Алименттен қашқандар ақиретте қалай ақталар екен?

96ce130ccb2ba2646ad0685724ded023«Уәде – Құдайдың бір есімі» деген қазақта әлімсақтан келе жатқан ұғым бар. Бұл сөздің мәнін мәңгі естен шығарып алған секілдіміз. Қазір көп жағдайда «сүйемін» деген серілер сүйіктісіне берген уәдесін орындамағаны былай тұрсын, ұрпағы алдындағы жауапкершіліктен жалтарып жүр.
Сөзінде тұрмайтындардың ісі бүгінде адамгершілік тұрғысынан емес, заңдық негізде қаралғанымен, ардан безген ата-аналар қара көрсетер емес. Ар-ұяттың алдына шыққан ата-аналардың айыбын баласы неге тартуы тиіс? Азын-аулақ ақшаны аударуға құлықсыздар саны жыл емес, ай санап өсіп отыр. Осы жылдың сәуіріндегі дерек бойынша алиментті қасақана төлемеуші 399 адам есепке қойылған. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебіне сүйенсек, бүгінгі таңда олардың саны 534 адамға жеткен. Оның ішінде 492 бұрынғы отағалар, ал 42-сі әйел адам. Мәліметтерге сенсек, жыл сайын республика соттарында балаларын бағып-күтуге алимент өндіріп алуға байланысты 40 мыңға жуық азаматтық іс қаралса, сот орындаушылардың өндірісіне жыл сайын 200 мыңнан аса алимент өндіру туралы атқару құжаттары келіп түседі. Демек аяғы мен қолы жоқ осынша отбасында тәрбиеленіп жатқан қаншама бала алимент алуға мұқтаж болып отыр деген сөз. Комитеттің көрсеткен есебі бойынша, борышкерлердің басым көпшілігі Жамбыл облысында жүр. Облыста күні бүгін 139 алимент төлеуге асықпайтындар бар. Оңтүстік Қазақстанның да бұл орайда оңып тұрғаны шамалы. Осы күні облыста 62 борышкер бой тасалап жүр. Қостанай облысында – 58, Павлодар облысында – 47, Қарағанды облысы – 41, Батыс Қазақстанда – 32, Солтүстік Қазақстанда – 25 , Акмолада – 22, Ақтөбеде – 21 адам алимент өтеуді ойлап бас қатырмаса, Шығыс Қазақстан облысында – 17, Маңғыстауда – 12, Атырау облысында – 9, Қызылорда облысында – 8, Алматы облысында – 3 адам борышкерлер тізімінде. Сондай-ақ, алып шаһар Алматыда – 10, елордамызда – 28 адам алимент қайтаруға құлықсыздар қатарында.

Туғанымен тығылыспақ ойнап жүр
Толық емес отбасындағы жалғызбасты асыраушылардың дені сот орындаушыларының соңынан еріп жүргенде балалары да біраз жасқа жетіп қалды. Соған қарағанда борышкерлер саны келтірілген мәліметтен әлдеқайда көп болуы да ғажап емес. Мәселен, Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғыны Әсемгүл қызына тиесілі тиын-тебенін төлетемін деп тентіреуден шаршағандардың бірі ғана. Жарық дүниеге келмей жатып әке махаббатын сезінбеген кішкентай қызы биыл бақандай екінші сыныпты аяқтайды. Алайда, әкесі өз қанына қарайлап, тегін берген туған қызымен «жасырынбақ» ойнап жүргеніне де біраз жылдың жүзі өтіпті. Тиісті органдағы қызметкерлер «қатырамыз» деп талап-арызын алып, артынша құда да құдағи да тыныштың керіне келтіреді екен. Сот орындаушылары жалғызбасты ананың өтінішін орындауға құлықсыз ба, әлде, қашқын әкеге «қамқорлық» таныта ма, шағын ауданда шалқып өмір сүріп жатқан қыздың әкесіне әлі іздеу салынумен жүр. Әдетте, борышкерлердің басым бөлігінің алимент төлеуге мүмкіндіктері жеткілікті. Бірақ, борышкерлердің көбісі дүние-мүлкін жақын-жуықтарына таратып, өз жұмыс орны мен табысы туралы мәліметті қасақана жасырып, бухалтериямен келісімге отырып табысын да бірнеше есе азайтып көрсетеді. Ал заң бойынша, борышкердің жалақысынан ай сайын алимент ұсталып, ол алимент алушының шотына аударылуы керек. Борышкер болса сот орындаушысы мен алимент алушыға өзінің тұрғылықты мекенжайы немесе жұмыс орны ауысқанда, қосымша табыс көзі пайда болған жағдайда хабарлауы тиіс. Егер борышкер бұл туралы бір ай ішінде хабарламаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кодексте көрсетілгендей, борышкерде алимент бойынша қарыз қалыптасса немесе оның алимент өндіру үшін жалақысы жетпесе, оның банктегі ақшалай шоттары мен басқа да мүлкі тәркіленеді. Сот орындаушысы мүлікті сатып, сол ақшамен борышкердің қарызын жаба алады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекс бойынша балаларына алиментті қасақана төлемейтіндер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қасақана төлемеген борышкерлердің қатарына 3 айдан астам уақыт бойы алимент төлемегендер кіреді. Бұл бойынша 200-500 АЕК көлемінде айыппұл төлеу, қоғамдық және түзеу жұмыстарына тарту немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Заңымыз осылай дегенімен бір ай емес, әкесіне алақан жайған бүлдіршіндердің біразы он жылдан асса да тиісті алиментіне қол жеткізе алмай келеді. Әкімшілік жауапкершілікке жүгенделмей, бойы үйренген борышкерлер Қылмыстық кодексті құлағына қыстыратын түрі көрінбейді. Осы тақырыптың өзектілігі қозғалған жиындарда сот орындаушыларының салғырттығы сыналады. Сондай бір жиынның бірінде «алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды» деген статистикалық мәлімет айтылды. Сыналады, бірақ, сорпасы сол жерде қалады.

