Полиция генерал-майоры Амантай ӘУБӘКІРОВ: Сақшыларға деген сенім артып келеді

AT__5683(2)Құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулік дегенді білмейтін, күйбеңі көп күнделікті қызметте тер төге жүріп өз міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Ел тыныштығы жолында қиындық пен қатердің ортасында жүретін қырағы сақшылардың еңбегі туралы Астана қалалық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай ӘУБӘКІРОВПЕН сұхбаттасқан едік.

Амантай Акрамұлы, әуелгі сауалымызды елордамыздағы қылмыспен күресуде қандай шаруа атқарылып жатқанымен бастасақ.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Полиция өзіне деген халықтың сенімін ақтау жолында қызмет етуі тиіс» деп атап өтті. Яғни, халықтың құқығын қорғап, ортақ әлеуетті нығайту, полиция қызметін қоғам алдында әділетті ету арқылы ғана қылмыспен тиімді күресуге болады. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жағымды имиджін арттыру бойынша қолданылатын шаралардың түп негізінде ағымдағы жылы Астана қалалық Ішкі істер департаментінде «Халық сенімі – полиция күші» ұраны жарияланды. Осыған орай, біздер халық арасында түрлі мәдени-көпшілік, спорттық, қайырымдылық және басқа да іс-шараларды тұрақты өткізіп келеміз. Өскелең ұрпақты саламатты өмір салты мен патриоттық рухта тәрбиелеуге аса зор ден қойылған. Елордалық департаменттің бастамасымен шахмат ойынынан сайыстар, балалар арасында түрлі байқаулар мен спорттық додалар өткізілетін балалар аула клубы ұйымдастырылған. Жақында ғана ІІД бастығының Кубогына арналған елорданың 40 орта мектебінің оқушылары қатысқан шахмат турнирі өтті. Сонымен қатар, мінезі қиын және тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар назардан тыс қалмауда. Сонымен бірге, елордалық полицейлер Астананың балалар үйлерін қамқорлыққа алды. Бүлдіршіндерге арналып ашық есік күндері өткізіліп, қару, арнайы техника назарға ұсынылып, балалар қызметтік иттердің, аттардың көрсетілімдерін тамашалайды. Бұдан бөлек, суреттер, өлеңдер мен әндер бойынша байқауларды тұрақты ұйымдастырып келеміз. Айталық, департаменттің қаржылық қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушісі Милана Серікова Чехия мемлекетінде өткен халықаралық байқауға қатысты. Қалалық «Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік-медициналық мекемелерде» тұрушыларға мерекелік концерттер ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталып тұрады. 8 наурыз және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне салтанатты шара ұйымдастырылып, мерекелік от шашуға ұласты. 9 мамыр күні полицейлермен қатар, олардың отбасы мүшелері мен қала тұрғындары қатысқан 70 шақырымға веложарыс ұйымдастырылды. Ал, жылдағы дәстүрге сай биыл да 1 маусым Балаларды қорғау күнінде полиция тіркеуінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына арналған спорттық, ойын-сауық шаралар мен акциялар өтті.
Мұндағы мақсат қандай?
– Бүгінгі ойын баласы ертең өскенде елін, жерін қорғайтын, халық тыныштығын сақтайтын нағыз полицей болуы мүмкін. Сондықтан біздер патриоттық тәрбиені жасөспірімдерден бастауымыз қажет. Жалпы алғанда, әр мереке, әрбір ұйымдастырып жатқан шараның мақсаты – полиция қызметіне халықтың сенімін арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, жұртшылықты құқық қорғау қызметіне тарту – заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды факторы болып саналады. Азаматтардың қырағылығы, олардың қылмысқа, ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеушілігі полиция қызметкерлеріне қылмыс жасаушыларды жауапқа тартуда үлес қосады. Осындай тұрақты жүргізіліп отырған профилактикалық шаралардың арқасында осы күні тұрғындардың да қоғамда тәртіп орнауына айтарлықтай үлесін қоса бастады. Қазір тұрғындардың өздері түрлі құқық бұзушылықтар жөнінде хабарлап, қажет кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің қызметіне қолғабыс етуде. Бұл да біздің төккен теріміздің текке кетпегенін көрсетіп отыр. Мысалы, бүгінде қоғамдық тәртіпті қорғауға құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың 700-ден астам өкілі, солардың ішінде консьерждер, жастардың жедел отрядтары, күзет құрылымдары, қоғамдық ардагерлер кеңесі қатысады. Олардың атсалысуымен он шақты қылмыс ашылып, 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.
