ӨЖЕТ ТЕ ӨТКІР АЛТЫНАЙ

Алтынай С ОлжабайБайқасаңыз, ерлер арқалар ауыр жүкті көбіне жаратылысы нәзік әйел қауымы теңдей көтерісіп жүреді. Етіміз өліп кетті ме, әлде көзіміз үйреніп кетті ме, нәзік жандылардың бұл ерек тірліктерін әншейінде елей де қоймаймыз. Егер ол белгілі бір қызметте болса, барлық ауыртпалығын біле, сезе тұра сол жұмыс оның пешенесіне жазылып қойғандай селт етпейміз. Әрине, осы қиын да жауапкершілігі мол қызметке – тергеу саласы да кіреді.

Ал, осы қызметте әйел баласы отырса ше? Сөз жоқ, небір қаныпезер қарақшыларды, баукеспе ұрыларды, өмірінің өзі түнекке айналған тентектерді де тізе бүктіру мен деген ер-азаматтардың да қолынан келе бермейді. Себебі, қаны қарайған адам оңайлықпен иліге де қоймайды. Осы ретте еменнің өзін иіп, темірдің өзін балқытып шындығын айтқызып жүрген тергеу саласында жүрген қыз-келіншектерге алғыстан басқа не айтарсыз. Сондай өз ісінің білгірі атанғандардың бірі – ОҚО ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Алтынай Жолымбекова.
Ол тергеуші орындығына отырған күні-ақ қандықол қарақшыдан жауап алу тапсырмасын мойынына арқалады. Күдікті бұрын да қылмыс жасап, іздеуде жүрген кәнігі қарақшылардың бірі екен. Бұрын сотты болған. Демек, заңыңды жаңғақша шағады. Өз құқығын қорғау үшін түрлі қитұрқыға барады. Сұрап отырса бұл пақырыңыз бөтелкелес досын ерегісіп қалып, пышақтап өлтірген. Әлгі жәбірленушінің бес бала-шағасы жетім қалды. Осы істі сотқа өткізгенде Алтынай ауыр күрсінді. Алдында әлі талай ауыртпалық барын сезінді. Енді жүрек қалауымен осы қызметке келіп қалған соң кері шегінуге жол жоқ еді.
…«Рабат» қонақ үйіне түскен Бейсен мен Гүлнәр (аты-жөндері өзгертілді) арақ пен сыраны судай сіміріп, махаббаттың бал-шырынына белшесінен батты. Олар махаббат отына осылай өртеніп жата берер ме еді, кенет Гүлнәрдың қалта телефоны шырылдап қоя бермегенде. Арғы жақтағы еркектің дауысы еді. Оны Бейсен естіп те, сезіп те жатты. Бірақ, оны Гүлнәр елең қылмады.
– Қалада бір шаруалармен жүрмін. Кетіп қалма. Мен қазір саған барамын, – деді келіншек қоңырау соққан азаматқа.
– Сен қайда бармақсың? Ақшаңды төлеп қойғанмын. Менімен қаласың, – деп ашуланады Бейсен.
– Жоқ, – деп қасарысты Гүлнәр, – мені басқа да еркектер күтіп отыр.
Осы сөз Бейсеннің қытығына тиіп кеткені соншалық, ол өзін-өзі ұстай алмады. Есік жаққа беттей берген Гүлнәрді жұдырығымен бір ұрып сұлатып тастады. Есін жиып басын көтере бергенде иектен және тепті. Ес-түссіз құлап түскен келіншектің әмиянынан 6 500 теңгесі мен қалта телефонын, сондай-ақ алдын ала кездескенде өзі сыйлаған аю ойыншықты алып, одан әрі не істеу керек екенін ойланып отырды. Кенет орнынан ыршып тұрды да босаған бөтелкені үстелге ұрып сындырып, үшкірленген жерімен құлап жатқан келіншектің көкірегіне, бетіне жарақат салды. Мұнымен де шектелмей, полиэтилен пакетін басына кигізіп, тұншықтыра бастады. Келіншектің тынысы тарылып, көздері аларып бара жатты. Мұнан соң ол мәйітті кереуетке жатқызып, үстін ақ жамылғымен жапты. Көрпе, жастық, көрпетыс, басқа да тұтанатын заттарды мәйіттің үстіне тау қылып үйді. Сосын үйіндіге от қойды да, зып беріп сыртқа шықты. Өндірісіне осы іс тигенде Алтынай қатты жиіркенді. Өлген адам жауап бермейді. Бейсенмен көп жұмыс істеуіне тура келді. Соңында қылмыскер шешілді. Күдіктіні ҚР Қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлімінің «г», «д» және 96-бабының «в», «д», «к» тармақтарымен айыптап, қаулы көшірмесін облыстық прокуратураға жолдады. Сәрсен (аты-жөні өзгертілді) деген алаяқ өзін Кентау қалалық мәслихатының депутатымын деп таныстырып, бірнеше адамның сеніміне кірген. Оның құдіреті сондай, кез келген тендерді жеңіп бере алатын болған. Алғашқыда «спорт мектебіндегі жүзу бассейніне 211 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек» деп алдап, үміткерден 10 миллион теңге алған. Ол тағы бір аңқауды былай деп