Жұмәділ жайлы кітап есіл ер туралы естелікке толы

АУБАКИРОВ (3)Соғыс… осы бір адам санасын сұп-суық лебімен дір еткізетін сүйкімсіз сөздің астарында қаншама адамның көз жасы мен қайғы-мұңы, жалғызын жоқтап зарлаған қаншама ананың тағдыр наласы жатыр. «Соғыс» сөзі соғыстың не екенін сезінбей өскен ұрпақтың жүрегіне үрей болып ұяласа, бірінен кейін бірі жау оғынан жан тапсырып жатқан жігіттердің жанарында жарық дүниеге деген соңғы құштарлықты көзімен көрген бүгінгі ардагерлердің жан жарасын жүрекпен түсінуге болады.
Ұрыс даласынан шалғайда жатқан менің туған ауылым – «Арасан» ол кезде «Красная звезда» деп аталады екен. Алатау мен Қоңыр таудың ортасында біріне бірі жалғасып жатқан осы «Красная звезда» мен «Ворошиловтың» арасында Суықсай деп аталатын ауыл бар. Ауылы аралас, қойлары қоралас болған осы үш ауылдың бірі – Суықсайдан соғысқа аттанған өрімдей жігіттердің бірі – Жұмаділ Әубәкіров. Жерін жаудан қорғауға қатысқан жерлес жауынгерлерден Жұмаділдің бір айырмашылығы – ол соғысқа капитан шенімен кірген. Жұмаділ 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен Ашхабадта бір жылдық полк мектебін тамамдапты. Сонымен қатар, лейтенанттар курсын бітірген ол взвод командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, Ташкент қаласынан саяси жетекшілер курсын бітірген. Осындай өмір жолынан өткен солдат елге оралған соң Алматы қаласындағы өрт күзеті басқармасының саяси жетекшісі қызметіне тағайындалады. Отбасын құрып, қызығы енді басталып келе жатқан өмірін соғыс астан-кестең етті. Ал 1941 жылы желтоқсанның басында Алматыда 18-19 жастағы қазақ жастарынан жасақталған 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасына дәл Жұмаділ Әубәкіров сияқты әскери өмірдің қазанында қайнаған жігіттер ауадай қажет еді. Осы бригададағы 4-ші атқыштар батальонының әскери комиссары болып бекітілген Жұмаділ жаңадан келген жастарды әскери өнерге үйретіп, солармен бірге 1942 жылдың 12 тамызында Мәскеуге қарай аттанады. Бірақ сұм соғыс жалындаған жас жігіт, білімді комиссардың өмірін қиып түсті. Ол 1943 жылдың 6 қаңтарында Великие Луки қаласын азат ету үшін болған қанды қырғында қаза табады. Комиссардың өлімін өз көзімен көрген әскери дәрігер Зейнолла Төлегенов кейін Жұмаділдің отбасына жазған хатында «Капитан Әубәкіров басынан жараланып, оны зембілге салып санитарлық бөлімшеге апара жатқан кезде жау минасы жарылып опат болды» деп хат жазған. Жұмаділ Әубәкіровтың майдандағы ерлігі туралы жауынгер жазушы Жекен Жұмаханов «Сталин үшін алға» деген газетке жазған мақаласында «Жұмаділ Әубәкіров қатты шайқаста жараланғанына қарамастан, қолына таяқ ұстап алып «мен жолдастарымның соғысқанын көрмей отыра алмаймын» деп қайтадын соғысқа кіріп кетті» деп жазған екен. Жұмаділдің есімі Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықовтың Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында жазылған «Жауынгер жігіттер» деген мақаласында «Бригада «Великие Лукиге» жетісімен біздің жігіттер жауды қалаға қарай бір қадам да бастырмады. Капитан Жұмаділ Әубәкіров, лейтенант Әнуар Сейдахметов, кіші лейтенант Шәкен Зеленкин сияқты командирлер мен көптеген қатардағы жауынгерлер осы шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген жолдар бар. Сонымен қатар, Әз-ағаңның «Егер әскери шенді капитан, батальон командирі Жұмаділ Әубәкіров Ұлы Отан соғысында қаза таппаса, бүгінде маршал болмаса да Талғат Бигельдинов секілді генералдардың қатарында болмасына кім кепіл» деген сөзін қазір Жұмаділдің ұрпақтары мақтан тұтады. «Қызыл Ту» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері ержүрек жауынгердің