Марат МӘЗІМБАЕВ: Қазақстан – бокстан бағы жанған ел

DSC_0005Былғары қолғап шебері, кәсiпқой бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Марат Мәзімбаев елі үшін туған ер. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Колумбиядан келген кәсiпқой боксшы Луис Дорияны нокаутпен жеңіп, бәрімізге қуаныш сыйлағаны әлі есімізде. Марат Мәзiмбаев бүгінде «Жамбыл» бокс клубының директоры. Сәті түскен сұхбат кезінде кейіпкеріміздің жұмбақ қырларын да білген едік.

Әңгімемізді боксқа жаңадан келген балалық шағыңыздан бастасақ?
– Өзім Жамбыл облысының тумасымын. Бала кезімде мен боксшы боламын деп тіпті ойламаған едім. Спортқа 11 жастан бастап келдім. Ауылымызда ол кезде бокс мектептері жоқ болатын. Бір күні біздің сыныпқа жаңадан оқушы келді. Оның әкесі бапкер екен. Сол баланың жанында жүріп әкесінен бокс өнерінің қыр-сырын үйрендім. Кейін ауылымызда бокс мектебі ашылып, айым оңынан туды. Көп ұзамай жарыстарға да қатыса бастадым. Қазақстан, Қырғызстан чемпионаттарында жеңіске жетіп, «ең үздік техникасы үшін» деген мараттаптарға ие болдым. 1987 жылы жасөспірімдер арасында өткен біріншілікте белгілі бапкер Станислав Богоревтің көзіне түсіп, ол кісінің шақыртуымен Алматыдағы үлкен бокс мектебіне қабылдандым. Ол кезде мен 7 сынып оқушысы едім. КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері С. Богорев мені өз қамқорлығына алып, көп еңбектенуге баулыды. Күніне екі мезгіл жаттығу жасап, боксқа шындап ден қойдым.
Өзіңіздің ең алғаш шаршы алаңға шығып, жеңіс тұғырына көтерілген кезіңіз есіңізде ме?
– Әрине, менің жеткен әрбір жеңісім есімде. Оны ұмыту мүмкін емес. Себебі, әрбір жекпе-жекте жіберген қателігіңді, келесі сайыста жібермес үшін тынбай еңбектенесің. Он үш жастан бастап мен бокстан жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатыса бастадым. Ең алғаш Республикалық жасөспірімдер арасында өткен сайыста жүлдегер атандым. Бұл жеңіс мені үлкен жетістікке жетеледі. 1987 жылы Республикалық Олимпиадалық резервтер дайындау училищесіне оқуға түстім. 1993-1996 жылдары әуесқой бокстан Қазақстанның төрт дүркін жеңімпазы атандым. 1997 жылы Шығыс Азия ойындарының, 1997 жылы Оңтүстік Корея және Қарулы Күштер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдесін иелендім. 1998 жылы Бангкок және Тайланд, ал 1997 жылы Германияның Галле қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдеге қол жеткіздім. 2001 жылы ең алғаш кәсіпқой бокс алаңына шықтым. Әрбір боксшының басты арманы Олимпиада ойынына қатысып, чемпион атану. Өкінішке орай, маған Олимпиада чемпионы атану бұйырмапты. Сиднейдегі Олимпада ойындарына қатысуға бел будым, бірақ бұл додаға қатысуым екіталай еді. Себебі, мұндай жарыстан менің көңілім қалған болатын. Сол себепті де, кәсіпқой боксқа ауысу туралы жасаған ұсынысқа ешқандай қарсылық білдірмедім. Жоғарыда айтып кеткен жекпе-жектен кейін Ресейлік промоутер Герман Титов мені өзінің клубына шақырды. Мен келісімшарт бойынша олармен біраз уақыт жұмыс жасадым. Сондай-ақ, 2005 жылы Алматыда өткен кәсіпқой бокс арасында ІВА тұжырымы бойынша әлем чемпионы және осы жылы WBO тұжырымы бойынша интерқұрлық чемпион атанғаным барша қазақ халқына аян.
