Құқықтық журналистика – қазіргі заман талабы

eZtz1sLkЖурналистика – қиындығы мен қызығы мол, жоғары білімді талап ететін жауапты сала. Қаламы арқылы қоғамға қызмет ететін тілші қауымы қателесуге болмайтын қағиданы қатаң ұстануы қажет.
Журналист – жаза алатын адам. Жазып қана қоймай, қоғамдағы көкейтесті мәселені өткір қозғай алатын, қажет болса жапа шеккен адамға қалам деген қаруы арқылы көмекке келетін кәсіп иесі. Бүгінгі журналиске қойылатын талап та осы. Өзі мен өзгенің құқығын қорғап, қоғамда өзіндік үнімен өзгешеленетін тілшінің ғана тілі өткір болмақ. Ашықтық пен жариялылық саясатын ұстанып отырған құқық қорғау органдарының жұмысы, сот реформасы қалай баяндалып жатыр? Құқықтық мемлекет орнатып жатқан Қазақстан үшін бұқаралық ақпарат құралы азаматтардың құқықтық сауатын ашуда таптырмас құралға айналғаны құпия емес. Тіпті, бүгінгі күні кез келген баспасөз бен радио-телеарна, ақпарат агенттіктері тергеу органдарының қызметі, полиция мен прокуратура, судьялардың үкімі туралы күн сайын ақпарат таратады. Алайда, құқықтық сараптама жасауда осы салаға мамандандырылған журналистің жетіспеушілігі анық аңғарылады. Қазір құқықтық тақырыпты қаузайтын ғана емес, кез келген қолына қалам алған заманауи журналист заңнамалық және құқықтық қызметтің қыр-сырына қанық болуы қажет. Өйткені, құқықтық журналистика оқиға орны мен сот отырыстарында журналистің нағыз маман ретінде жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік береді. Қарапайым ғана мысал, судья немесе құқық қорғау қызметкері тарапынан қысым туған жағдайда тілші өз құқығын табандылықпен қорғай білуі тиіс. Бүгінде Батыс елдерін былай қойғанда, көрші Ресейде журналист мамандарын даярлауда құқықтық білім басты назарға алынған. Бұл елдегі болашақ тілшіге өз құқығын қалай қорғаудың қыр-сыры үйретіледі. Біздерде де бүгінгі күні болашақ журналистерге құқықтық тақырыпта дәріс оқытылып жүр. Дегенмен, оның өзі аздық етіп отыр. БАҚ өкілдерінің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби біліктілігі өз талап деңгейінен шығып жүр ме?
«Заң» газетінде жарық көрген мақалада белгілі заңгер-журналист Есберген Алауханов журналистерге құқықтық білім беруде алдымен оқулық тапшылығын жою қажет деген пікірі айтылыпты. «Біз неге аралық бағыттағы журналистиканы дамытпаймыз? Журналистика факультетінде құқықтық журналистика жөнінде бірде-бір оқу құралы жоқ. Студенттеріміз жоғары оқу орнының қабырғасында осындай бағытта дәріс алмағандықтан, ертеңгі күні басылымдарда жүріп, өзінің қызметін асыра пайдаланып, тапсырыс материалдарды жазады. Ал, біз жеке бастың қамын емес, не жазсақ та мемлекеттік, қоғамдық мүддені бірінші кезекке қоюымыз қажет. Егер журналистер сыныққа сылтау іздеп, ойына келгенді жаза берсе, азаматтар бірін-бірі мұқата берсе, онда не болады? Біз қашанда өзгелерге үлгі болуымыз керек. Қылмыстық кодекстегі адамды қорлау, жала жабу дегендей баптарын журналистер біле тұра, қасақана жұмыс