Полиграфиялық қызметтің пайдасы көп

IMG_0502Сегізінші рет өткен Астана экономикалық форумы аясында Бас Прокуратурада құқық қорғау, арнайы және өзге де мемлекеттік органдардың полиграфолгтарының бірінші Конгресі өтіп, оның жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей, Болгария полиграфологтары бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жиын жұмысына отандық полиграфологтармен қатар, Парламент депутаттары, Премьер-министрінің кеңсесі, Ресей және Болгария полиграфологтар қауымдастығы, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. «2013 жылы 30 қаңтарда күш құрылымдары басшыларымен өткен жиында Президент кадрлық саясатты қайта қарау тапсырмасын берген. Тапсырмалар кадрларды іріктеудің және оларды алға жылжытудың жаңа жүйесін құру, қызметкерлердің оқуын, біліктілігін арттыру мен аттестация ұйымдастыруда өзгерістер енгізуге қатысты болды. Елбасы құқық қорғау органдарында полиграфтарды пайдалану керектігіне көп көңіл бөлді. Осы кезден бастап Қазақстанның құқық қорғау органдарындағы полиграфиялық қызметтердің құрылуына есеп жүргізіле бастады. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар кәсіби мемлекеттік аппараттың құрылуы мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге үлес қосады», – деп атап өтті өз сөзінде Бас прокуратураның кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Роза Досымбекова. Оның айтуынша, ортақ күш-жігерді біріктіру құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыруға, олардың қызметінің тиімділігін көтеруге оң әсерін тигізбек.
Конгрес жұмысы құқық қорғау органдарындағы психологиялық-полиграфиялық қызмет мәселелері бойынша халықаралық тәжірибе алмасу, кадрлық жұмысты құқықтық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша бірлескен шараларды атқару және полиграфологтарды полиграфиялық зерттеулердің жаңа әдістемелерімен таныстыруды алдыңғы орынға қойып отыр. Өйткені, бүгінгі күні әлем елдері полиграфтың пайдасы мен тиімділігіне ерекше көңіл бөлуде. Сондай-ақ, жиында полиграфологтардың ведомствоаралық кеңесі таныстырылды. Оның басты міндеті – құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардағы полиграфологиялық қызметтің дамуы мен қамтамасыз етілуіне ықпал етуге бағытталған. Конгрес қатысушылары осындай кәсіби қауымдастықты құрудың маңыздылығына тоқталып, халықаралық ынтымақтастықты орнату, полиграфологтар қызметін қалыптастыру мен дамыту қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін дамыту үшін аса қажет екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, мамандардың өзара әрекет етуі полиграфты қолданудың нормативтік-құқықтық базасын дамыту, полиграфолог мамандардың қызметін ақпараттық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету, полиграфологиялық зерттеулер жүргізудің өзекті мәселелері бойынша ведомствоаралық және халыралық ғылыми-ақпараттық алмасуды дамыту үшін аса маңызды рөл атқарады. «Полиграфологиялық зерттеулер жүргізудің мұндай тәжірибесі тек ведомствоаралық ықпалдасу жолымен ғана қалыптаспақ. Ал осындай кәсіби қауымдастықты құру, жалпы алғанда ведомствоаралық ықпалдасуға мүмкіндік беретін болады», – дейді Роза Досымбекова.
Шетелдік ғалымдар мен полиграфолог сарапшылар полиграфологиялық зерттеу жүргізудің психофизиологиялық ерекшеліктерін және тестілеу әдістерін тәжірибеде қолдануға байланысты өздерінің шеберлік сағаттарын өткізді. Полиграфиялық қызметтің пайдасы туралы тәжірибе алмасу үшін полиграфологтар келер жылы екінші Конгрес өткізу туралы тоқтамға келді.

Жадыра ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ, суретті түсірген Алим ЕЛУБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*