Ақсерік Әйтімов, Ұлттық инженерлік академиясының академигі: Озық технологияны меңгергендерге – өріс кең

КАзиту-3Батыс Қазақстан облысындағы «ҚазИИТУ» университеті сол аймақтағы ғана емес, жалпы еліміздегі ІТ технологиясы саласында тереңдетіп оқытатын бірден бір оқу орны. Инновациялық және телекоммуникациялық жүйе – өте күрделі сала. Бұл саланың шетелде жоғары қарқынмен дамып жатқаны белгілі. Шетелде техникалық және басқа да инновациялық құралдардың сан алуан түрі көптеп шығарылатыны сондай, кейбірінен тіптен бейхабармыз. Ал «ҚазИИТУ» студенттері болса, уақытылы біліп қана қоймайды, көпшілігін өздері де ойластырып жасайды. Бұған енді осы жоғары оқу орны кешенінің президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы (ҚР ҰИА) Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, Ұлттық инженерлік академиясының академигі, БҚО мәслихатының депутаты Ақсерік Сарыұлы Әйтімовтің ықпалы зор. Ақсерік ағамыз шетелге сапарға шығып жатса, міндетті түрде ол елдің роботын, басқа да ой-қиялдың жемісі саналатын озық дүниелерді ала келеді. Бұл жоғары оқу орнында әр аймақтан келген ондай дүниелерден көрме де жасақталған. Осы көрмедегі дүниелерді студенттер ғана емес, қала тұрғындары еліміздің әр түкпірінен сапарлап келген мәртебелі меймандар да көреді. Бір айта кетер жай, осы көрме соңғы кезде студенттердің қолымен жасалған дүниелермен толыға бастаған. Мәселен, күннен қуат алатын шағын батарея орнатылған аспалы сөмка электр желісі жоқ орман-тоғайларға саяхатқа шыққанда таптырмайтын көмекші. Сөмке ішінде ұялы телефонға қуат беретін, радио және басқа да түрлі техникаларға қуат беретін жалғанбалы құрылғылар бар. Сол арқылы радиоңызды тыңдап, ұялы телефоныңызбен сөйлесіп, бірнеше айлап табиғат аясында еркін серуендей аласыз. Сондай-ақ, күн батареясымен қуатталатын аккумулятор орнатылған шағын велосипед те студенттер жасаған дүние. Жаңағы сөмкаға орнатылған батарея арқылы велосипед аккумуляторын да кез келген уақытта қуатпен толтырып алып, саяхатыңызды алаңсыз жалғастыра бересіз.
–Біз батареяны күн көзінен қуат алады деп шартты түрде атаймыз ғой. Шындығында бұл батареялар бұлтты күндері де қуат ала береді. Соған қарағанда бұған тек күн сәулесі ғана қажет емес. Жалпы жаратылыстың жарығы да жеткілікті, – деп түсінік берді бізге Ақсерік Сарыұлы.
Арнайы көрмеде бұрын ойымыз түгілі түсімізге кірмеген неше түрлі құрылғыларды қолымызбен ұстап көрдік. Мәселен, кәдімгі қаламсаптың басы диктофон ретінде қызмет атқарады, орта шамасындағы кішкене көзі арқылы суретке де түсіріп алуға болады. Енді осы қаламсапты бұрап ашсаңыз, ішінен компьютерге салынатын флешка шығады. Сіздің диктофон арқылы жазған жазбаңыз, түсірген суреттеріңіз осы флешка ішінде сақтаулы тұрады. Кез келген уақытта компьютерге түсіре аласыз. Мұндай қаламсап, әсіресе, журналистер қауымына үлкен қызмет жасар еді. Бұл да осы оқу орны студенттерінің жасаған құралдары. Бұлардың қатарында дыбыс аулайтын құрылғы да біздің назарымызды аударды. Оның құлаққабын киіп, спутникті тәрелкесін әлдебір нысанаға бағыттасаңыз, сол нысанада сыбырласып сөйлескен адамдардың дауысын ап-анық естисіз. Одан соң, кәдімгі күнге киетін көзілдірікті қолымызға алдық. Бір қарағанда, өзге көзілдіріктен еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, айырмашылығын, дәлірек айтқанда артықшылығын көзіңізге кигенде бір-ақ байқайсыз. Көзілдіріктің екі жаны айна сияқты арт жағыңыздағының бәрін ап-анық көрсетеді екен. Оның ондай қасиетін және киіп көрмей байқамайсыз. Сіздің көзілдірігіңізге қанша мұқият қарағанымен оның айна сияқты артқы жақты да көрсетіп тұратынын өзге адам байқай алмайды. Бұл полиция қызметкерлеріне, тыңшыларға өте сенімді көмекші құрал болатындай-ақ дүние екен дедік іштей. Мұнда студенттер ойлап тапқан дүниелер мұнымен шектелмейді. Ұялы телефондарды өшіріп тастайтын құрылғы дейсіз бе, саусақ іздерін түсіріп алатыны керек пе, оның бәріне жеке тоқталып шығу мүмкін емес. Бәрінен кереметі студенттердің жасаған автокөлігі болды. Кәдімгі автокөлікте ешқандай мотор жоқ, бірақ, мініп алып, қажетті жылдамдыққа тетікті алмастырып зырлай бересіз. Мұның бар құпиясы автокөліктің төбесінде орнатылған күн батареясында. Экологиялық жағынан таза көлікпен біз де серуендеп көрдік. Сондай-ақ, қайыққа орнатылған күннен қуат алатын электр мотордың да ерекшелігін студенттер өздері өзен-көлде арнайы сынақтан өткізіпті. Мұнда студенттер көлемі «Джип» көлігіне жақындайтын тағы бір автокөлік құрастырып жатыр екен. Айтуларынша, ол да күн сәулесінен қуат алатын көлік болмақ.