Кейбір бокс мамандарының сөзіне қарағанда, сізді бокс алаңынан ерте кетті деп айтады?
– 2008 жылы шаршы алаңға соңғы рет шықтым. Сол кездің өзінде 34 жаста болғанымды ескерсек, былғары қолғаппен ерте қоштаспаған сияқтымын. Әйтсе де үлкен спорттан өз еркіммен кеттім дей алмаймын. Денсаулығыма байланысты сондай шешім қабылдауыма тура келді.
Проумоутерлік жұмысқа бет бұруыңыздың себебі неде еді?
– Өзім бокс саласында жүргеннен кейін алдыма көптеген адамдар келеді. Көпшілігі кәсіпқой боксқа DSC05395қатысып, өздерін көрсетуді қалайды. Солардың ішіндегі бір-екі боксшыны өзім Ресейге алып барып, кәсіпқой бокстағы жолдарын ашып бердім. Артынша маған, неге осы өзім кәсіпқой бокстың дамуына жағдай жасап, проумоутерлік компания ашпасқа деген ой келді. «Снайпер» спорт клубы 2009 жылы ашылды. Құдайға шүкір, қазақта мықты боксшылар баршылық қой. Бірақ, жігіттердің талайы әуесқой бокс аясында қалып қойып жатады. Бізге спорт қамқоршылары – «Zhersu» инвестициялық корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов пен «SAT&Company» директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев демеушілік көрсетті. 2009 жылдың ақпан айында Алматыдағы «Қазақстан» мейманханасының холында орнатылған шаршы алаңда тұңғыш жарысымызды өткіздік. Онда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдің кәсіпқой бокс шеберлері бақ сынасты. Орталықты ашудағы басты мақсатымыз – өзіміздің жастарымызды әлемдік аренаға шығарып, кәсіпқой бокста алдына жан салмайтын қазақ дарабоздарының есімдерін әлемге паш ету болды. Әрине, ойлаған ойым іске асып, қазақ жастарының арасында көптеген кәсіпқой бокс шеберлері жеңіс тұғырына көтерілді. Бір жылдың ішінде бірнеше халықаралық жарыс ұйымдастырдық, біздің қазақ жігітері намысты қолдан бермеді. Шетелдіктерді ойсырата жеңіп, бізді бір қуанышқа бөледі.
Спорт сүйер жанкүйерлердің көзайымына айналған проумоутерлік орталықтың жабылуына нендей себеп болды?
– Біз бұл жарысты ай сайын өткізіп отырдық. Кәсіпқой боксқа жаңадан ауысқан спортшыларымызға да әр айда бір рет шаршы алаңға шығу оңайға соқпады. Олар күніне бір емес, бірнеше рет дайындық жұмыстарын жүргізуіне тура келді. Бір жыл үзбей өз елімізде қызықты жарыстар өткіздік. Ал, екінші жағынан Спорт федерациясы, министрлік, үкімет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмегендіктен, бұл проумотрлік орталықтың жұмысы ұзаққа созылмады.
Сіз біраз жыл ІІА-да тыңдаушыларды спортқа баулыдыңыз. Подполковник дәрежесіне дейін көтерілдіңіз. Әйтсе де, үлкен қаладан алыстап, туған жерге қайта табан тіредіңіз?
– Ия, мен Алматы қаласы Ішкі істер академиясында жауынгерлік және дене шынықтыру кафедрасының бастығы, подполковник қызметін атқардым. Спорттан мүлдем кетіп қалған жоқпын. Осы қызметке мені шақырғаннан кейін, бокстан әзірше қол үзіп, жаңа жұмысқа кірісіп біраз уақыт бокстан алыстап қалғаным рас. Бірақ, бұл жұмысқа етене үйренгеннен кейін біраз қазақ жігіттерін кәсіпқой боксқа дайындадым. Мен спорт үшін жаралған жанмын. Сондықтан да өзімнің туған жерімде «Жамбыл» бокс клубына директорлық жұмысқа шақырғанда бірден келістім. Себебі, менің бар мақсатым қазақ кәсіпқой бокс шеберлерін дайындап шығару.
