Тіл – ұлттың жаны

туган тилимӨзге жұрт тілі үшін не істеп жатыр?
Тіл – әр ұлттың қорғаны. Кеудесінде жаны барда кез келген ұлт өз тілінің жойылуына жол бермейді. Әлемдегі мен деген ұлттар арасында өз тілін ауқымды түрде өрістетіп, дамытуда ашық бәсеке басталғандай. Әлбетте дәл қазіргі таңда әлемдік тіл деп ағылшын тілін білеміз. Бірақ, уақыт өте келе заманында қоғамды қозғаушы күшке айналып, салтанат құрған ежелгі санскрит, көне парсы, көне түрік тілі сияқты барлық маңызды деген тілдердің де орны ауысатын көрінеді. Зерттеуші мамандардың пікірінше, 2050 жылы бүгінде бәсі жоғары тұрған ағылшын тілінің орнын қытай тілі басуы мүмкін екен. Қытай тілінің расымен күш алып келе жатқаны байқалады. Соңғы он жылдықта Қытайда қытайдан басқа аз ұлттарға балабақшадан бастап, орта мектептерде қытай тілін толық біліп шығу міндеттелген. Ханзу тілін жете білмеген, мектепті ханзуша бітірмегендерге жұмыс табу, қызметтік сатыларда көтерілу мүлдем мүмкін емес көрінеді. Қытай тілі біздің Қазақстанда да өз көкжиегін кеңейтіп келеді деуге болады. Бір мысал, қытай елшісі Чжоу ЛИ баспасөзге берген сұхбатында «Қазақстанда қытай тілінің мектептерде оқытылуы жыл өткен сайын ұлғайып келеді» деп өз қуанышын білдіріпті. Одан әрі: «2006-2012 жылдар аралығында Қазақстанда 4 Конфуций институты ашылыпты. Қытай тілі жоғарғы оқу орындарында, бастауыш және орта мектептерде пән ретінде өтіп, оның оқытылуы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Мені таңқалдыратыны – қытай тілінің танымалдылығы ерекше. Қазақстанда Қытай кәсіпорындары күн санап көбейіп келеді. Жұмысшыларды шектеу де өте қиынға соғып тұр. Қазақ қытай компаниясында істейтінін мақтан етеді. Бұл – қытай тілін үйренуге негізгі қозғаушы күшке айналды», – дейді. Олар қуанатын шығар, бірақ біз қуана алмаймыз. Тіл үйреніп, әлемге шығу жақсы болғанымен, мұның әйтеуір ел қауіпсіздігіне салқыны тимесе болды дейсің іштей. Бізге экономикасын ілгерілете отырып, сол арқылы тілді де дамытуды ойлап, осы жолда жетістікке жеткен Жапонияны үлгі етуге болады. Ұлттық табысының біраз мөлшерін өз тілін көркейтуге жұмсап отырған мемлеке өткен ғасырдың 40-ншы жылдарынан бері өздері шығаратын компьютер техникасын тек жапон тілінде дамытып келеді. Саны жағынан аса көп болғанына қарамастан, бірыңғай ағылшын тілінде сөйлейтін Үндістан да өздерінің хинди тілінің беделін көтеруге кірісіп жатыр. Халқының жартысы ғана сөйлейтін хинди тілін мойындату үшін жаңа заң жобасын шығарған. Хинди тілін Ұлттар Ұйымының ресми тілдер қатарына енгізу үшін аударма қызметтеріне 14 миллион доллар қаражат жұмсамақ. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди мемлекеттік қызметкерлер мен барлық министрліктердің және ведомстволардың шенеуніктері, барлық корпорациялар мен банктер Twitter, Facebook, Google, YouTube сияқты әлеуметтік желілер мен блогтарды пайдалануда өздерінің ата-баба тіліне басымдық беруі тиіс деп соған арнайы өкім шығарған. Бұдан әрі хинди тілінде сөйлесетін мемлекеттік қызметкерлерге қосымша сыйақы тағайындалмақ. Хинди тілінің әлемдік тілді ығыстыра алатынына сенбесек те, осы бастама, ниеттің өзі үлгі аларлық деп ойлаймыз. Жоғарыда саны жағынан әлемдегі ең көп ұлттарды ауызға алдық. «Көп қорқытады, терең батырады» дейді халқымыз. Басқа басқа, әрі саны көп, әрі экономикасы қуатты тап солардың тілі жоғалмас еді, бірақ, жаһандану процесінде бұл елдер де өздерін өзгелерге мойындату амалын жасап бағуда. Ал, біз ше?

