Суда сақтықты ұмытпайық

Жасулан жумашевЖыл басынан бері 228 адам суға кеткен, ал, оның 164-і суға шомылу маусымы ашылғаннан кейін орын алып отыр. Қаңтар айынан бастап жарты жыл ішінде 61 бала суға кеткен, оның 19-ы соңғы екі айдың үлесіне жатады. Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Жасұлан Жұмашев брифинг барысында мәлімдеді.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан суға кету фактісі азаймай тұрғаны жауапты орган қызметкерлерін алаңдатып отыр. Себебі, былтырғы жылғы суға батып кеткендердің санымен салыстырғанда биыл бұл көрсеткіш 28 пайызға артқан. Төраға орынбасары келтірген статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында 6 адам, Шығыс Қазақстан облысында 37 адам, Алматы облысында 21 адам, Қазылорда облысында 19 адам, Батыс Қазақстан облысында 18, ал Солтүстік Қазақстан облысында 18 адам суға кеткен. Суға кеткендердің орташа жасы 32-35-жас шамасындағылар екен. Адамдардың суға батуына жүзе алмау, күшін дұрыс есептемеу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде шомылу, жеке құтқару құралдарынсыз балық аулау сияқты салғырттықтар негізгі себеп отыр. «Жалпы облыс көлемінде 154 жазғы демалыс лагері бар. Жер-жерлерде құтқару бөлімшелері білім, денсаулық сақтау, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп демалыс лагерьлерінің барлығында дерлік су айдындарындағы балалардың қауіпсіздігі бойынша кешенді іс шаралар жүргізілуде. Балалардың демалыс лагерьлерінде ақпараттық консультативтік жұмыстар өткізіп, судағы қауіпсіздік шаралары бойынша танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, соңғы жарты жылда 1000-нан астам бала суда жүзуге үйретілді», – деген Жасұлан Қыдырғожаұлы балаларға жүзуді үйрету кезіндегі біршама қиындықтарға тап болатындарын тілге тиек етті. Мәселен, бір баланы суда жүзуге үйрету үшін бір ай шамасында уақыт кетеді екен. Сондай-ақ, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың көбеюіне байланысты жергілікті орган және төтенше жағдайлар департаменті қызмет етудің күшейтілген түріне көшкен. Жергілікті атқарушы органдары ішкі істер органы және азаматтық қорғау бөлімшелерімен бірлесіп, жағажайлар және су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мобильді топтар мен патрульдер санын көбейткен. Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп барлық өңірлерде профилактикалық рейдтер өткізу қолға алынған, сондай-ақ, жүзу құралдарымен, атпен, жаяу және көлікпен су айдындарын патрульдеу жүргізіліп келеді. «Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз мақсатында жаңадан құрылған жедел құтқару жасақтары 115 құтқару бөлімшесінің жеке құрамы әзірлікке келтірілді және 246 ерікті құтқарушы дайындалды. Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін автокөлік және құтқару техникасының 254 бірлігі және құрал жабдықтың 1650 бірлігі әзірленді. Сонымен қатар, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың санын азайту, адамдардың суда демалуын ұйымдастыру мақсатында суға шомылу маусымына дайындалу кезінде құтқару бөлімшелері 9975 су айдынына тексеру жүргізді», – дейді төраға орынбасары. Сондай-ақ, оның айтуынша, ауыз-суы тапшы ауылдық жерлерде де суға кету фактісі орын алады екен. «Өзен-көлі жоқ ауылдарда адамдар қайда батып кетіп жатыр деген сұрақтың туындауы заңдылық. Алыс жерден «водовозбен» автокөлігімен су тасып ішетін ауылдықтар астауларға су толтырып, суға түсуге мәжбүр. Ауылдық жерде балалар көбіне астаудағы суға және құдыққа батып кетіп жатады», – дейді ол. Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген Жасұлан Қыдырғожаұлы алыс шалғайдағы елді мекендерде алдын-алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Мәселен, Атырау облысының ауыл-аймақтарында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Атырау облысында кезінде судан құтқару жасағы және судан құтқару қызметі болды. Соның екеуін біріктіріп, құтқарушылардың санын көбейтіп отырмыз. Сондай-ақ, бұл өңірде 54 бекет ашылды. Атырау облысының Шортанбай, Құрманғазы, Жанбай, Махамбет, Индер деген ауылдарда бекеттер бар. Ол бекеттерде ауыл округтеріндегі учаскелік инспекторлар құтқарушылармен бірлесіп автопатрульдеу өткізеді», – дейді генерал-майор. Құтқару бөлімшелері жыл басынан бері 393 адамды құтқарды, олардың ішінде 110-ы балалар. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет тұрғындардан су нысандарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануларын сұрайды. Суға шомылу орындарында ішімдікке, есірткі уытына мас күйде шомылуға, қайықтан, сонымен қатар, бұл мақсаттарға арналмаған құрылғылардан суға секіруге болмайтынын ескертеді. Жабдықталмаған, тексерілмеген жерлерде шомылуға, шомылу аймағын көрсететін белгілерден аспауға, жүзуге арналмаған заттармен суға түспеуге, балаларды қараусыз шомылдырмауға кеңес береді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ,
Сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*