«ҚазИИТУ» студенттерінің жаңалыққа, жаңашылдыққа, қолдан жаңа дүние құрауға бейімділігінің өз заңдылығы бар. Өйткені, бірнеше салаға бөлінетін кешенді жоғары оқу орнының президенті Ақсерік Сарыұлының өзі, қазіргі тілмен айтқанда «инноватор» адам. Ол студенттерін әлемдегі озық құрылғылармен үнемі дер кезінде хабардар қылып отырады. Өзі шетелден әлдебір жаңа нәрсе алып келсе, оны міндетті түрде алдымен студенттеріне көрсетеді. Құрылымы мен ерекшелігі жайлы ерінбей-жалықпай әңгімелеп береді.
– Кез келген жақсы, жаңа нәрсе, инновациялық ойдың жемісі өзгелердің санасына да сәуле түсіреді. Әсіресе, жастардың ой-санасы жүйрік қой. Соның ішінде өзіміздің қаракөздеріміздің ой-қиялдары студенттертерең. Тек оларды дұрыс арнаға бағыттай білу керек. Мен жаңа дүниелер көрсету арқылы олардың назарын озық технологияларға аударамын. Ойларына ой, қиялдарына қиял қосылады. Осы салада оқып жүрген соң, өздері жаңа идея тауып, соның жүзеге асыру үшін зерттеулер жүргізе бастайды. Сөйтіп, өздері даму жолына қалай түскенін байқамай қалады. ІТ технология деген – құпиясы таусылмайтын керемет әлем ғой. Біз жастарымызға осылай серпін беріп отырсақ, олар күні ертең бізді әлемнің алдыңғы қатарлы елдердің көш басына шығарады. Тек олардың дамуына мүмкіндік жасай алсақ болғаны, – дейді Ақсерік Сарыұлы. Айта кетейік, оқу орнының материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде. Мұнда радиоэлектроника және телекоммуникация мен байланыс бағытында жұмыс жасайтын үлкен ғылыми-практикалық зертхана кешені бар. Кешен деуіміздің себебі, мұның ішінде түрлі сала бойынша тағы бірнеше зертханалар жұмыс істейді. Әрине, зертханалық тәжірибелерді студенттердің өздері жасайды. Оқу ғимараттары жаңа үлгіде салынған сәулетті, технологияның соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Сондықтан да бұл оқу орнына шетелдік, астаналық, алматылық мәртебелі меймандар да жиі бас сұғады. «ҚазИИТУ» сондай-ақ, ресейлік жоғары оқу орындарымен де тығыз байланыс ұстайды. Жоғары үлгіріммен оқитын студенттердің ресейлік, соның ішінде мәскеулік іргелі оқу орындарында магистратурада білімдерін жалғастыруға мүмкіндіктер жасалған. Жылына шамамен оншақты студент мәскеулік университет магистратурасынан арнайы бөлінген орынды иеленіп отырады. Сондай-ақ, ресейлік белгілі профессорлар да бұл оқу орнына келіп, дәрістер өткізіп тұрады. Олар үшін мұнда арнайы қонақ үй түріндегі тұрғын-жайлар қарастырылған. Астаналық, алматылық профессорлар да осындай мүмкіндікті пайдаланып, өз білгендерін студенттерге оқытып кетеді. Содан да болар, «ҚазИИТУ» студенттерінің білім көрсеткіші қашанда жоғары. Жұмысқа тұру мүмкіндіктері де зор.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*