жасайды. Мәселен, адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүре бастағаннан бастап оқиғаны журналистің жазуға құқы бар. Бірақ, ол оқиғаны бар болғаны сипаттап қана көрсетуі керек. Мәселе – журналистік тұжырымның жасалмауында. Өйткені, кей жағдайларда шешім шықпай жатып журналистік тұжырым жасалып жатады», – дейді заңгер-журналист. Журналист Серік Жұмабекұлы тілші ең алдымен сын мақала мен заңның тұрғысында жазылатын құқықтық тақырыптағы мақалалардың аражігін ажыратып алуы керек деп есептейді. Ал «Заң» газетінің шолушысы Елеусіз Мұратов осы үшін де құқықтық саланы меңгерген маман даярлауды қолға алуымыз керек екенін алға тартыпты. «Біздің әріптестеріміздің журналистиканың қара қазанына түсіп, араласып кеткеннен кейін малтығып, қайта-қайта сүрініп жататындығы – сол құқықтық сауатының төмендігі. Қазір құқық тақырыбына жазатын адам өте білікті болуы қажет. Одан кейінгі мәселе – соттың шешімі шыққаннан кейінгі сатыларда журналистің араласуы. Судьяның шығарған шешімі дұрыс па, бұрыс па? Егер қылмыстық іс болса, Жоғарғы Соттың қаулы-қарарларына сәйкес, судья қаралған іске қаншалықты әділетті нүкте қойды деген мәселенің басы ашылады. Ал, оның барлығына көз жеткізу үшін журналист өзі – тергеуші, өзі – прокурор, өзі – адвокат сияқты, таразының басын тең тарта отырып, осыған әділ бағасын беруі қажет», – дейді Елеусіз Мұратов. Журналистердің құқықтық сауатын ашу мектеп кезінен қолға алынғаны жөн деп санаған «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы: «Мысалы, мен 1998 жылы Аягөздегі бір қылмыстық оқиғаға араластым. Екі баланы журналистердің кесірінен жазықсыз соттап жіберді. Жалпы, біздер, журналистер, сот шешімінің арғы жағындағы қағазға түспеген адамның сөздерін, іс-әрекеттерін көбірек зерттемейтін сияқтымыз. Тек шешімге қараймыз. Сондағы менің айтайын дегенім, бар мәселе – шешім шықпай жатып жазықсыз балаларды «кінәлі» деп жазып жіберуінде. Сол сияқты, «КТК» арнасындағы журналист Антон Платоновты тыңдап отырғанда, мен оны «күнде сотқа беру керек» деп ойлаймын. Эмоциямен айтып жатқан сөздерін тыңдағанда артық кететін тұстары өте көп. Ал, жалпы, мектепке «дінтану» деген пәннің орнына «заңтану» деген пән енгізілсе, сол анағұрлым дұрыс болар еді. Сонда әлгі мектеп оқушысы жас кезінен заңды оқып өсіп, кейін сол заңды сыйлайды. Сол сияқты, біздің жоғары оқу орнындағы журналистика факультетінде де артық пәндер бар, солардың орнына заңтанудың жүргенін құптар едім», – дейді. Айтылғандардың барлығы ақиқат. Заңда көрсетілгендей, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті екені айтылады. Әсіресе, қалам ұстаған қауымның мақаласы сенімді фактілерге сүйену арқылы жазылады. Осындай кездері журналистердің мәлімет, деректерге кайсыбір кездерде тап осы лауазым иелерінен керегін алуға қолдары жетпей жатады. Ондайда әрнені сылтаулатып, оқиғаның себеп-салдарын немесе ішінара сыр бүгіп қалу да болмай қалмайды. Екіншіден, тілшілердің құқықтық тақырыпта тіс батыра алмай жүруіне не себеп? Сіз не дейсіз?
