Парламент Мәжілісінің депутаты Самиғолла ОРАЗОВ: Парасатты полицей – өркениетті қоғамның өкілі

ОразовЕлбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жол құрылысына баса мән бергені белгілі. Өйткені, жол – экономиканың күре тамыры. Президентіміз мұны: «Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты», – деп жүйелі ұғындырып өткен болатын. Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақты алып жатыр. Еліміздегі жол қатынасы дамыса, экономикамыз бен мәдениетіміз де өркендейді. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттық жасасуы, барыс-келістері күшейеді. Мұның бәрі экономиканы өркендетері анық. Паламент Мәжілісінің депутаты Самиғолла Оразовпен сұхбаттасқанда әңгімені осы еліміздегі жол құрылысы мәселесінен бастаған едік.

Самиғолла Хамзаұлы, «Нұрлы жол» бағдарламасына сай бүгінде жол жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Елбасымыз қойған міндеттерді орындауға мүмкіндігіміз жеткілікті ме, жалпы жол саласына қатысты не айтар едіңіз?
– Әрине, әлеуетіміз жеткілікті болмаса, Елбасымыз да мұндай әңгімені қозғамас еді. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. Елорданы еліміздің басқа аймақтарымен сапалы жолдармен байланыстыру иядеясы көп кешікпей-ақ жүзеге асады. Бұл идея рынокты қалыптастыруға әсер етіп, аймақтық тепе-теңсіздікті төмендететін, шағын аймақтарды дамытатын жаңа экономикалық саясат. Бұйыртса, 2020 жылға дейін еліміз бойынша 7,5 мың шақырымнан астам жолдар салынып, жаңғыртылмақ. Тағы да айта кетейін, осы жоспар бойынша жұмыстар басталды. Бұл жолдардың төрт мың шақырымы 4 және 6 жолақты І техникалық санаттағы жолдар болады. Осы үлкен жоба аясында 200 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. 2020 жылға дейін Өскемен, Атырау сияқты көптеген аймақтарАстанамен байланыстырылады. Осылайша «Орталық – Оңтүстік, «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» бағыттары бойынша жолдар қайта жаңғыртылады. Ал енді нақтылап айтатын болсақ, «Орталық – Оңтүстік» бағытында қазіргі уақытта Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай жолдарында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Теміртау мен Қарағанды, Ақсу – Аюлы мен Ақшатау, Бурылыбайтал – Күрті арасындағы жалпы ұзындығы 379 шақырым болатын тоғыз учаскенің жөндеу жұмыстары жобалану үстінде. Осы арада айта кету керек,бұл салынатын жолдар бұрынғыдан бөлек. Жолдардың құрылысына бүгінгі заманауи технологиялар, инновациялар кеңінен пайдаланылады.Бізде «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» деген бар. Осы институт көптеген жаңа технологияларды еліміздің жолдары үшін жасап шығарды. Бұл технологиялар жол құрылысында табысты пайдаланылып келеді. Бүгінде, жолдарда полимер асфальтбетонның бірнеше түрі пайдаланылады. Осы уақытқа дейін қолданылып келген асфальтбетонның түріне қарағанда оның қызмет көрсету уақыты, беріктігі 30 пайызға дейін ұзақ болатын көрінеді. Яғни, бұрынғы жолдарға қарағанда жаңадан салынған жолдар көбірек төзімді болып, ұзақ жылдарға ыдырамай тұтастығын сақтайды. Бұл материалдардың ерекшелігі – қыста аязға, жазда ыстыққа төзімді. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытқа бөлінген миллиардтаған қаржы күні ертең екі-үш есе болып қайтады. Жолдар көп жылдар қызмет ететін болады.
Жол азабын тартудай-ақ тартқан аймақтардың бірі – Батыс Қазақстан облысы. Ол жақтағы алыс аудандарды облыс орталығымен асфальтты жолмен байланыстыру қалай шешілмек, бұл бағытта қозғалыс бар ма?