Мәртебелі Мемлекеттік Тіл, төрге шығыңыз!

Өткеніне салауат, бүгінгісіне шүкіршілік білдіретін жұртпыз. Соңғы жылдары мемлекеттік тілге көзқарастың өзгергеніне тәуба дейміз. Ендігі жерде мемлекеттік қызметшілер үшін қазақ тілін үйренуге қажеттілік пайда болды. ҚАЗТЕСТ жүйесiн жетiлдiру бойынша мемлекеттiк тiлдi оқытуға арналған бес деңгейден тұратын оқу-әдiстемелiк кешені әзiрленіп, елiмiздiң барлық тiлдердi оқыту орталықтарына таратылды. Биылдан бастап орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесiн енгiзу арқылы азаматтарды қызметке алуды шешетін болды. Біздіңше, бұл соншалықты қиын талап емес, осы елде қанша өзге ұлт болса, соншасына мемлекеттік тілді үйрету бойынша барынша мүмкіндік жасалып отыр. Оның үстіне елімізде осында тұрып жатқан әрбір ұлт өзінің тілін сақтап қалу үшін бар жағдай қарастырылғанын айта кетейік. Өзге ұлттар осы еңбекті түсінсе екен дейсің.

Бабалар аманатына қаншалықты адалмыз?

Кезінде «ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүретін мектептер ашу керек, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу керек» деп мәселе көтерген Әлихан Бөкейхановты өз идеясынан ажырату үшін біраз жыл Самарада ұстаған, біраз жыл Мәскеуде қамаған, сонда да сол адамдар ақырына дейін елдік мұрат үшін күрескен. Тіпті, тулары жығылғаннан кейін де қазақ үшін оқулықтар жазып кеткен. Сәкен Сейфуллиннің айтқаны әлі күнге маңызын жоғалтқан жоқ деп айта аламыз: «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге бара алмай жүрсе, енді бірі «ұлтшыл» деп айта ма деп бой тартады. Бірақ – бұл қылық коммунистік қылық емес, ол жарамсақтық, жағымпаздық» деп салыпты сол кездегі «Еңбекші қазақ» газетіндегі мақаласында. Бүкіл Түркістанды біріктірмесек күресе алмаймыз деп, сол кезде Жетісу мен Сырдария Тәшкенге қарағанда М.Тынышпаевтың Жетісуды, ал Мұстафа Шоқайдың Сырдарияны қазаққа қайтарып берген еңбегінен көпшілігіміздің хабарымыз аз. Егер сол бетімен қазақ өзге елдің жұртында қала берсе, халықтың одан әрі шашырап, бір-бірін бір қазақпыз деп тануы қиын болып қаларын жақсы түсінгенен де сөйткен. Қазақ азайса, қазақ тілін кім сөйлейді, міне, осы мәселе әлі сол күйінше маңызды. Тарихқа үңілсек, Ташкенттің бір кездері қазақ жері болғаны белгілі. Сол кезде өз жерімде отырмын деп бейқам қалып қойған қазақтардың бүгінгі ұрпағы өзбектеніп кеткені – ол да анық нәрсе. Қанша қазақ өзбек деп жазылып кетті. Тіпті қазақ деп жазылып жүргендерінің өзін анық қазақ дей аламыз ба? Бұл да біздің бір кездегі жоғалтқанымыз…
«Заманында Мақаш Бекмұхамедов деген кісі Астрахан жеріне екі-үш жыл бұрын қазақтың ескерткіш-тастарын түйеге артып апарып көміп тастап, екі-үш жыл өткенде «мынау қазақтың жері» деп дау шығарып, қазақтың жерін кеңейткен» деген дерек келтіреді Әнес Сарай ағамыз өз еңбегінде. Бұл да бір көңілді тебірентпей қоймас дерек. Сол кезде Қиғаштан өтіп Астрахан жеріне барып қалған қазақтар бүгінде біраз болған дейді. Бірақ, ондағы қазақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай жағдайда, ол енді басқа әңгіме. Себебі сол Астрахан, Орынбордағы қазақ диаспораларының өздерінде қазақ тіліндегі кітаптың тапшылығын айтып тарихи Отанынан көмек сұрайтынынан хабардармыз. Расында да көршілес елдердегі біздің тіліміздің жағдайы нешік? Әрине, біз Америкадағы не Лондонда неге қазақ мектебі жоқ деп отыранымыз жоқ, сол Өзбекстан мен Қытайда өзіміздің қандастарымыз бар. Бірақ, бара-бара ол жақтағы ағайынды туғанымыз дей аламыз ба? Себебі – қазір Қытайда қазақ мектептерінің біразы жабылып қалған. Кеңес кезінде Өзбекстанда 565-тен аса қазақ мектебі болған болса, осы күні азая келіп, соның 40-50-і ғана қалыпты дейді, оның өзі өзбектенген мектеп. Ал, енді Ресейдегі қазақ мектебі туралы айту тіпті қиындау.

