«Тәуелсіздік. Бірлік. Татулық» күзет қызметкерлері арасында өткен байқау осылай аталды

Тауелсиздик. Бирлик. Татулык1Таяуда елорда төрінде орналасқан «Қазмедиа» орталығында Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен күзет қызметі басқармасының бөліністері арасында «Тәуелсіздік. Бірлік. Татулық» атты республикалық патриоттық әндер байқауы болып өтті. Айта кету керек, бұл шара тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Ел Конституциясы мен Ассамблеяның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді айтулы мерекелермен тұспа-тұс келген шараға орталық өңірден Астана, Жезқазған қалалары, Қарағанды облысы, Үкіметтік мекемелерді және Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полктерінен 17 өнерпаз қызметкер қатысты. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Нұрболат Сүйіндіков және Күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Алмат Нұртазин байқауға қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Конкурстың шарты бойынша әрбір бөлініс әншілері халық, қазіргі заманғы әндермен қоса еркін тақырыпта да әндер орындады. Ішкі істер органдары күзет қызметкерлерінің мәдени және рухани деңгейін арттыру, олардың имиджін көтеру, ұлттық патриотизмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауда жеке орындаушылар арасында I орынды Астана қаласы күзет қызметі басқармасының қызметкері Бекжігіт Нұрманов жеңіп алды. II орын Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінен келген өнерпаз Торғын Тілеуханға бұйырса, III орынды Астана қаласының күзет қызметі басқармасының қызметкері Ойрат Дастенов пен Жезқазған қаласының күзет қызметі басқармасының өкілі Шалқар Ахметов иеленді.
Сондай-ақ, топ әншілер арасында I орын Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің өнерпаз сақшыларынан құрылған «Нұр-Астана» квартетіне бұйырды. II орынға Астана қаласының күзет қызметі басқармасының «Қыран» триосы көтерілсе, III орынды Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің «Астана» триосы қанжығаға бөктерді.
Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен, грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Күзет қызметінің сақшылары өздерін тек ел тыныштығын күзетіп қана қоймайтындықтарын дәлелдегендей болды бұл шарада. Қазақ руханиятына, ән өнеріне үлес қосуды мақсат етіп, кәсіби әншілерден бір мысқал да кем емес өнер көрсеткен қызметкерлерге көрермен де дән риза болды. Сол себептен де шығар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана мемлекеттік филармониясының әншісі Гүлзира Бөкейхан, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, ақын-сазгер Ерғожа Тілепбердиев сынды қазылар алқасының мүшелері күзет қызметкерлерінің өнеріне жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Сұлтан ҒАЛЫМБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*