– Бұл мәселеде келгенде, ең алдымен ауызға оралатыны «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралін қайта салу Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы қолға алынды. Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі – «Ұлы Жібек жолын» бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар меморандум қабылданып, жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл жоба Қазақстан үшін еліміздің транзиттік әлеуетін іске асырумен қатар республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірлерінің бір-бірімен сенімді көлік байланысын орнатуы үшін де тартымды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бұл – Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы. Бұл қашықтықты аталған көлік дәлізімен жүріп өтуге 10 күн кетеді, ал теміржол арқылы жүріп өтуге 15 күн жұмсалатын болса, теңіз арқылы аталған қашықтықты жүріп өтуге бір жарым ай уақыт (45 күн) кетеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізін төрт банк қаржыландырады. Жобаның елімізде жүзеге асырылатын жалпы құны – 825,1 миллиард теңге. Оның ішінде республикалық бюджет 135,9 миллиард теңге бөлсе, сыртқы қарыз арқылы – 422,6, концессия арқылы 266,6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде, Халықаралық қайта құру және даму банкі – 2 125 миллион, Азия даму банкі – 700, Ислам даму банкі 398 және Еуропалық қайта құру және даму банкі 180 миллион АҚШ долларын бөледі. Жалпы, Дүниежүзілік банктің тарихында мұндай қомақты қаржы бөлінбеген, яғни алғаш рет қолға алынып отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізі негізінде Санкт-Петербург –Мәскеу – Нижний Новгород – Қазан – Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда –Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Үрімші – Ланьчжау –Чжэнчжау – Ляньюнган бағыты бойынша салынуы тиіс. Бұл дәліздің жалпы ұзындығы – 8 445 шақырым. Оның 2 233 шақырымы Ресей аумағы арқылы өтсе, 2 787 шақырымы – Қазақстан, ал 3 425 шақырымы Қытай арқылы өтеді. Ал біздің елімізде осы бағытта 2452 шақырым жол қайта салынады. Жоба бойынша 1390 шақырым жолды 4 жолақты бірінші техникалық санатқа өткізу көзделсе, қалған 1062 шақырым екінші техникалық санатқа өткізілетін болады. Осындай ғасыр жобасына біз бірнеше депутат болып өзгерістер енгізуді ұсындық. Яғни, Қазаннан кейін Волгоград, одан соң Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Қазталов, Ақжайық арқылы Ақтөбе сосын барып Орынбор арқылы бұрынғыша Батыс Қытай бағытына жалғасып кетеді. Байқап отырсаңыз, бірінші нұсқада бұл жол Қазақстанның батыс аймағын Ресей арқылы айналып өтіп, тек Ақтөбе қаласының үстімен өтеді. Екінші біз ұсынған нұсқада Волгоградттан кейін Жәнібек ауданынан бастап Батыс Қазақстанның біраз бөлігімен жүріп отырып тікелей Ақтөбеге барды. Ақтөбеден Орынборға шығып, бастапқы бағытына қайта жалғасады. Бұл бір жағынан бұрынғы жолды мың шақырымға қысқартады, сәйкесінше жұмсалатын қаржы азаяды. Содан соң Батыс Қазақстан облысының үш-төрт ауданы халықаралық транзитке қосылады. Соның нәтижесінде біздің жақтағы күрделі жол мәселесі шешіледі. Яғни, бір емес, бірнеше тиімді жақтары бар. Айта кету керек, біздің ұсынысымызды Үкімет қабылдады. Енді Үкімет осы бағытта әрі қарай жұмыс жүргізетін болады. Нақты қолға алынып жатқан іс те бар.
Әдетте, депутаттарды уәдесіне тұрақсыз деп сын айтып жатады. Өзіңіздің берген уәделеріңізді ұмыт қалдырған кезіңіз көп пе? Жалпы уәдеде тұру оңай емес қой, мойындайсыз ба?
