Экономикалық форум: жаһандық диалог алаңы

CHA_3224Әлемнің айтулы экономистері жиналған Астана экономикалық форумының екінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақындап келе жатқан жаһандық қаржы дағдарысынан шығуда Қазақстан қандай жол табатынын түсіндіріп берді. Әйгілі деген әлем елдерінің экономистері мен Нобель сыйлығының лауреаттары, бизнесмендер Қазақстан президентінің тығырықтан шығудың таптырмас үлгісіне тағы бір тәнті болды.
Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған жиынның пленарлық отырысына модераторлық еткен BBC телеарнасының танымал тележүргізушісі Линда Юэ халықаралық қауымдастық алдында тұрған көкейкесті мәселенің бірі – экономика мен қаржы саласындағы қиындықтар екеніне тоқталды. Оның ішінде көліктік инфрақұрылымдарды дамыту мен осы салаға инвестиция тарту жолдары ауқымы жағынан әлдеқайда алдыңғы қатарда тұрғанын айта келіп, жүргізуші сөзді Қазақстан президентіне ұсынды. Астанаға ат терлетіп, Тәуелсіздік сарайының төріне төрткүл дүниеден жиналған жетекші саясаткерлер мен экономистерді, ғылыми қауымдастық пен халықаралық ұйымдар, іскерлік топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Қазақстанға келген сапарымен құттықтап, жиын жұмысына сәттілік тілеген Мемлекет басшысы Астана экономикалық форумы бүгінде жаһандық жағдайларға жан-жақты қарауға шақырып отырғанын жеткізді. Жеті жыл ішінде әлемдік экономика бастапқы қарқынына ие бола алмай келеді. Әсіресе жұмыссыздық пен борыштың артуы әлемді алаңдатып отыр. Сондықтан алдыңғы кезекте валюталық және сауда рыноктарында орын алып отырған жағдайлар ойландыруы тиіс. Заңсыз санкциялар және әлеуметтік-саяси соғыстар түріндегі валюталық, экономикалық кикілжіңдердің өршуі осының айқын көрінісі. Астана экономикалық форумының алға қойып отырған мақсаты да осы болмақ. «Біз әлемдік ғылыми ойдың үздік өкілдерімен бірлесе отырып, біздің елдеріміз бен халықтарымызды алдағы қатерден аман сақтап қалудың жолдарын табуға міндеттіміз. Сол үшін де біз G-Global әлемдік сараптамалық-талдау жүйесін құрдық. Мұның өзі де жеткіліксіз», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы болашақ жалпыға ортақ дамуға үлкен қауіп төндіретін бірқатар сын-қатерлердің себептерін түсіндірді. Әлемдік тәртіптің фрагменттелуі – дүниежүзінде тәртіп пен тепе-теңдікті қамтамасыз етуші бұрынғы тетіктердің сөгілгендігін байқатуда. Ұлы державалар көшбасшыларының бір-біріне деген сеніміне селкеу түсті. Ал халықаралық құқықтың күші әлсіреп барады. Әлемдік деңгейдегі институттар тыныштық пен тұрақтылыққа кепілдік бере алмай отыр. Екінші – климат күн сайын өзгеріп, табиғи апаттардың жиіледі. Үшінші – азық-түлік тапшылығы үсті-үстіне өсуде. Осыдан соң Президент Қазақстан бұл жолда қандай шараларды қолға алғанын қатысушыларға түсіндіріп өтті. Қауіп-қатерді еңсерудің ең сенімді кілті – бейбітшілік пен татулық. «Өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін күресе отырып, біз әлемде бірінші болып ядролық қарудан шешімді және ерікті түрде бас тарттық. Біз әріптес елдерімізбен қарым-қатынасты жүйелі түрде нығайтып келеміз. ЕҚЫҰ-ның белсенді қатысушысымыз. Азиядағы өзара сенім шаралары және іс-қимыл жөніндегі кеңесті шақырушы болдық. Көпұлтты және көпдінді ел бола отырып, біз толеранттық пен ұлтаралық келісім идеяларын алға жылжытудамыз. Астанада әлемдік діндер жетекшілерінің съездері тұрақты түрде өтіп отырады. Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып нарықтық экономикалы мемлекет ретінде танылды. Тәуелсіздік жылдарында біз жаңа экономиканы құрдық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы айтқандай, Есілдің бойындағы ен далада еңсесін тіктеген Елордамыз осының айқын айғағы болмақ. Сондай-ақ, Президент жаһандық проблемаларға жауап іздестіріліп жатқандығын атап көрсетті. Ол үшін «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламалары қабылданды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы инфрақұрылымдық сапа жөнінде әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің құрамына кіруге бағытталған. Алдағы үш жылда жаңа жолдар, электр желілері, коммуникациялар құрылысы үшін 124 миллиард доллар бағытталмақ. Бұл қаржының үштен бір бөлігін Қазақстанның әріптестері болып табылатын халықаралық қаржы институттарындағы біздің әріптестеріміз бөліп отыр. Ел астанасынан өңірлерге күн шуағындай шашырап жататын автокөлік жолдарының желілері қалыптаспақ. Теміржолдар, көпірлер, электр желілері, мектептер, ауруханалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары және жаңа тұрғын үйлер салынбақ. Мұның өзі экономикалық даму жағдайында да, сондай-ақ, әлеуметтік демографиялық тұрғыдан да елдің барлық өңірлерін тепе-тең жағдайда дамытуға, әркелкілікті азайтуға қызмет етпек. 