Жеңіс – ерлікке жетелер рух

9 МАЙ КУЗЕТ 2Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өздеріне бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерлерге ерекше құрмет көрсетті.
Салтанатты шара жеке құрамның сап түзеуімен басталып, сымдай тізілген сақшылар ардагерлер алдында өздерінің әскери шеберліктерін паш етті. Кейінгі ұрпақтарының бейбіт күндегі салтанатына көңілдері толған ардагерлер бұл көріністерге қуана қол соғып отырды.
Мерекелік жиын кезінде Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі И.Дзигалюк баяндама жасады. «1945 жылдың Жеңіс күні жыл өткен сайын бізден алыстап барады. Кеңес Одағы деген атаудың тарих шымылдығының артында қалғанына біраз жыл болса да, жүздеген ұлт өкілдерінің басын қосқан, оларды Отанды қорғау ісіне ұйыстырған Жеңіс күні біздің есімізде мәңгі сақталады, қайта алыстаған сайын санамызда жаңғыра береді. Міне, 70 жыл бойы біз Жеңіс деген сөзді ерекше толғаныспен айтып келеміз. Егер осы Жеңіс болмаса, біздің ғаламшарда бейбітшілік пен бостандық та болмас еді. Егер осы Жеңіс болмаса, жер бетіндегі көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасар еді. Егер осы Жеңіс болмаса, бүгін Тәуелсіз Қазақстан да болмас еді, – деді өз сөзінде полиция полковнигі И.Дзигалюк. – Фашистік Германияны жеңуге қазақстандықтар қосқан үлес өлшеусіз. Біздің еліміз майданға 1 миллион 366 мың жауынгер берді. Олардың әрбір екіншісі ұрыс даласында қалды. Бұл сол кездегі республика тұрғындарының 11 пайызы еді». Соғыс жылдарында Қазақстан аумағында 20-дан астам дивизия және басқа да құрылымдар құрылды. Төрт қазақстандық, яғни Талғат Бигельдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігі туралы 90-шы жылдары ғана белгілі болып, оған «Халық Қаһарманы» мен «Ресей Батыры» деген атақтар берілді. Қазақстандықтар Мәскеуді, Ленинград пен Сталинградты қорғауда, Курс доғасындағы соғыстарда көзсіз ерліктер көрсетті. Он мыңнан астам жерлестеріміз Берлинді алу шабуылына қатысып, олардың 27-сі Кеңес Одағының Батыры атанды. Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастау жол» атты Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп атап өткен болатын. Осы орайда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына бас ию біздің парызымыз. Шара барысында Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бірқатар қызметкерінің шендері жоғарылады. Атап айтсақ, қызметте өз мiндеттерiн адал атқарып, жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзгенi үшiн, полиция аға сержанты 1-полиция батальонының полицейі Ержан Байтуғанов, полиция аға сержанты 2-полиция батальонының полицейі Қуаныш Жамбакиев, полиция аға сержанты 3-полиция батальонының полицейі Тұрсынбек Жетпісбаев сияқты қызметкерлер Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған мереке күні осындай қуанышқа бөленді. Ғимарат ауласына тігілген әскери палаткадан дәм татқан ардагерлер майдан даласындағы ботқаның дәмін еске түсірді. Сол бір сұрапыл күндердің ауыртпалығына кеуделерін тосқан аталарымыздың бар тілегі – кейінгі толқын ұрпақтарының бейбіт күнде алаңсыз өмір сүруі.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*