Ұланның үлгілі үздіктері

IMG_2866Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған Қазақстан Республикасының Ұлтық ұлан әскерлері 23 жыл ішінде ел іргесінің амандығы мен бүтіндігін бекемдеп, әлеуетін жыл сайын арттырып келеді. Соңғы уақытта заманауи әскери техникалармен жабдықталған Қарулы күштер саласында жауынгерлердің санынан гөрі сапасына көңіл бөлінуде.
Ал таяуда тұрақтылық пен халқымыздың тыныштығын күзетіп, елге қорған болу үшін қайраты мен күш-жігерін жұмсап отырған жауынгерлер салтанатты түрде марапатталды. Бұл шара Қазақстан Республикасы Ұлтық ұлан әскерлері Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатовтың «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөліміне жұмыс сапары барысында өткен еді. Әскери бөлімге арнайы ат басын тіреген Мұхаметқали Құсайынұлы жеке құраммен және де жас офицерлермен кездесіп, өз қызметтерін үздік атқарып жүргендерді алғыс қағаздарымен марапаттады. Әскери қызметшілер алдында сөйлеген сөзінде полковник М.Сатов олардың алдында Қазақстанның Ұлттық ұлан әскерлерінің кәсіби шеберлігін және де күштілігін нығайту жолындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру міндеті тұрғанын атап өтті.
«Кәсіби кадрлар – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан жауынгерлік әзірлігінің басты құрамдас бөлігі. Бұл Ұлттық ұлан басшылығы үшін де басымды бағыт. Кез келген ұжымда көшбасшылар болады. Әрине, әскери жоғары оқу орындарын тәмамдап, бізге келіп жатқан жас лейтенанттардың ішінен көшбасшылық қасиетке ие жастар анықталып жатады. Оларды біз қызметін жоғарылату бойынша резервке енгіземіз. Сәйкесінше, олар үнемі бақылауда болады. Одан әр жылдың соңында сол бақылау бойынша өз қызметтерінде жоғары нәтижеге қол жеткізген жас командирлердің қызметтерін жоғарылату бойынша ұсыныстар әзірленеді. Бүгін, міне, жас болса да рота, батальон басқарып жүрген жас офицерлерді көрдіңіздер», – деді өз сөзінде полковник Мұхаметқали Сатов. Салтанатты шарада жауынгерлік қызметте, оқуда озат шыққан жауынгерге құрмет көрсетілді. Ерекше марапатқа ие болған әскери қыз-келіншектің арасында кіші сержант Қырмызы Шайхина да бар. Сондай-ақ, кеште атқыштар ротасының командирі, аға лейтенант Тимур Жүрсінов, старшина Василий Лаврентьев те аса мәртебелі құрметке бөленді. Бөлім ұжымы үздік жауынгерлерге бағалы сыйлықтарды табыстады, кешті мерекелік концертпен тәмамдады.

«Батыс» өңірлік баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*