Борышкерлер заңнан бой тасалағанымен…
Туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының қамын күйттеген борышкерлер заңды аттағанмен ақырет күнінде Алланың алдынан қашып құтылмасын қаперіне алар емес. Ибн Омар (р.ғ.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар», – деп айтқанын жеткізген (Бұхари). Асыл дінімізде айтылғандай, әке – өз балалары үшін ақыретте Алланың алдында есеп береді. Сонау Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде мынандай бір оқиға болыпты. Баласының тәрбиесі мен қамқорлығына таласқан ата-ана Алла елшісінің алдына келіпті. Баланың әкесі: – Уа, Алланың елшісі! Бұл бала менің белімнен шықты – деп балаға құқылы екенін айтады. Сәбидің анасы: – Уа, Алланың елшісі! Менің қарным бұл сәбиге үй болды, құшағым – сәбидің қорғаны, ал омырауым оның шөлін басатын сусыны болды. Ал әкесі болса, бұл сәбиді менен тартып аламын деп ойлайды, – деп өзінің уәжін айтады. Өкінішке қарай, бүгінгілер баласына қамқорлық қылуға қиналады. Турасын айтсақ, парызы түгілі қарызын қайтаруға құлықсыз. Жауапкершіліктен жалтарып бас сауғалап жүрген борышкерлермен күрес көршілес Ресейдің де бас ауруы. Бұл елде әр жыл сайын алимент өндірудің әртүрлі жолдары қарастырылады. Мәселен, борышкер ұялы телефонына екі мың теңге салса, сол сәтте-ақ, салған бірлігі баланың асыраушысына аударылады. Көршілес елдің депутаттары әлемдік тәжірибеге сүйеніп, борышкерлерді жүргізуші куәлігінен айырып, несие алуға да шектеу қойған. Ал Еуропа елдерінде баласына алимент төлеуден қашып жүргендерге жүргізуші куәлігі баяғыдан берілмейді. Бірқатар елдерде алимент төлеуден жалтарып жүргендердің қарызын зейнетақысынан өндіріп алынып, 23 жасқа дейін алимент төлеу қарастырылған.
ТҮЙІН. Алимент – қоғамды жайлаған ауыр дерт. Материалдық жағдайын былай қойғанда, ата-ананың мейірімі мен қамқорлығын көрмейтін балалардың моральдық соққысын әсте санап тауыса алмаспыз.

Сіз не дейсіз?
Елеусиз МуратовЕлеусіз МҰРАТОВ, «Заң» газетінің шолушысы:
– Жастардың отау құруға деген жауапкершілігін арттыру қажет. Ол болмай алимент мәселесін шешу мүмкін емес. Көпшілік жастар бүгін таныса салып ертесі қиыншылықтарды бірге еңсеруге дайын болмастан шаңырақ көтереді. Оның соңы тірі және жартылай жетімдердің санын өсіріп отыр. Ұсынысым – мемлекеттік қор құру керек. Мемлекет азаматтарға жаны ашыса, осы істі жүзеге асыруы тиіс. Балалар аяққа тұрған соң белгілі бір тетіктер арқылы жұмсалған қаржыны өндіріп алуға болады. Шындығына келсек, мемлекет қаржысының жұмсалмай жатқан жері жоқ. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің 85-90 пайызының ата-аналары бар. Тек баланың жауапкершілігінен қашып, оларды тірі жетім етіп жатыр. Мемлекет осындай ата-аналардан да алимент өндірудің жолдарын қарастырса екен. Сот орындаушылардың құзыретін арттыру керек. Таяқтың екінші ұшы борышкердің дүние-мүлкін тапқанмен, жеме-жемге келгенде олар сот орындаушылармен ауыз жаласып, соңы жемқорлықпен тынады. Содан соң, «түгі жоқ» деген жалған анықтама жинайды.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*