр. Ойын полковниктің «Сапқа тұр!» деген сөзі бөліп жіберді. Есін тез жиып алаңға қарай жүгірді. Әдеттегідей сапқа тұрып еліміздің Әнұранын орындады. Одан соң алаң айналып жүгірді де жатақханаға қайта келіп жуынып-шайынды. Таңғы салқын ауада салқын сумен жуынып, сергіп сала берді. Саппен әндете жүріп асханаға беттеді. Міне, сағат 08.40. болды. Қазір сабақ басталады. Асығу керек. Күнделікті сабақтар, түскі ас, «Ух!» уақыт болды-ау. Қазір бір сағаттан соң нешеме күннен бергі дайындалған концерт те басталады. Іс-шара басталды. Жүргізушілер сөйлеп, оқу орталығының бастығы құттықтау сөз сөйледі. Одан соң оқу ісі жөніндегі орынбасары, қонақтар, марапаттаулар…. Әне, ана бір жігіт сынған шыны үстіне жатып өнер көрсетіп жатыр, одан соң би… Жүргізуші хабарлап жатыр:
– Олег Газманов «Офицеры». Орындайтын Жанкушиков Айдос.
Аяқтары дірілдеп өзіне бағынар емес. Сахнаға әрең жетті.
Офицеры, офицеры,
Ваши жизни под прицелом ….
Бітті! Ду қол шапалақ. Бетін тер жуып кеткен, сахна сыртына шықты. Апайы риза болып қолын алды. Жаман болмаған сияқты.
Концерт жалғасып жатыр. Бұл айналасына енді анықтап қарай бастады. Әне қыздар билеп жатыр. Сығалап көрерменге қарап қояды. Барлығы ерекше ықыласпен сахнаға қарап отыр. Міне, оқу орталығы үшін арнайы жазылған «Полиция әнұраны» атты авторлық әнімен сахнаға полиция подполковнигі А.Маймақов шықты. Яғни іс-шара аяқталды деген сөз. Барлығы шығып әнді бірге орындады. (Орталыққа келген күннен осы ән мен «Бауыржан маршы» бұлардың бойтұмарына айналған).
Елімді сақшы сақтасын,
Абыройын адал ақтасын.
Ұлы елдің батыр ұлдарын,
Қадірлеп халқы мақтасын…
Бітті. Барлығы суретке түсіп мәре-сәре. Бүгін мереке болған соң ба ұстаздары да көңілді секілді. Бұған қарап жымиып қояды. Тіпті алдына барсаң түнеріп, қатулы көрінетін майор мырза мұның қасына келіп: «Әй, Әнші балапан, жақсы ән айтады екенсің…» деп қолын қысты. «Балапан» болса да мәз болды. Күн өткен сайын бойын қимас сезім билеп барады. Бірге жүрген достары, қатулы офицерлер, шырайлы Шымқала. Әсіресе, әне бір көзі мөлдіреген сұлу қыз ше? Әлі танысып та үлгермеді. Біраз күнде бұл орталықпен қош айтысады. Нені күтіп жүр, өзі де білмейді. Бойына бар батылдығын жинап алды да Айдос сұлу қызға қарай аяңдады.

А.ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,ІІМ Б.Момышұлы атындағы Оқу орталығы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*