артында жалғыз ұрпағы бар. Ол – әкесі майданға аттанып бара жатқанда туған қызы Рена-Орал Әубәкірова. Жүзінен үнемі мейірімнің лебі есіп тұратын Рена апай ұзақ жылдар «Қапал-Арасан» санаторийінде дәрігер болып абыройлы еңбек етті. Аядай ғана ауыл болса да шипалы суының арқасында атағы алысқа кеткен «Арасанның» бағы сонау кеңес кезінде қатты дәуірледі. Он бес одақтас республиканың түкпір-түкпірінен ағылатын емделушілердің легі қысы-жазы бір толастамайтын. Санаторийдің аумағына сыймағандары ауыл үйлерінде жатып ем алатын. Солардың барлығы дәрігер Рена апай тағайындаған емінің шипасын сезінсе, басы ауырып, балтыры сыздаған арасандықтар да Рена апайға жүгіретін. Бала болсақ та осы бір қарапайым ғана келіншектің дәрігерлік емімен қатар жылы сөзі мен науқастарға деген ықыласының өзі-ақ жан семіртетінін жақсы сезінетінбіз. Бірақ, ешқашан ол кісінің екі адамның есімін алып жүргеніне мән бермейді екенбіз. Оның сырына қолымызға апайдың жан тебіренісіне толы «Капитан Әубәкіров» деген кітабын оқығанда ғана қанықтық. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жарық көрген кітап тек қан майданда қаза тапқан капитанның өмірі ғана емес, тұтастай бір әулеттің тағдыры туралы сыр шертеді. Кітаптағы адамның жүрек қылын қозғайтын оқиғалардың бірі – әкесін соғыс жалмаған жүрегі жаралы қыздың әкесінің майдандас достарын іздеп тауып, олардың кең құшағынан әке мейірімін іздеген алғаусыз сәттері. «Менің атымды әкем Орал деп қойыпты. Өзі соғысқа бара жатқан соң, туған елге аман-есен оралсам екен деген ниеті шығар. Майданда жүргенде бір қарулас досының Рена деген қызы қайтыс болады да, досының қайғысына қабырғасы қайысқан әкем, «сенің қызыңның аты өшпесін, мен қызымды Рена деп атаймын» депті. Содан менің екі есімімді де әкем қойған, – дейді Рена-Орал Әубәкірова.– Бүкіл қазаққа танымал жауынгер жазушылар Әзілхан Нұршайықов пен Жекен Жұмаханов менің әкеммен бірге соғысқан. Жекен аға әкеммен үнемі бір сапта жүріпті. Осы әңгімені Әзілхан ағадан естіген соң, үнемі «Жекен ағаға барсам-ау» деп ойлап жүретінмін. Сол кездесудің сәті мен Алматыда мединститутта оқып жүргенде түсті. Алматыдағы көкбазардың жанындағы зәулім үйдегі сол кезде «Мәдениет және тұрмыс» деп аталатын журналға Жекен ағаны іздеп бардым. Сұрастырып жүріп кабинетін тауып алдым. Алғашында маған онша мән бермеген ол кісі «Мен Жұмаділ Әубәкіровтің қызымын» дегенімде орнынан ұшып тұрып, есік көзінде тұрған маған ентелей ұмтылды. Жекен ағаның төсіне басымды сүйеп тұрып, әкем тіріліп келгендей қуандым. Бірақ әкеге деген сағыныштан жанарымнан төгілген жас жүзімді жуып тұрды. Көпке дейін өксігімді баса алмаған мені басымнан сипап, маңдайымнан өпкен Жекен ағаның мейірімінің арқасында мен шын мәнінде әке мейірімінің қандай болатынын сезіндім. Ол кісінің «Жұмаділ арыстандай ер еді ғой. Атқа секіріп мініп, ұшып бара жатқан құсты атып түсіретін мергендігін айтсайшы» деген сөзінен соң түр-түсін танып үлгермеген әкеме деген мақтаныш мені жеті қат аспан көгіне бірақ алып шыққан болатын. Бірақ тіршіліктің таусылмайтын түйткілдерінің соңында жүрген мен ол кісімен одан соң кездесе алмадым. Мединститутты бітіріп, туған ауылыма дәрігер болып кеттім де, астанаға жолым түспеді. Сексенінші жылдардың аяғында «Мәдениет және тұрмыс» журналының соңғы бетінен оның қара бояумен қоршалған фамилиясын көріп, алыста жүрсе де маған шын ниеттес адамымнан айырылып қалғаныма налып тағы да өзімді өзім тоқтата алмай көп жыладым». Иә… «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қазақтың қадірлі сөзінде үлкен қасиет бары шындық. Рена-Орал апайдың әкесі туралы әңгімесі таусылмайтын тақырып. Атақты Әзілхан Нұршайықовтың өз әкесімен бір майданда соғысқанын еске алғанда, апамыздың бойын кернеген мақтанышы алаулап жүзіне шығып тұрады. Ол кісінің шаңырағына именбей кіретін бір аяулы адамына айналғанын да күні бүгінге дейін естен шығармайды. Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов кезінде жаужүрек капитан Жұмаділовті мәңгі есте қалдыру үшін өзі туып-өскен Суықсай ауылындағы мектепке Жұмаділовтың атын беру туралы Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтың атына хат та жазған. Бір өкініштісі – Жұмаділдей есіл ердің рухы алдындағы осы бір парыз әлі күнге дейін орындалмай келеді. Әзірге «Арасан» ауылындағы бір көшенің Жұмаділ Әубәкіровтың атымен аталатыны көңілге жұбаныш. Бүгінгі ұрпақтың бақытты болашағы үшін жастығын құрбан еткен аталарымыздың атын әспеттеу олар үшін емес, керісінше қазіргі жастардың жүрегіне отаншылдық рухтың ұрығын себу үшін қажет екені мәлім. Ал, Рена апай үшін әкесінің бала күнгі досы – Анатолий Федорович Винтовкиннің орны тіптен ерекше. Туған жердің тасына табанын тілдіріп, тау-тасын бірге кезген Жұмаділ мен Анатолий ат жалын тартып мінген шақтарында бірге жүрмесе де, бала күнгі достықтарын өмірлерінің соңдарына дейін қадірлеп өтті. Арасан ауылынан сонау 1927 жылы кеткен Анатолий Федорович те соғыста танкист болыпты. Соғыстан кейін орыстың Орск қаласын мекен еткенімен Анатолий балалық бал дәурені өткен қазақ ауылына, өзінің туған ауылына жиі болмаса да жолы түскенде келіп-кетіп тұратын. Келген сайын қыз да болса досы Жұмаділдің атын өшірмей жүрген Рена апайдың үйіне түсіп, өз күйеу баласындай болып кеткен Бағдат ағамен таңға әңгімелесетін. Ол кісі Ренаны «менің бесінші қызым» деп бауырына басты. Ұлты басқа болғанымен достықты ұлықтау сезімі бір осындай сыйластықтың түп-төркінінде Рена апайдың әкесіне деген сарғайған сағынышы жатқаны анық еді. Рена негізінен нағашы апасы мен атасының қолында өсті. Қолында кішкентай сәбиімен жесір қалған қызының тағдырына толғанған Смағұл мен Айымхан ана сәби Ренаны бауырларына басып, оның анасының екінші рет тұрмыс құрып, үбірлі-шүбірлі отбасының алтын қазығына айналуына жол ашты. Бүгінде батырдың жалғыз ұрпағы жапырағын кеңге жайған алтын құрсақты ана, бір азаматтың бағын ашқан асыл жар. Өмірлік серігі Бағдат екеуі бес бала тәрбиелеген бақытты ата-ана. «Мен ес білгелі әкемнің соғысқан жерін көрсем деп армандайтынмын. Сол арманымды 2013 жылы ұлым Фархат орындады. Өзінің жеңіл көлігімен мені Ресейдің Великие Луки қаласындағы Бауырластар зиратына апарып, онда жерленген әкемнің басына туған жердің топырағын салып қайттым», – дейді Рена-Орал Жұмаділқызы. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында 100-ші атқыштар бригадасының әскери комиссары болған, капитан Жұмаділ Әубәкіров туралы жазылған «Капитан Әубәкіров» атты кітаптың тұсаукесері болды. Ер есімін есте қалдыруға арналған кешке батырдың қызы Рена-Орал Жұмаділқызы және батырдың күйеу баласы Бағдат Бектемісов, кітаптың жалпы редакциясын басқарған журналист, жас қаламгер Елдос Тоқтарбай, кітаптың шығарушы редакторы, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Баян жүрек» баспасының директоры Арасанбай Естен және ақын, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі Қуат Қайранбаев пен Жұмаділ Әубәкіровтің немере келіні, өлкетанушы – Нұршайым Мақатайқызы Рахатаева қатысты. Олардың барлығы да мектеп оқушылары алдында жастықтарын сұрапыл соғыс талқандаған аға ұрпақ өкілдерінің Отанға деген сүйіспеншіліктерінің арқасында келген Жеңіс деген сөздің қадірі жайлы толғанды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*