Осы күні полицияның халықпен жақындығы туралы көп айтылып жатады. Әсіресе, халықпен тікелей жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Рас, полицияны халықпен байланыстырушы – учаскелік полиция инспекторы. Олар әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша құқықтық жәрдем көрсетіп, жұртшылық пен еңбек ұжымдарымен есеп беруші кездесулерді өткізеді. Яғни, учаскелік инспектордың тұрғындармен байланысы қалай құрылса, полиция қызметі жөнінде дәл сондай пікір қалыптасатыны айқын. Қазір учаскелік полиция инспекторын тағайындау практикаға еніп, азаматтардың таңдауы бойынша жүзеге асырылады. Сонымен бірге, полицияны халыққа жақындату мен олардың хабарламаларына жедел әрекет ету мақсатында, ішкі үлестіру есебінде «Оңтүстік-Шығыс» және «Көктал» шағын аудандарында аудандық полиция бөлімшелері құрылып, жыл басынан бері қызмет етуде.
Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, республиканың әр аймағынан ағылып келіп жатқандар көп. Оның ішінде шетелден келетін келімсектер де жетерлік. Дәл осы келімсектердің қатысуымен болатын жан түршіктірерлік қылмыстар туралы жиі еститін болдық.
– Шындығында да Астана еліміздің орталығы болған соң ағылып келіп жатқан адам көп. Себебі, жаңа қаладан жұмыс іздеп, болашағын осы қаламен байланыстырып келушілер жетерлік. Оның ішінде, әртүрлі аймақтан, шетел асып келіп жатқандар бар. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, әр адамның ойында не бар екенін білу қиын. Өкінішке қарай, осындай әр аймақтан келгендердің арасында қылмысқа барып жатқандар бар. Дегенмен, департаментте келімсектермен жұмыс қолға алынған. Мемлекет басшысының құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру бойынша тапсырмаларды іске асырудың аясында алдын алу жұмысы күшейтілген. Жыл басынан бері 50 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, 200 рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Биыл қаңтар-мамыр айында Астанада барлығы уақытша 50 мыңнан астам шетел азаматтары тіркелген. Тұрақты көші-қон ағыны жағдайында заңсыз көші-қон және оның елордаға кіру жағдайын жоюдың жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Жыл басынан әкімшілік жауапкершілікке 4763 шетел азаматы, соның ішінде 1195-сі соттық тәртіпте мемлекет аумағынан тыс шығартылған. Жеке тұлғасы мен азаматтығын анықтау үшін ІІД Қабылдап тарату бөліміне 1000-нан астам шетелдік азамат орналастырылды. Ал Қазақстан Республикасына келу Ережесінің талаптарын бұзғаны үшін 81 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Нөлдік төзімділік» нәтижесін беріп келеді ғой.
– Әрине, бұл орайда аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылды. Еңбек ұжымдары мен оқу орындарында өткізілетін құқық бұзушыларға қатысты ашық көшпелі сот отырыстары тиімді нәтиже беруде. Жалпы, «нөлдік төзімділік» қағидаты қылмыспен күресте тиімді тәсіл болды. Бүгіннің өзінде бұл нәтижелер құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушіліктің дұрыс таңдалынған бағыт екендігін куәландырып отыр. Ұсақ бұзақылықтардың қайталану фактілері тіркелмеген. Осы жылдың 5 айы ішінде Астанада көшелерінде, қоғамдық орындарда, кәмелетке толмағандармен және азаматтармен жасалған қылмыс саны қысқарды. Қылмыстардың жеке түрлерінің деңгейі төмендеді. Жыл басынан бері құқық бұзушылықтарға қарсы шаралар қолдануға мүмкіндік беретін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексі заңды күшіне енді. Ол әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қысқартып өндіруді енгізу мен гуманизация арқылы әкімшілік заңнаманы реформалауға бағытталған. Осы және басқа да жаңа еңгізулер полиция мен халық ынтымақтастығының неғұрлым сапалы деңгейіне бағытталған.
