Дәстүрге айналған шара

концертная программаКөкшетау қаласында Ақмола облыстық ІІД жас қызметкерлерінің слеті өтіп, ішкі істер органдары қатарына қосылған 300-ден астам жас қызметкер адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді.
Салтанатты шара департамент басшылығы мен жас қызметкерлердің қызмет бабында қаза тапқан Ақмола облысы ішкі істер органдарының қызметкерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Осыдан кейін қатарға жаңадан қосылған жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдады. Облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ербол Жүсіпов полиция қызметкері дейтін абыройлы әрі арқалаған ауыртпалығы салмақты қызметті таңдаған жастарды ант қабылдауларымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Жас офицерлерге полицияның атына кір келтірмеу керектігін ескерткен Ербол Сансызбайұлы: «Сіздердің қызметтеріңізден халықтың полицияға деген көзқарасы қалыптасады. Сол себепті ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етеді деген сенімін», – деді. Слетке қатысушылар облыстық ІІД Жедел басқару орталығы мен музейіне экскурсия жасады. Өз кезегінде Ақмола облыстық ІІД музейінің қызметкері Айгүл Хасенова жастарға полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы айтып берді. Слетті ұйымдастырған ІІД қызметкерлері: «Бұл шараның басты мақсаты – жас құрамға ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттерді таныстыру, қызмет жолын жаңа бастаған полицейлердің патриоттық, ар-ұждандық қасиеттерін қалыптастыру, қазақстандық полиция имиджін арттыру, жас қызметкерлерді өз ісін мақтан тұтуға баулу», – дейді. Салтанатты жиында полиция полковнигі Ербол Жүсіпов қызметте үздік шыққан жас полицейлер мен міндеттерін адал атқарған тәлімгерлерге құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті. Слет барысында психологтар сауалнамалар жүргізіп, әлеуметтік-психологиялық талдау жасап, жас қызметкерлердің коммуникативтік қасиеті мен толеранттылықтарын арттыруға бағытталған тренинг өткізді. Жас қызметкерлердің слеті – Ақмола облысы ішкі істер органдарында жыл сайын өтетін дәстүрлі шара. Аға буын – тәлімгерлер мен жас мамандар арасындағы байланысты нығайтып, жастарға қызмет бабында қажетті ақпарат беріп, оларға көмек көрсетуде бұл шараның берері мол. Шара барысында жас кадрға қауіпті де қызықты полицей қызметінің қыр-сыры да кеңінен таныстырылады.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*