Елімізде әуесқой боксқа қарағанда кәсіпқой бокстың кенжелеп қалған деген пікірмен келшісесіз бе?
– Бізде әуесқой бокс саласы ерекше дамығаны рас. Өйткені, әуесқой боксшылар бір-екі рет DSC05390Олимпиадаға барады да, кәсіпқой боксқа деген ынтасын жоғалтып алады. Ал, шет елдерде бір рет Олимпиадаға барып келген боксшы өзі-ақ әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа тез ауысып кетеді. Мәселен, Мексикада 18 жастан кейін-ақ кәсіпқой боксқа жастар көптеп келе бастайды екен. Бізде бәрі керісінше. Бірақ, уақыт өте жастар кәсіпқой боксқа көптеп келеді деген ойдамын. Өйткені, кәсіпқой бокстың болашағы зор. Әйтсе де, бүгінде жастардың әуесқой боксқа деген қызығушылығы жоғары. Оның негізгі себептерінің бірі – қазір кәсіпқой боксқа қарағанда, әуесқой бокстың дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Жалақы мәселесі де шешілген. Дегенмен де спорттың қай түрі болса да – абыройлы. Қалай болғанда да кез келген спортшының басты мұраты – әлемдік аренаға шығып, спорт өнерін көрсетіп, өз елінің намысын биікте ұстау.
Ауылдың балалары үлкен спорттан қалыс қалып отырған жоқ па?
– Әрине, оны мойындаймын. Ауыл-аймақтарға түрлі стадиондар мен спорт залдарын салу керек. Арнайы спорт мамандарына жағдай жасап, ауыл жаққа қызметке жіберу қажет. Сонда ғана біз болашақ чемпиондарға жол ашып береміз. Қазір ауылда спорт залы жоқ мектептер бар, оны мойындағанымыз жөн. Спортқа жақын жеткіншектер мектеп ауласында орнатылған бірді-екілі турниктерден өзге спорттық жабдықтарға зәру.
Табиғаты ұяң қазақ қыздарының бокспен шұғылданғаны дұрыс па?
– Бокс болсын, ауыр атлетика болсын – қыздарға жат сала. Әсіресе, өзіңіз айтып отырған қазақтың қыздарына тән емес. Спортта адам ағзасына орасан зор күш түседі, ал әйел баласының парызы – өмірге ұрпақ әкелу болғандықтан, ол үшін спорттың берері көп болмаса керек. Өз басым солай тұжырымдаймын.
Өзіңіз төрт қыз тәрбиелеп отырған әкесіз. Олардың былғары қолғапқа деген әуестігі бар ма?
– Бір қызым спорттық гимнастикаға қатысып жүр. Бұл спортқа деген негізгі бастама болғандықтан, кейін спорттың басқа түріне ауысуына әбден болады. Жұбайым Жанар да бұған қарсы емес.
Өзіңіздің бұрынғы әріптесіңіз – полиция қызметкерлеріне берер бағаңыз қандай?
– Әрине, мен осы салада бұрын жұмыс жасағандықтан, полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Мен Академияда қызмет атқарғанда тыңдаушыларға әртүрлі жаттығуларды үйрететінбіз. Себебі, елін, жерін қорғайтын полиция қызметкері спорт майталманы да болуы керек. Соңғы кездері, елімізде орын алып отырған әртүрлі оқиғаларды алып қарауға болады. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзған лаңкестерді құрықтау барысында қаншама арыстай азаматтарымыз қапыда көз жұмды. Қарапайым адам полиция маманы бола алмайды. Себебі, бұл қызметке арыстандай айбатты азаматтарымыз ғана келе алады. Мен өзім спорттық жарыстарға көп шығамын. Сонда, АҚШ-ның полиция қызметкеріне деген құрметін көріп таңғалғаным бар. Алдағы уақытта біздің еліміздің тұрғындарының да сап түзеген полицейлерге деген сенімі арта түсетініне сенемін.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*