Қазір қызметкерлердің білім-біліктілігінен бөлек соңғы технология да қылмыстың жедел ашылуына септігін тигізіп жатады. Астаналық полицейлердің жұмысын жеңілдетуде қандай соны технологиялар қолданысқа енгізілуде?
– Бұл рас, интернет желісіндегі ақпараттық ресурстар қоғаммен өзара іс-қимыл жасасудың тиімді тәсілдерінің бірі. Мәселен, департамент сайтындағы жеке блогыма азаматтар күн сайын жүгінеді. Ешқандай хат жауапсыз қалмайды. Бұл бойынша шұғыл шара қолданылып, жауап қайтарылады. Азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығына арналған жоғары талаптар үлкен қалалардың барынша зияткерлі және мобильді болып келуін қалайтыны сөзсіз. Сондықтан да Астана 2017 жылы әлемдегі 50 «ақылды» қалалардың халықаралық үздіктер қатарына ену үшін инновациялық технологиялардың дамуына бет алды. Бүгінгі таңда заманауи технологияларсыз ешқандай қызметті көзге елестете алмайсыз. Бұл – заман талабы. Сондықтан бейнебақылау жүйесі құқықтық тәртіпті, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал ету жағдайын жақсартатыны күмәнсіз. Жыл сайын қаламызда бейнекамералардың саны едәуір өсіп келеді. Бір мезетте жоспарлы жаңғырту жүргізілуде, осы секілді ескірген жүйелердің орнына бейнеталдау қызметтері бар зияткерлік бейнежүйелер енгізіледі. Қазіргі кезде қалада 800-ге жуық бейнекамера орнатылған. ТҚКЖ жүйесін енгізу шеңберінде қосымша 12 мыңға жуық бейнекамераларды орнату қарастырылуда. Олардың көмегімен полицияның жұмысы ғана емес, сонымен қатар жедел жәрдем, апаттық-құтқару және басқа да шұғыл әрекет ету қызметтерінің жұмысы жеңілдейтініне сенімдіміз. Олардың барлығы онлайн режимінде бақылау жүйесін қарай алады. Өздеріңіз де білесіздер, «Қауіпсіз қала» жобасын енгізу әсіресе «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында өзекті болмақ. Заманауи шешімдерді интеграциялау есебінен бұл жоба халықтың қажеттілігін қанағаттандыра алады және кешенді сипатқа ие болады деп санаймын. Қазақстанның елордасы тек қауіпсіздік саласында ғана емес, сондай-ақ, энергияны үнемдеу, экологиялық тазалық және түрлі қызметтерге қолжетімділік саласында да заманауи технологияларды белсене қолданатын «ақылды» қалалардың бірі болып қалыптасатынына сенімдіміз. Нәтижесінде бұл жоба қала қонақтары мен тұрғындарының жайлы тұруын қамтамасыз етеді. Ал көлік ағынының реттелуін жақсарту және жол кептелісін азайту мақсатында зияткерлік көлік жүйесі енгізілді. «Ақылды» бағдаршамдар автоматты режимде, талдау негізінде адам баласы араласпай-ақ автокөлік қозғалысын басқарады. Айта кету керек, елордалық полицейлер өз жұмыстарында бірінші болып бейнетіркеуіштерді қолдана бастады. Ол тек бұзушылықты тіркеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың жасалуына қарсы тұра алады. Бейнетіркеуіштер полицейлермен қатар азаматтарды да тәртіпке келтіреді. Бүгінгі таңда Астанада жол-патрульдік қызметкерлерінің көпшілігі осы бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етілген. Жылдың соңына дейін учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, сондай-ақ, жедел-тергеу топтары бейнетіркеуіштермен жабдықталатын болады.