сазға отырғызады. Кентау қаласындағы мәдениет үйіне 320 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізу үшін тендер жарияланған-мыс. Осы тендерді жеңіп беремін деп талапкерден 10 миллион теңге алдап алады. Шымкент қаласындағы мемлекеттік институт ректорының әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары Жайлаубек деген азамат студенттер жатақханасы құрылысына жарияланған тендердің иесі болып көрініп, қатысуға ниет еткен құрылысшының 7,5 миллион теңгесін үптеп кетеді. Ол мұнымен де тоқтамай, туған қарындасы арқылы екінші адамға «сатып», оның да 2 миллион теңгесін қалтасына басады. Мына қызыққа қараңыз, Жайлаубек Бейсеннің туған ағасы болып шықты. Екеулеп Кентау қаласындағы жүзу бассейнін, мәдениет үйін, Шымкенттегі студенттер жатақханасының тендерін сырттай саудалаған. Арсыздармен жұмыс істеу Алтынайға оңайға соққан жоқ. Көптеген құжаттарды ақтарды. Көптеген адамдарды беттестірді. Қолында «алдым», «бердім» деген қолхат жоқ, оларды мойындату да оңай болмады. Соңында Алтынай Маханбетқұлқызы алаяқтарды бұлтартпас дәлелдермен қылмыстарын мойындатты, алдап алған қаржыны иелеріне қайтаруға мәжбүрлеп талап етті. «Заман азып барады, адам тозып» деп ақын жырлағандай, бүгінде пенделерден иман кеткен кезең. Өз мүддесі үшін кез келген адал жанның жүйкесін жұлмалай салу, алдап-арбап қолындағы асылын алып кету түк болмай қалды. Арман, Мейрам атты екі жігіт пен Света есімді келіншек үшеуі бірігіп, алаяқтық топ құрып, тұмарлы тасбақа мүсіні мен қол сөмкесін «арманың орындалады, байлықтың астында қаласың», – деп 55 мың теңгеден саудалаған. Қазір кімнің арманы орындалып жатыр дейсіз. Сол қол жетпес арманға бір-ақ күнде ие болғысы келетін сенгіштердің арамызда көп екені қандай өкінішті. Баладай нанғыш ақ жүрек адамдарды мамандығы психолог Арман лезде таба қоятын. Тергеу барысында ол Алтынайды да адастырмақ болып қаншама әрекеттенгенімен, онысынан түк те шыққан жоқ. Алдаркөсенің бүгінгі туысы Арман талай адамды сазға отырғызып кетіпті. Бір айырмашылығы Алдаркөсе бай-бағландарды алдап, мал-мүлкін кедей-кепшікке, жарлы-жақыбайға үлестірсе, Арман-Алдаркөсе жоқ-жітіктің өзін жер сыйпатып кететін. Алайда, осы айлакерлігінен азап көрді ол. Алтынай Жолымбекова «банктен несие әперемін» деп талайларды тақырға отырғызғандармен де тайталасып көрді. Есірткі саудасымен айналысқандардың да сазайын тартқызды. Міне, осындай еңбектері арқасында ол ҚР ІІМ-нің «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ішкі істер министрінің, ОҚО ІІД-нің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Алтынай жастайынан заң қызметкері болуды армандапты. Осы мақсатпен Шымкент құқықтану және экономика колледжінің заң бөлімін бітіріп шықты. Одан әрі білімін Шымкент гуманитарлық университетінде жалғастырды. Ал 1999 жылы Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасына іс жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Артынша хатшылыққа бас мамандыққа жоғарылатылды. Содан 2006 жылы полиция сержанты шенінде тергеушіге көмекші болды. Мұнан соң ақпараттық-техникалық тобының технигі қызметіне келді. Кейін, 2010 жылы Абай полиция бөліміне тергеуші етіп тағайындалды. Көп ұзамай аға тергеуші лауазымына жоғарылатылды. Енді міне, тергеуді сапалы аяқтайтын өткір де өжет Алтынай ОҚО ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі. Ол 2014 жылы алданған 53 адамның ақшасын қайтартып бергізді. Сөйтіп 33 эпизод бойынша қылмыстық істі сапалы тергеді.
– Алтынай бөлімдегі ең іскер де тындырымды қызметкер. Оның тергеуінен соң іс кері қайтып көрген емес. Біз оған сенеміз, – дейді ОҚО ІІД Тергеу басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, полиция майоры Ержан Ақмолда. «Алтынайдай алғыр тергеушілер барда ашылмайтын қылмыс болмас, сірә» деп оған алдағы уақыттарда да сәттіліктер тіледік.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*