Айша Құрманғали, «Заң» газетінің тілшісі:
– Заңдық, құқықтық актілер жүйесіне негіздеп іс қызмет жүргізетін мемлекет бар кезде қоғамдағы барлық әрекет заңмен реттелетіні белгілі. Одан журналистика да тыс қалмайды. Журналист қызметінің заңдық, құқықтық нормасы жоғары жауапкершілікті сезінген, шығармашылық бостандыққа кең мүмкіндік ашқан, оны экономикалық тұрғыдан қамтамасыз еткен құқықтық негізін қалаған бағытта болуға тиіс. Сондықтан, БАҚ шығармашылығының өзі заңдық-құқықтық актілердегі нормалар сол қоғамдағы мерзімді баспасөздің, радио-телевизияның еркіндігі жеткен деңгейінің айқын көрінісі болатындығымен ерекшеленеді. Өзекті жаңалықтарды жасырып қалмау, деректің өңін айналдырмау және тың ақпаратты адал жолмен тауып, ешкімді алаламай баршаға жаппай тарату ең басты құқықтық өлшем болмақ. Ақпаратқа өзінің жеке мүддесі тұрғысынан қарамау, «ала қойды бөле қырықпай» бәріне тең қарау, сыңаржақтыққа ұрынбау – журналистердің ғана емес редакциялардың да құқықтық нормасына айналуға тиіс. Журналист жеке басының қызығушылығымен немесе өзгелердің итермелеуімен азаматтардың өміріне негізсіз араласпау, жалған мәлімет таратпау, жала жаппау, тапсырыспен әлдекімді орынсыз кінәламау, біреудің абыройына қол сұқпау жағы біздің заңдарда да көрсетілген. Кейде журналистерді сотқа сүйреудің астарында аталған кемшіліктердің орын алып жатпауына кепілдік жоқ. Қылмыстық оқиғаларды тәптіштеп көрсету, көпке жағымсыз ықпалы бар келеңсіздіктерді бейнелеп баяндау секілді қоғамға қолайсыз ахуал әкелетін жат көріністерден аулақ болу маңызды. Біздегі ақпарат құралдары кейде оқиғаның қызықты жағына ғана мән беріп, оның кері әсері болуы ықтимал екендігіне назар аудармай жатады. «Жамандықтан жирену» дұрыс, әрине, сонда да ол үшін қылмыстың орын алған барысын түгел баяндап, ортаға салу артық. Редакция басшылары, журналистер саяси партиялар, бизнес топтарының сойылын соқпау, объективтік ақпараттың тепе-теңдігін бұзбау, әлдекімдерге сатылмау, парақорлықтан аулақ болудың мәні қазіргі таңда тіпті де маңызды. Мақала, бағдарламалардың мазмұнына сай келмейтін жалған тақырыптар мен айдарлар қойып, ақпарат қабылдаушыларды алдаудан, тауар және қызмет түрлерінің сапасыздығын ескермей жарнамалау арқылы тұтынушыларға зиян шектіруден аулақ болмасақ, ертеңгі күні зор айыппұл төлеп қалуымыз әбден мүмкін.
Жігер Байтілесов, Парламент Мәжілісі аппараты баспасөз қызметінің жауапты қызметкері:
– Қазір журналистика мамандарын даярлау өз деңгейінде жүргізіліп келеді, оқу орындары мен факультеттер өз міндеттерін атқарып отыр. Дегенмен, әлі де болса маман даярлауда талап тастай болмай отыр. Кезінде біздер журналистика факультетіне оқуға түсерде құжаттарыңмен бірге баспасөз бен радио-телеарнада шыққан шығармаларыңды тапсыратын едің. Ол болмаса құжаттарыңды қабылдамайтын. Ал екі кезеңнен тұратын байқаудан сәтті өткен соң емтихандарға рұқсат берілетін. Қазір жазу-сызуға икемі жоқтар да жаппай журналистикаға барады. Мысалы, мен 7-сыныптан бастап аудандық және республикалық газеттерге мақалаларым шыққан. Біздің журналист мамандарды даярлауда Ресеймен салыстырсақ, көп айырмашылық жоқ. Дайындау әдіс-тәсілдеріміз де бірдей. Олардың мамандарының бізден асып-тасып жатқан ештеңесі жоқ. Егер айырмашылық болса, ол тек адамның өзінде ғана. Ол қабілет-қарымға байланысты деп санаймын. Көріп, естіп, жазып және жаттап алуға