Нашақорлықпен күрес қарқынды жүруде

DSC_382726 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткілердің айналымын бақылау жөніндегі департаменттің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов брифинг өткізді. Елімізде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған сала басшысы нашақорлыққа қарсы күрес күнінің қысқаша тарихына да тоқталып өтті.
«Қазақстанда 15 жылдан астам уақыттан бері есірткіге қарсы үкіметтік бағдарламалар іске асырылуда. Қазір нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасы орындалу үстінде. Бұл құжатқа 15 мемлекеттік орган, ҮЕҰ және қоғамдық институттар қатысады. Қазақстан нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша жалпы дүниежүзілік жүйеге қосылды, ұлттық заңнама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Қазақстан барлық есірткіге қарсы жобаларға қатысады, халықаралық операцияларды ұйымдастыру үшін құқықтық құралдары құрылды, трансұлттық қылмыстық топтар әрекетінің жолы кесілді және транзит арналары жойылды», – деген әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов шекараларда нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын сөз етті. «Соңғы 5 жылда еліміздің оңтүстік шекаралары техникалық жағынан нығайтылды. Шекаралық бекеттер инженерлік жабдықтармен және бақылаудың жаңа техникалық жүйелерімен жарақталды. Кедендік бекеттер – инспекциялық-қарау кешендерімен қиылысатын шекараларда бақылауды қамтамасыз ететін жылжымалы сканерлермен қамсыздандырылды. Сондай-ақ, Орталық Азия елдеріне есірткінің тасымалдануын жедел анықтау және жолын кесу мақсатында жыл сайын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы форматында «Канал» есірткіге қарсы операция жүргізіледі. Бұл шараға ұйымға мүше мемлекеттердің барлық құзырлы органдары қатысады. Өткен жылы операцияның кезекті кезеңі «Канал-Долина» Қазақстанда өтіп, оған Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысты. Қадағалаушылар ретінде Ауғанстан, Иран елдері және халықаралық ұйымдар – Ортаазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы (ЦАРИКЦ), Интерпол, Қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жасасу бойынша Еуразия тобы, ТМД-ның шекара қызметтері комитеттері қатысты», – дейді ол. Теңіз жолымен есірткі заттарын тасымалдау өршіп тұрғандықтан да еліміздің Каспий жағалауында қарулы ведомстволар, арнайы бөліністер және күш құрылымдарының қатысуымен кең көлемді «Рубеж», «Канал» операциялары ұдайы өткізіледі. Теңіз жолымен Армения, Грузия, Әзербайжан арқылы Ресей және Еуропа елдеріне есірткі заттарын тасымалдау фактілері жиілеп кеткен. «Мәселен, жыл басынан бері елімізде 300-400 келі героин тәркіленетін болса, ал өзге мемлекеттерде осы уақыттың ішінде 2-3 тонна героин тәркіленеді екен. Елімізде есірткі тасымалдаудың қылмыстық сызбалары мен бағыттарын ашуға мүмкіндік беретін Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей әріптестерімен бірлескен жедел әзірлемелер жүйелі түрде өткізіледі. Міне, осындай оңтайлы шаралар оң нәтижесін беріп отыр. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің мемлекет нашақорлықпен қарқынды күрес жүргізіп, бірлескен шараларды қолға алған. Мысалы, көктем айында қырғызстандық әріптестермен бірлесіп Жамбыл облысының Шу ауданында бірлескен операция өткізілді, нәтижесінде 15 келі героинмен есірткі сатушы ұсталды», – дейді департамент бастығы. Сала басшысы атап өткендей, ІІМ Ауғанстаннан апиындардың тасымалдану арналарын жабуды ерекше бақылауда ұстауда. Өйткені, басты қауіп елімізге Ауғаныстан мемлекетінен төніп тұр. Ол жақтан елімізде көптеп кіргізілетін апиындардың тигізер салдары ауыр деседі. Сұлтан Құсетовтің айтуынша, Қырғызстан мемлекеті де қауіп төндіріп отыр. «Бұл мемлекетпен де тығыз әрекеттестік орнатқанбыз. Ең әуелі екі жақты шекарадағы тәртіпті нығайттық. Осы мақсатта Жамбыл облысының аумағында шекара қызметкерлері бірнеше мың шақырым аумаққа тікенек сым тартып қойды. Бұдан бөлек, айта кету керек теміржол, авто жол, әуе бағыттары есірткілік заттарға тексеретін инспекциялық тексеру құрылғыларымен қамтылған. Бұл құрылғылар есірткілік заттарға толығымен тексеру мүмкіндігін береді. Әрине, жүз пайыз есірткі заттарының заңсыз тасымалдануына тосқауыл бола алмаймыз. Десек те, бүгінгі күні бақылау екі есе күшейтіліп, есірткі заттарының жолын кесу күшейтілген түрде жүргізілуде», – деген ол мұндай бірлескен операциялардың берері мол дегенді алға тартты. Елімізде марихуана және гашиш есірткілері шикізат базасының болуы есірткі ахуалын қиындатып отырған бірден-бір фактор. Жабайы өсетін қара сора өсімінің алаңы Шу алқабында 140 мың гектарды құрайды. Жыл сайын мамыр және қазан айларында алқап аумағында полицейлер кең көлемді «Көкнәр» операциясын өткізіп келеді. Ағымдағы жылғы мамырда Шу қаласында «Дельта-Долина» арнайы бөлінісі базасында бөліністің жеке құрамы үшін және қосымша «Көкнәр» операцияларына қатысушылар үшін 40 орындық жатақхана пайдалауға берілген. Осы жылы «Делта-Долина» арнайы бөлінісі полициялық 4 жылжымалы автономды бекеттермен, 12 жылдамдықты автокөлікпен жабдықталған. Сондай-ақ, 2014 жылы Қылмыстық кодекске, «Есірткі туралы» Заңына синтетикалық есірткілердің аналогтарының айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Ал синтетикалық есірткілерді сатып алудың бірден бір көзі – Интернет, төлем түрі «электронды әмияндар», көбіне пошта арқылы тасымалданады. Осылай деген сала басшысы ІІМ Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп есірткі таралатын интернет-ресурстарды пайдалануды шектеу және жабу заң жобасы қаралып жатқанын айтты. Департамент бастығының мәліметінше, синтетикалық есірткілік заттар біздің мемлекетімізге көбіне Қытай және Ресей сияқты алпауыт мемлекеттерден кіргізіледі. Сондай-ақ, ол өз сөзінде жекелеген азаматтарды есірткіге тестілеу бойынша 2018 жылы тиісті заң жобасын қабылдау жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл заң жобасына қатысты БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген Сұлтан Тұрлынұлы: «ІІМ Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесіп нашақорлықпен «Жедел жәрдем» арқылы бекеттерге келіп түскен адамдардың бірыңғай республикалық тізбесін жасау көзделуде. Заң азаматтардың конституциялдық құқықтарын шектемеуі тиіс, сондықтан да зерттеп, зерделеп болған соң бір-ақ қабылданады», – дейді әділет генерал-майоры. Сондай-ақ, ол өз сөзінде соңғы 5 жылда нашақорлықтың төмендеу тенденциясы байқалатынын да айтып өтті.

Жадыр МЫРЗАХМЕТ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*