– Қазақ атамыз «Уәде – Құдайдың бір есімі» дейді. Сондықтан айтқан сөзге тұруға адам кішкентай кезінен дағдылануы керек. Ол сонда қанға сіңіп, әдетке айналады. Бұл – тәрбиенің басы. Халқымыз «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда көмектесе алмайсың» деп бекерге айтпаған. Өмірдің алғашқы баспалдағынан бастап әр адам отбасынан, қоғамнан, қоршаған ортадан тәрбие алады. Жақсысын алып, жаманынан жиренеді. Адамтану ғылымымен айналысатын ғалымдардың пайымдауынша, адамның мінезін, ой-өрісін, сана-сезімін қалыптастыратын үш жағдай бар. Бірінші тұқымға тартушылық болса, екіншісі қоршаған, үшіншісі өскен ортасы және өзін-өзі тәрбиелеу. Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі оңайлықпен қолға түспейді. Жеткіншек санасының оянуы, оның өзіндік «менін» сезіне бастауы Абай тілімен айтқанда, кісінің өзіне-өзі ұдайы есеп беруінен, өзін-өзі аңғара, байқай алу қабілетінен көрінеді. Өзіңнің жан дүниеңе терең үңіліп, дұрыс-бұрыстың аражігін ажыратудың өзі, меніңше, үлкен өнер. Сол өнерді игеріп, ерекше табандылық, шыдамдылық пен төзімділік таныта білген адамдар тарихта да көптеп кездеседі. Атақты ғалым-педагог Сухомлинский: «Өзіңді-өзің бағындыруға, өзіңе-өзің билік көрсетуге кішкентайыңнан үйрен. Құлқың соқпаған, бірақ қажетті істі атқаруға өзіңді көндіре біл. Тиістіні тындыру – ерік, қайраттың бірінші қайнар бұлағы», – деген екен. Әр адамның жан дүниесі – ерекше сырлы, жұмбақ әлем. Біздің рухани байлығымызды жетілдіріп, бойымыздағы кемшіліктерден арылтатын ең күшті қару да тек адамның өз ерік-жігері екені сөзсіз. Әдетте адам, өзін-өзі тәрбиелеуді көбіне ұнамсыз жайды сезініп, сонымен күресуден бастайды. Біреуі – бойындағы берекесіздіктен, екіншісі – дөрекіліктен, үшіншілер – бойындағы тұйықтықтан, ұялшақтықтан арылғысы келеді. Бұл тізімді жалғастыра берсек, шегіне жетуіміз екіталай сияқты. Өзіңді тәрбиелеу үшін алдымен мақсат қойып, күш-жігер жұмсап, өзіңді-өзің бақылап, өз ісімізге талдау жасап отырғанымыз абзал. Осы мәселе төңірегінде М.Жұмабаев: «Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт», – деп те айтып өткен. Тіпті, көре білген, түсіне білген адамға кез-келген оқиға сабақ болып, тәрбие беретініне ешкім күман келтіре қоймас. Қадыр Мырза Әлі ағамыз: «Берерің болмаса да, беделің болсын» деген екен. Ал оған талпыну да, жету де өзіміздің қолымызда. Өзің жақсы болсаң, жалғыз бола қоймассың. Құдай бізді «жақсы», «жаман» қылып емес, «адам» қылып жаратқанын ұмытпағанымыз абзал. Адамның таңдаған жолы ұлы болмайды, оны ұлы ету де тек адамның өз қолында екенін естен шығармай, жақсы-жаман қасиеттерімізді таразылай білгеніміз жөн. Менің бойымда қандай жақсы қасиеттер бар, ол ең бірінші ата-ана, екінші өзімнің өскен ортамнан, азамат ретінде қалыптасуыма көп еңбек сіңірген ұстаздарымнан деп білемін. Олар маған уәдеге берік болуды ерте жастан санама құйды. Сондықтан, шамам жеткенше уәдеде тұрамын. Әрдайым артық уәде беруден сақтанамын. «Көтере алмайтын шоқпарды беліме байламаймын».
Елімізде «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда жергілікті аудандық бөлімшесіне алғаш болып қомақты қаржы аударып, қолдау көрсеткеніңіз елдің есінде. Сіз ол кезде бар болғаны аудан көлеміндегі бір кәсіпорынның директоры екенсіз. Бүгінгі таңда ана тіліміздің абыройы турасында өз ойыңызды ортаға салсаңыз. Туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесін лайықты деңгейге көтеру мәселесі жайында әңгіме өрбітсеңіз…