2019 жылға дейін елдегі ірі қалалардың арасында жолға жүру уақыты үштен бір бөлікке дейін қысқара түссе, көрші елдерге шығу да барынша қамтамасыз етіледі. Электр қуатына деген сұранысты толық қамтамасыз ететін бірыңғай энергожүйе құрылады. Сонымен қатар, бағдарлама жарты миллион жаңа жұмыс орнын қалыптастырады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сонымен бірге Президент Астанада халықаралық қаржы орталығын құру жөнінде шешім қабылданғандығын айтты. Бұл болашақта бүкіл Орта Азияның қаржылық хабы болатындығына сенім мол. Бұдан кейін Елбасы биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік магистралінің 2700 шақырымға созылған қазақстандық учаскесі аяқталатынын айтты. Автомагистрал Қытай, Қазақстан, Ресейді ғана емес, сонымен бірге, Еуропаны да жалғастыратын болады. Оған Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан да қосылуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, теміржол және жаңа логистикалық қуаттардың да құрылысы жүргізілуде. Президент бұл істі ары қарай жалғастыру аса маңызды екенін түсіндірді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жоғары жылдамдықтағы, мультимодальды «Еуразиялық трансконтинентальдық дәлізі» көлік бағытын құруды ұсынды «Ол елдердің, сонымен бірге, өңірлік бірлестіктердің терең ынтымақтастығы мен интеграциясына серпін беретін болады. Мен Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістік құруды ұсынамын. Бізге барлық қатысушылардың ұлттық мүдделерін ескеретін, сонымен бірге, өзара тиімді интеграцияны арттыруға және кездескен кедергілерді жоюға бағытталған бірыңғай ереже қажет», – деді Қазақстан басшысы. Ереже ең алдымен сауда, тасымал және ресурстар қозғалысына тиімді болуы тиіс. Біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде құрлықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар талқыланатын, тұрақты түрде жұмыс істейтін алаң құру да аса қажет. Бұдан соң сөз тізгінін алған Люксембург герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттель қазір білектің күшімен емес, ақылмен айла жасайтын заман екеніне тоқталды. «Қазір әлем елдері бір-бірімен бәсекеге түсу үшін білім мен ғылымға ұмтылыс танытып жатыр. Әрине, мұндай жағдайда әділ қоғам орнату мәселесін ойластырудың маңызы зор. Біздің еліміз де даму мәселесін қарастыру үстінде. Соның ішінде инфрақұрылымдық дамуға көңіл бөлуде. Бұл іске біз 300 миллион еуроның қаржысын бағыттауды жоспарлап отырмыз», – дей келіп, Ксавье Беттель Қазақстан мен Люксембургтің ортақ ұқсастықтарын іздеді. «Қазақстан Ресей мен Қытай секілді алып елдермен шекараласып, солардың ортасында отыр. Бірақ онымен шектеліп қалмай, Еуропалық одақпен де белсенді қарым-қатынас орнатты. Сол секілді біз де Германия секілді алып елдермен көршіміз. Оның үстіне біздің де Қазақстан секілді теңізге шығар жолымыз жоқ. Мұның өзі біздің мүддемізде ортақ жайттардың барлығын білдіреді. Бізді ынтымақтасуға итермелейді. Біз сіздермен инновациялық тұрғыда әріптестік орнатқымыз келеді», – деді қадірлі мейман. БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Хелен Кларк Қазақстанның БҰҰ-мен қарым-қатынасы жүйелі түрде нығайып келе жатқандығын айтып, Қазақстан бүкіл әлемге тұрақтылық пен бейбіт өмірді насихаттаудың үлгісі іспетті екенін жеткізді. Сондықтан болашақта да қарым-қатынасты нығайта түсуге мүдделі екенін айтқан Хелен Кларк Елбасын қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін саммитке шақырды. Қазақстанға келе алмаса да бейнекөрініс арқылы сөз алған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы Анхель Гурриа Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Қазақстан ықпалдастығының мемлекеттік бағдарламасы Орталық Азия елдеріне таратылатындығын атап өтті. Өз сөзінде ұйымның бас хатшысы биыл Қазақстанмен бірқатар меморандумға қол қойылғанын, оның мақсаты – белсенді әрі тұрақты дамуды одан әрі күшейту екенін жеткізді Әлемге танымал «JPMorgan Chase International» корпорациясының төрағасы, профессор Джэйкоб Френкель форум жұмысына жоғары баға беріп, «Нұрлы Жол» бағдарламасының болашағы зор екенін айтты. Одан кейін де сөз тізгінін алған тісқаққан экономистер Қазақстан басшысының бағдарламасына «бағдаршам» деп баға берді.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*