Қасиетті мекенде өткен мағыналы жиын

dsc_0097Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапары барысында Түркістанның әлеуметтік саласының дамуымен танысып, қалалық аурухана, мектеп-гимназия мен мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынған түркі тілдес халықтардың жеке кітапханасы мен балабақшасын аралап шықты.
Сондай-ақ, вице-премьер Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ұйымдастырылған «Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы Қазақ хандығының рөлі мен маңызы» атты ғылыми-теориялық конференция жұмысына қатысты. Айтулы жиынды алғысөзімен ашқан Бердібек Машбекұлы алдымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Хатта Елбасы мемлекет тарихындағы айтулы кезең – Қазақ хандығының 550-жылдығы Отанымыздың түкпір-түкпірінде атап өтілетінін, Қазақ хандығының қалыптасуына арналған мұндай ғылыми іс-шаралар мемлекет шекарасынан асып, шетелдерде де ұйымдастырылып жатқанын айтыпты. Сонымен бірге «Соңғы бірнеше жылда республикада «Тарих ағынындағы халық» мемлекеттік бағдарламасының арқасында Қазақ хандығын жан-жақты зерттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Оның ішінде Қазақ хандығының құрылуынан бастау алған «Мәңгілік ел» идеясының негізі болған мемлекеттілік идеялар зерттелді. Осының бәрі қазіргі және болашақ ұрпақтың жүректерінде қазақстандық патриоттықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің пайда болуына дәлел болып табылады. Бүгінгі таңда Түркістан ұлтымыздың мақтанышына, ата-бабаларымыздың рухының қасиетті мекеніне айналды. Оған қоса, бұл ежелгі қала барлық заманауи түркі әлемінің халықаралық ғылыми орталығы, атап айтқанда, қазақ халқының тарихын, оның салт-дәстүрін зерттейтін ғылыми орталық саналады», –делінген құттықтау сөзде. Айта кету керек, биыл Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толады. Осыған байланысты елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы ауқымды түрде аталып өте бастады. Мемлекет құрылуының мерейтойы ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталып отыр. Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасында хандық құрылуының ғылыми деректері, мерейтойдың концептуалдық негіздері, идеологемалары, негізгі мақсаттары мен міндеттері және оның кезеңдері келтірілген. Ол бойынша ең алдымен атқарылатын шаралар азаматтарға патриоттық тәлім-тәрбие беруі тиіс. Яғни қазақ халқының Отанға деген махаббатты арқылы ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты ояту. Екіншіден, ақпараттық жағынан: ғылыми көпшілік бағдарламаларды, ғылыми-танымдық деректі фильмдерді, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы көркем фильмдерді жасап, жетекші орталық телеарналар арқылы таратуда да маңызды. Сондай-ақ, ғылыми бағыт бойынша, қазақ хандығының құрылу проблемаларын зерделеу мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми конференциялар ұйымдастыру. Бұдан бөлек, қазақ мемлекеттілігі туралы ақпараттарды анықтау мақсатында Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Египет, Өзбекстан сияқты елдердің мемлекеттік мұрағаттары мен музейлерінен, ғылыми-зерттеу орталықтарынан іздестіру жұмыстары қолға алынды. Қатысушыларға қарата сөйлеген сөзінде Бердібек Сапарбаев Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз еркін және егеменді мемлекетке, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналғанын басып айтты. «Осы тұрғыда Қазақ хандығының 550-жылдығын мерекелеу, Елбасы айтқандай, бұл тарихи сабақтастықтың, бір шаңырақтың астында келісім мен бейбітшілікте тұрып жатқан барлық қазақстандықтардың бірлігінің көрінісі», – деді вице-премьер. Қазақстанның қазіргі таңда әлемдегі беделін айғақтаса керек, киелі Түркістан топырағында өткен конференция жұмысына еліміз ғана емес, шар тараптан арнайы қонақтар жиналыпты. Соның ішінде Түркия, Иран, Әзірбайжан, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының 600 ден астам өкілі қатысты.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*