болатын шығар, бірақ, қабілетті қолдан жасай алмайсың. Қабілет кез келген адамға Құдайдан берілетін қасиет. Сосын менің таң қалатыным, қазір көп жастар өздерін бірден журналист санап, кеудесін кереді. Оқуды бітіріп, дипломды алу – журналист деген сөз емес. Олай деуге сенің құқың да жоқ. Сенің журналист екеніңді халық мойындау керек алдымен. Кезінде біздер «журналист» деп өзімізді таныстыруға ұялатынбыз. Мысалы, өзім біраз жылға дейін «журналиспін» деп айтуға ұялып, барған жерде «редакция қызметкерімін» деп таныстыратынмын. Өйткені, ол кезде біздер журналист дегеннің абыройлы атақ, беделі жоғары маман екенін түсіндік. Оқуды бүгін бітіре салып цехтың ішіндегі құрал-сайманмен таныспай, қолмен ұстамай жатып маманмын деуге ерте деп түсіндім. Сосын қазір оқу бітіре салып қалада қалып қояды. Оның өзінде білдей газетке, телеарнаға тұра жүгіреді. Қаладан шықпайды. Астана болса, ол журналистер Парламент, Үкімет, Ақ Орда мен министрліктерден шықпайды. Ондай қызметкерлерді журналистикадағы нағыз журналистер «паркетті журналист» деп атайды. Өйткені, олар тек қана қызыл кілем үстінде, кәстөм-шалбар кигендердің ортасында жүретіндер. Яғни, қайнаған тіршіліктің ортасында, халықтың тұрмысынан бейхабар журналистер. Олар бұл жерде не көреді, не үйренеді? Бір сөзбен айтқанда, мәрмәрдің үстінде ғана жүретін журналист журналист ретінде дамымайды. Меніңше, алыстағы ауылға барып, аудандық БАҚ-тың қазанында қайнау керек. Өмір деген сол жерде. Шенеунікке сауал қойғанда халық жағдайынан бейхабар болсаң, қандай сауал қоясың? Бұрын журналистердің жазу шеберлігі неге мықты болған? Себебі, олар қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп мақала жазды. Көп көрген, көп ізденген журналист құқықтан хабары болады. Парламентке келіп заң жобалары туралы айту үшін құқықтық жағынан сауатты болу керек. Себебі, төменгі баспалдақты баспай жоғары баспалдаққа шыға алмайсың. Мысалы, Парламент қабырғасына келіп жүрген журналистер ауданнан бастап шыңдалып, шеберлік сыныбынан өтуі тиіс. Ал оқуды бітіре салып Парламент табалдырығын басып, заң жобалары туралы халыққа жеткіземін деу әбестік. Мысалы, «Мақта туралы» заң талқыланып жатыр қазір. Ал мақтадан хабары жоқ журналист, ол заңды қалай түсінеді? Өзің білмей, өзгеге қалай түсіндіресің? Ол үшін өмірлік тәжірибең керек. Қазір келеді, дайын баспасөз парақшасын алады. Біз барлық ақпаратты шайнап береміз, журналистер тек жұта салады. Сол шайнап берген астың өзін ары қарай дұрыс қорыта алмайды. Ақпараттық мақала немесе ақпараттық бағдарлама әзірлейді. Одан арыға аспайды. Министр мен депутаттың сөзіне зерттеу жүргізілмейді. Ол неге олай айтты? Шенеуніктердің арасында жүріп шеберлік жинау мүмкін емес. Журналистің қаруы өткір. Дұрыс пайдаланбасаң кесіп кетеді. Қазір журналистер ақпаратты алдымен береміз деп, не болмаса сенсация қуалап өтірік ақпарат қосып жібереді. Дерек көздерге сүйенбейді, қажетті ақпарат көздерін сарапқа салмай жариялап жібереді. Сосын біреудің ар-намысына тиіп мақала жазу үшін әлдебіреулердің қаржысына қарық болып жататындар да бар. Немесе біреуді мақтау үшін ақша алады. Сондықтан журналистер шындықты жазып, әр нәрсені ой елегінен өткізіп, заң аясында ғана еңбек етсе жетеді. Қаламы қарымды журналист өз құқығын қорғай алады, халыққа ақпаратты дұрыс жеткізе алады.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*