Балаларынан бас тартқандар бақылауда болады

5-бет петрова лишение праПетропавлда қала әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісі өткізілді. Мәжілісте ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу мен бағып-қағу бойынша өз міндеттерін орындамау жөнінде материалдары қаралды. Мәжіліске Петропавл қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Қайрат Оразалин қатысты.
2015 жылдың басынан бастап ювеналды полицияның учаскелік инспекторлары ата-ана міндетін орындаудан жалтарып жүрген 162 адамды анықтап есепке алды. Сонымен бірге, қалалық полицейлер биылғы жылы білім алудан жалтарып, зиянды заттар пайдаланып, құқыққа қайшы әрекеттер жасап жүрген 194 баланы анықтады. Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу мен бағып-қағу бойынша өз міндеттерін қасақана орындамай жүрген 82 ата-анаға қатысты 2015 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 127-бабы бойынша 14 мың теңге айыппұл ретінде шара қолданылды. Қайрат Оразалин өз сөзінде қазіргі уақытта, яғни жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сонымен бірге, олардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар ерекше назарға алынғандығын, ювеналды полиция қызметкерлері балалардың бос уақытын тиімді өткізу, демалыс уақтында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығын, биылғы жылы балалар сауықтыру лагерьлерінде тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасылардан 500-ге жуық бала демалатындығын айта кетті. Мәжілісте сегіз материал қаралды, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу мен бағып-қағудан жалтарып жүрген 6 ата-анаға қатысты ювеналды полиция қызметкерлері мен қамқоршылық және қорғаншылық органдарына ата-ана құқығынан айыруға материалдар жинау, бір ересек азаматты ата-ана құқығында шектеу ұсынылды. Ата-ана құқығынан айыру – бұл мемлекеттік органдар қызметкерлері қабылдайтын соңғы шара. Мұндағы негізгі басымдық ересектермен және балалармен алдын алу жұмыстарын жүргізу болып саналады. Барлық шаралар кешені таусылған соң, балаларға қалыпты өмір сүру үшін жағдай жасалмаған жағдайда соңғы шаралар қабылданады. Биылғы жыл басынан бастап Петропавл қалалық ІІБ ювеналды полиция қызметкерлерінің материалдары бойынша 10 ата-ана ата-ана құқығынан айырылған, олардың бәрі спирттік ішімдіктерге әуестенгендер екен.

СҚО ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*