– «Ана тілің – арың бұл, ұятың болып тұр бетте» деп Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай. Арың мен ұятың һәм намысың – өз ана тіліңді құрметтемесең, адам болып жер басып жүрудің өзі опасыздық дер едім. «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл – асыл ойдың бұлағы, сананың нұрлы шырағы» деген. Мемлекеттік тілді білмеген адам еліміздің арғы-бергі тарихын да, рухани байлығын да білмес еді. Кие қонған қара сөздің қасиетін сезінбес еді. Ана тілі – қала берді бұл біздің мемлекеттік тіліміз. Сондықтан оның қолданыс аясын кеңейтіп, қоғамдық қарым-қатынас тіліне айналдыру үшін бәріміз де мүдделілік танытуға тиіспіз. Қазақ тілінің қанаты жайылып, буыны бекімей, мемлекеттің іргесі мәңгілікке мығымдалмайды. Сондықтан Елбасымыздың ерекше қадағалауымен мемлекеттік тілдің бұдан әрі де маңызын арттыру, тәуелсіз ел қоғамының барлық саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Елбасы 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн» деген асыл сөздері біздің барлығымызға бір серпін берді. Өзіңізге белгілі, Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылы мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 95 пайызға жетуі тиіс деп көрсетілген. Бұл аз десеңіз, арнайы тіл орталықтары да республикадан бастап, бүкіл өңірлерде жұмыс істейді. Жұмыстары да жылдан жылға жақсарып, сапасы да көтеріліп келеді. Бұйыртса, Елбасымыз айтқан көрсеткіштерге де жетерміз. Бастысы осы сенімнен ажырамай жұмысымызды одан әрі жандандыра түсуіміз керек. Тілді мемлекеттік қолдау бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейде. Осы бағытта республикалық бюджеттен жылына екі миллиард теңгеге жуық (!) қаржы бөлінеді. Жиырма шақты жылдан бері солай. Енді сонда бізге не керек? Ең бірінші ұлтжандылық, сосын намыс керек. Қалған жағдайдың бәрі бар. Бұл мәселеде Президентке, болмаса депутатқа ренжудің еш жөні де, қисыны да келмейді. Әуелі өз тілін білмейтін қандастарымыздың санасын оятатын уақыт жетті. Оларға тіл – бұл бүтін халықтың тағдыры екенін, оған бейжай қарауға болмайтынын ұғындыруға тиіспіз. Өз тіліне бейжай қараған ұлттардың тағдырын тарихтан білеміз. Мәселен, солтүстіктегі ұлт ретінде жойылып кеткен вогу, эдегей, черемис, шор, евен, алеут тағы басқа халықтар бар. Олар ана тілі жойылған күннен бастап, өздері де жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен. Олардың өкілдері бірен-саран адам ретінде жүрген шығар, ал ұлт ретінде оларды ешкім білмейді. Міне, ана тілді қастерлемеудің зардабы деген осы. Еліміздің Ата Заңында биліктің қайнар көзі халық деп атап көрсетілсе, сол халықтың біртұтастығын сақтайтын тіл ғана. Баршамызға ортақ қазақ тілі – ел иесі, жер иесі, мемлекет иесі – қазақтың тілі, яғни қазақ құрған мемлекеттің тілі. Егер біз құт мекен етіп жүрген еліміздің, жеріміздің, тіліміздің қадір-қасиетіне жете білсек, онда біз арамыздағы өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың дәнекері бола алатынымыз анық. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры. Ұлттың қуаты. Тілің болмаса, тарихың да қалыптаспайды. Біздің тіліміз – қара тасты жібіткен Қазтуғанның қуатты тілі! Абайдың дана тілі! Мірдің оғындай Махамбеттің тілі! Осындай өресі – кең, қасиеті – кемел, киесі – құдірет, ұлттың ары мен намысына айналған тілді одан әрі өміршең ету – Сіздер мен Біздердің мойынымызға жүктелген Ұлы міндет! Осыны әрқайсымыз ұмытпауымыз керек.
Сөзіміздің соңында бүгінгі полиция туралы ойыңызды білгіміз келеді. Қоғамдық тәртіп сақшыларының жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Барлық құқық қорғау саласы сияқты ішкі істер органы да жетілу, даму үстінде. Ауыз толтырып айтуға жетерлік жетістігі де, кемшілігі де бар. Сондықтан бәрін бір бағытта бағалауға болмайды. Біреуге білім-білігі төмен, сәйкесінше тәжірибесі аз сақшымен бетпе-бет келуге тура келеді. Жалғыз сол адамға қарап бүкіл ішкі істер органына баға беруге болмайды ғой. Бұл салада өз ісініңің маманы, Отанына адал, қызметіне берілген, өзін де, өзгені де, еліміздің заңдарын да жоғары деңгейде сыйлай алатын, еліне жан-тәнімен қызмет ете алатын азаматтар жетерлік. Солардың қатары күн өткен сайын көбейе түссе, қоғамның да рухани келбеті де жоғарылай түсер еді. Парасатты полицей – өркениетті қоғамның өкілі. Полицияны құрметтеп, сыйлау керек, ол біздің заңды сыйлағанымыз болады. Еліміздің барлық азаматы осындай санаға жетеріне өз басым сенемін. Жалынды сақшылар жасай берсін!
Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Меңдолла Шамұратов

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*