Оңтүстікте оралымды істер аз емес

Оңтүстік кешегі қызыл империя тұсында да орыстанбай, қазақылығын сақтап қалған өңір. Отырардағы отыз баб, Түркістандағы түмен баб, Сайрамдағы сансыз баб, бабтардың бабы – Арыстанбаб дегендеріңіз аңыз-әфсана ғана емес, осы өңірдің кешегіден сыр тартып, ертеңгісіне шуағын шашар шамшырағындай. Елбасының «Шымкентті республикадағы үшінші қалаға айналдырамыз»дегені өңірге жаңа серпін берді. Жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, ел игілігі үшін ырғақты жұмыс істеуде. Ең бастысы – Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тілді дамыту тәуір жолға қойылған, осы мақсатта қаншама ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Басқасын айтпағанда, облыста қазақ тілінде кино түсіретін жеке студиялар да жетерлік. Қазақстандағы «Балапан» балалар арнасында мультфильмдері көрсетіліп, кішкентай көрермен тарапынан зор сүйіспеншілікке бөленіп жүрген «САҚ» студиясы да Шымкентте. Кино туралы неге айттық? Қазақ тілінің аясын одан әрі кеңейтіп өрістету үшін жас ұрпаққа қазақ тіліндегі өнім ұсынуымыз керек. Тілді құрдымға кетуден сақтау үшін ұлттық өнер мен мәдениет, көркем әдебиетке жағдай жасап, киноға жол ашу керек. Мойындау керек, біз кино түсіруден басқаны айтпағанда көрші өзбек пен қырғыздан біраз қалып қойдық. Өзбекстанда жылына 65-70 фильм шығатын болса, соның кемінде 15-не үкімет қаржы бөледі. Бізде жеке студиялар өз күндерін өздері көруде. Қалай болғанда да негізгі мақсат – көркем фильм болсын, деректі фильм болсын жас ұрпаққа тәрбие беріп, ұлттық мүддені ұлықтайтын дәрежеде болуы керек. Қазақ тілінде ұлттық батырлар туралы мультфильм мен ұлт қаһармандары туралы кино көріп өскен баланың тілі де қазақша шығып, тек өз ұлтына ғана бүйрегі бұрып тұрар еді.