Соңғы жылдары сақшыларға сенім артушылар көп. Бірақ, халық арасында кәсібін білмейтін қызметкер құқық қорғау органдарында да кездеседі деп жатады…
– Елбасы жыл сайын халыққа Жолдауында, биылғы сайлау алды реформасында да еліміздің құқық қорғау саласы туралы айтып өтті. Оның ішінде полицейлердің кәсіби біліктілігін шыңдап, қоғамдағы беделін өсіру де оңтайлы айтылмай қалған жоқ. Реформаның алғашқы қадамдары мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу біліктілігінің оңтайлы ыңғайын табу және олардың кәсіби деңгейін жоғарылатудан бастау алады. Осыған байланысты жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты күшейту, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, кадрлармен жұмыс тиімділігін және қызметкерлердің әскери-қызметтік даярлық деңгейін жоғарылату бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Олардың моральдық-психологиялық дайындықтарына жоғары талаптар қойылған.
Сондай-ақ, тәлімгерлік институты ойдағыдай жұмыс істейді. Тәлімгер ретінде құқық қорғау жүйесінде тәжірибесі бар мамандар тартылады. Департаменттің бастамасымен Қазақ гуманитарлық заң университетінде ІІД тергеушілері мен анықтаушылары үшін қылмыстық-процестік және қылмыстық кодексін пысықтау бойынша семинарлар өткізілуде. Семинар тергеу бөліністері қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған. Яғни, қазір біздер теориямен қатар тәжірибеге де басты назар аударып келеміз. Бұдан бөлек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық кезінде елордалық полицияның жеке құрамына жоғары жауапкершілік жүктелгенін сезіне отырып, объектілерді терроризмнен қорғау және қауіпсіздік шаралары мәселелері бойынша алдын ала шаралар кешені қабылдануда. Сондай-ақ, департаментте полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына Парламент, қалалық мәслихат депутаттары, көрнекі қоғам қайраткерлері, БАҚ және құқық қорғау ұйымдарының өкілдері кіреді. Бұдан бөлек, барлық бөліністерде сенім телефондары жұмыс істейді. Ал БАҚ беттеріндегі сыни мақалаларға да дер кезінде ден қойылады. ІІД мен аудандық ІІБ басшыларының қатарынан «Нұр Отан» партиясының филиалында азаматтарды апта сайын қабылдау кестесі ұйымдастырылған. Елордалық департаменттің күштері мен құралдары қоғамдық-саяси және басқа да ірі шараларды өткізу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Бұл олардың жоғары әскери-қызметтік даярлықты ұстануына мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі мен елордалық әкімдіктің қолдауымен Астана қаласының полицейлері өздеріне жүктелген міндеттерді табандылықпен атқарады деген сенімдемін. Қызметтік міндеттерін адал орындағандары үшін көптеген қызметкерлер әртүрлі наградалармен марапатталды, менің бұйрығыммен 1,5 мың қызметкер ақшалай сыйақымен ынталандырылды. Сондай-ақ, қабылданып жатқан іс-шаралардың полиция жұмысын ашық көрсетуге мүмкіндік беретініне тоқталғым келеді. Полицияның қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігі күннен-күнге арта бермек және осы сенім қызметтік борышты адал, алға қойылған міндеттерді жоғары кәсібилікпен, сапалы әрі тиімді орындаған кезде ғана ақталады дегім келеді
Сіздіңше, нағыз қазақстандық полицей қандай болуы керек?
– Елордалық ІІД-нің көптеген қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін адал орындайды. Ерлік жасап, награда алған қызметкерлер де баршылық, олардың арасында қаза тапқандары да бар. Жақын арада орын алған оқиғаға тоқтала кетейін. Жуырда екі полиция қызметкері өз бастарын қатерге тігіп, жанып жатқан көліктің ішінен ер адамды алып шығып, аман сақтап қалды. Сондай-ақ, биік ғимараттың терезесінен секіріп өлмекші болған бір бойжеткеннің өмірін аман алып қалды. Антқа адалдық үшін астаналық полицейлер де ажал аузына түсуге де жүрексінбейді. Міне, нағыз сақшы деген сондай болуы керек. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде белгіленді. Қызметтік борышын адал орындап, алға қойылған міндеттерді жоғары кәсібилікпен, сапалы әрі тиімді орындайтын полиция қызметкерлері атағына сай болып, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті үлкен абыроймен атқаратындарына нық сенемін. Саптағы сақшыларға деген сенімге селкеу түспесе,қоғамда тыныштық орнаса екен деп тілеймін!

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*