«Генералдың генералы» ұлықталды

DSC_0943ІІМ-нің орталық аппараты 18 мамырда 75-ке толған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Салтанатты шара шымылдығын ашқан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Демеуов жиналған жұртты мерейтой иесінің өмірбаянымен таныстырып, профессор Рүстем Есімханұлының құқық қорғау саласына, заң ғылымында қалдырған қолтаңбасын да атап өтті. «Рүстем Есімханұлы – қатардағы жедел уәкілден аса маңызды істер жөніндегі тергеуші, Семей қаласы милиция бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, кейіннен Семей облыстық ІІБ бастығының орынбасары, Жезқазған облыстық ІІББ бастығы, Қазақ және Қырғыз КСР ІІМ-нің ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аймақаралық 6-басқармасының бастығы, ҚР Ішкі істер министрінің тергеу жөніндегі орынбасары лауазымына дейінгі сатылардан өткен білікті маман. Генералдың ішкі істер органдарына білікті, кәсіби шыңдалған шәкірт тәрбиелеуге қосқан үлесі де бір төбе. Сол шәкірттерінің бірі – менмін», – деді ұстаз туралы жылы лебізін білдірген Марат Ғанұлы. Шарада Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығы оқылып, Рүстем Есімханұлы ішкі істер саласындағы ұзақ та адал қызметі, құқық қорғау органдары құрылымы мен заңдылықты сақтауға қосқан мол үлесі, ішкі істер органдарына жас мамандарды тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Егемен елдің іргетасын қалыптастыруға өз үлесін қосып, жас мамлекеттің құқық қорғау органдарының аяқтан нық тұруына аянбай еңбек еткен генерал-майорды Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комиеті, Бас прокуратура, Ұлттық ұлан өкілдері асқаралы мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізіп, сый-құрметтерін ұсынды.
Мінберге алғашқылардың бірі болып көтерілген Қазақстанның Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев: «Рүстем Есімханұлы, қазақ елі үшін бір азамат еңбек етсе, дәл сіздей жұмыс істесін. Себебі, Сіздің қазақ қоғамында алған өз орныңыз бен төріңіз бар. Елдің қай қиырына барсаңыз да сіз зор құрмет көрсететін елдің қадірілі азаматысыз. Осында отырған офицерлердің көбі генерал болуды армандайды. Ал сіз, генералдардың генералы деген атаққа ие болған адамсыз. Бұл – жоғары атақ қана емес, үлкен жауапкершілік. Себебі, қазақстандағы бүкіл генералдардың басын қосып, игі істерге ұйытқы болу оңай іс емес», – деп, мерейтой иесін Ардагерлер ұйымының ең жоғарғы наградасы – «Құрмет» орденімен марапаттады.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша 2 миллиондай ардагердің киелі ордасына айналған Қазақстанның Ардагерлер ұйымының тілегін жеткізген Өмірзақ Озғанбайұлы Рүстем Қайдаровқа табыс тілеп, «осы қалпыңыздан айнымаңыз» деген ықыласын білдірді. Салтанатта ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков те мерейтой иесін 75 жасқа толған торқалы тойымен құттықтап, отбасына амандық, деніне саулық тілеп, сыйлықтарын табыс етті. «Қазақта: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Тағдырдың жазуымен Рүстем Есімханұлымен біз бір заманда, бір салада қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанымызға талай жыл болды. Зейнетке шықсақ та біздің арамыздағы достығымыз, жолдастығымыз, әріптестігіміз үзілген емес. Қайдаровтың қарапайымдылығы, парасаттылығы мен азаматтығы – міне, осы үш қасиетін мен ерекше айтып өтер едім. Ол үлкенді аға дей сыйлай біліп, кішіні бауырына тарта білген азамат», – деген Өмірзақ Қоспанұлы әділет генерал-майорының бастамасымен құрылған «Генералдар кеңесінің» тәрибелік мәніне тоқтала келіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай осы кеңестің мұрындық болуымен қолға алынған игі істерге тоқталды. Сөзінің соңында Өмірзақ Қоспанұлы Мәскеудің аманатын жеткізіп, Рүстем Қайдаровқа Ресей Федерациясы ІІМ ІІО мен ІӘ аАдагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-полковник Иван Шиловтың атынан «Патриоттық тәрбиедегі қызметі үшін» медалін табыс етті. Шарада Премьер-Министр Кеңсесі жетекшісінің орынбасары Сайлаухан Райымбеков Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің құттықтауын жеткізсе, Бас прокурордың орынбасары, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Жақып Асанов Асхат Дауылбаев, генерал-майор Нұрғали Белісбеков Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров Иманғали Тасмағамбетовтің ақ тілек пен алғысқа толы құттықтау хаттарын оқып, әр ведомство өз аттарынан сый-құрмет жасап, мерейтой иесінің иығына қазақы салтпен шапан жапты. Сондай-ақ, салтанатты шарада ІІМ Тергеу департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхаран Әміров, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының ІІД-нің бастықтары, полиция генерал-майорлары – Жанарбек Бақтыбаев, Мергенбай Жаппаров, Марат Қожаев сөз алып, біріне ұстаз, енді біріне тәлімі мол тәлімгер бола білген ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері Рүстем Қайдаровты мерейтойымен құттықтады. Жоғары лауызымды қызметтерді абыроймен атқарып, өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болған Рүстем Есімханұлының ел үшін еткен еңбегін жоғары бағалаған Бас прокурордың орынбасары Жақып Қажманұлы: «Біз сізге қарап бой түзейміз. Қай жерде, қай уақытта, қай қызметте болсаңыз да Сіз кез келген ұжымды ұйыстырып, ұйымдастыра біліп, игілікті бастамаларға ұйытқы бола білдіңіз. Әсіресе, құқық қорғау органдарына атқарған еңбегіңіз өлшеусіз», – деді. Бүгінгі таңда Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, мемлекеттік күзет қызметі, шекара, төтенше жағдай, әскери сот пен прокуратура органдарының зейнетке шыққан 104 генералының басын қосқан іргелі ұйым – «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров шара соңында жиналған қауымға алғысын айтып: «Бойымда күш-қайратым барда әлі де елім үшін еңбек ете беремін!», – деп, нағыз генералға тән мінезбен ант берді.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*