Өз тілін өзгеге айырбастамайтын ұрпақ өсірейік

Тіл туралы сағаттап жиналыс жасауға болады, құлаш-құлаш баяндамалар да дайын, бірақ, құр ағыл-тегіл сөзбен тілдің беделін көтере алмаймыз. Тіл дамыту мақсатында арнайы бағдарламалар жасалып, қаражат бөлінгені жақсы, бірақ, осынау істің бәрін жанымызды салып, келешегімізге кепіл болар игілікті іс деп қана жасасақ, бұл шынымен де баянды тірлік болар еді. Тілдің тұғыры берік болуы үшін – алдымен ұрпақ тәрбиесін түзеу керек. Өйткені, сол тілге ие болып, асыл мұрадай көріп ұстап қалатын, сол тілді өз баласына жеткізетін де бүгінде балабақшада, мектепте томпаңдап жүрген қазақтың ұл-қызы. Тілдің тұғыры мықты болуы үшін оның иесі, яғни өзіміз сапалық жағынан көтеріліп, жас ұрпақты ұлтын шын мәнінде сүйетіндей етіп тәрбиелейік. Егер жас бала жөргегінен ата-бабасы қорғап-қастерлеген тілі мен дәстүрін біліп өссе, онда күні ертең өскенде туған тілін басқа тілге айырбастамасына, өзге дінге көңілін бермесіне, өз ұрпағын да бабалар аманатына лайық өсіреріне сенеміз. Бірақ… Өзіміз қайткенде мықты ел боламыз деп жүргенде, біздің ұлттың қыздарының бақытын басқа жұрттың жігітінен іздеуі де алаңдатып, мазаны май ішкендей етуде. Қытаймен некеге тұрған қазақтар саны 3300 адам дейді статистика. Бұл негізінен қытайға ерге шыққан қыздар. Бүгінде он қазақ қызының біреуі міндетті түрде басқа ұлтқа кететін болған. Бұл өте қауіпті жағдай. Бұл неке – саны көп елдер үшін ғана тиімді. Бүгінде қазақ қызы басқаға тұрмысқа шықса, мақтанғандай болып фейсбукке түрік не араб күйеудің суретін салып қоятын болдық. Бұл деген масқара жағдай екенін жастарға кім айтып түсіндіреді? Ежелде жауын жеңгенде сол елдің қыздарын әйел еткен. Бір мысал айтайық, түрікке күйеуге шыққан орыстың қыздарының саны 300 мыңнан асқан, ал олардан туған балалар саны 1 миллион болған деген деректі көзіміз шалды. Түріктен де, басқадан да сақтану керек. Әсіресе, қытайдың, өзбек пен қырғыздың қазақ қыздарына құмарлығы бізді алаңдатуы тиіс. Оқыған, зерек қыздарымыз өзіміздің ұлттың интеллектуалдық деңгейі үшін, келешек ұрпақтың сапалы болуы үшін де керек. Кезінде қазақ зиялылары қоғамдағы орнын айқындау үшін орыс, еврей немесе татарға үйленгендерін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, бір анық нәрсе, анасы орыс, әкесі қазақ баланың екінші ұрпақ айналғанда орысқа айналып шыға келетінін көріп жүрміз. Немесе, қытайға шыққан қазақ қызының баласы жүз пайыз қытай болып шығады. Ал, бүгін жалпы статистикаға жүгінсек, орта есеппен елімізде бір жылда 100 мың неке тіркелсе, соның 20 пайызы өзге елдің азаматтарымен қиылған неке көрінеді. Республикадағы АХАЖ бөлімдерінің мәліметке назар аударсаңыз, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия, Израиль, Германия мен Пәкістан азаматтарына да шыққан қазақ қыздарының саны күрт өскен. Мұндай неке елімізге үлкен қатер төндіруі ықтимал. Өйткені халқы жылдан-жылға жеріне сыймай жатқан Қытайдың Орталық Азия елдеріне қазірдің өзінде осы әдіспен еркін еніп келе жатқаны байқалып келеді. Сондықтан іргеміздің бүтіндігін, тәуелсіздігіміздің баяндылығын ойласақ, осы жағын ойлауымыз керек. Қазақтың қыздары біздің арымыз, намысымыз, осы ұлттың ертеңгі анасы екенін жастарға түсіндіру керек…Тілдің жоғын түгендеуге қатысты тірлігімізде бұл да маңызы үлкен мәселе.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*