Теміржолдағы қауіпсіздік көп көңіл бөлуді қажет етеді

Шортанды Рейд сход 075Теміржол бойында қараусыз жүрген мал қауіп-қатер мен шығынға ұрындырады. Бұл сөзімізге 10 мамыр күні Қосшоқы мен Тастақ стансалары арасында болған оқиға дәлел бола алады. Аталған стансалардың 750-ші шақырымында жүк пойызы бір үйір жылқыны қағып өткен. Апат салдарынан 17 жылқы өлген. Бұл жерде мал иесіне келген шығынға қоса, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясына тепловоздың бүлінуі, жолдың желінуі, пойыздар қозғалысы кестесінің бұзылуынан келетін залал орасан.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы қызметкерлері қызмет көрсету аумағында орналасқан шалғай жатқан ауыл-аймақ тұрғындарымен кездесіп, пойыздардың оқыс тежелісі салдары туралы түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Сондай шаралардың бірі 14 мамыр күні Қосшоқы стансасында өтті. Оған Астана стансасындағы ІІЖБ бастығының орынбасары Д.Әбдікәрімов, Астана стансасындағы ІІЖБ ӘПБ бастығы А.Қилыбаев, Астана стансасындағы ІІЖБ ӘПБ инспекторы Н.Абыз және Әскерилендірілген теміржол күзетінің, Атбасар жол дистансасының (ПЧ-20) қызметкерлері қатысты. Қосшоқылықтарға теміржол бойындағы елді мекендердің малды ұстап-бағу ережелері, мал қағып кету жағдайларының пойыз қозғалысы қауіпсіздігіне әкелетін зардабы туралы, сондай-ақ, мал Экстренный торможение - ЛУВД Астана 062иесіне салынатын айыппұл көлемінің жылдан жылға артып келе жатқандығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Жоғарыда айтылған 17 жылқының иесі табылған жоқ. Өйткені, жылқы иесі өзіне салынатын айыппұл көлемінің үлкендігін білетіндіктен, жауапкершіліктен қашып отыр. Тіпті, оқыс тежеу кезінде пойыздар қатты соққының әсерінен жолдан шығып кетуі әбден мүмкін. Бұл, әсіресе, бұрылыс жолдарда өте қауіпті», – дейді Астана стансасындағы ІІЖБ бастығының орынбасары Дәулет Сыдықұлы. Қосшоқы стансасының тұрғындары – дені теміржолда, ауылдағы элеваторда жұмыс істейтін, одан бөлек малмен күнелтіп, жерден нәпақасын тауып жүрген шаруа адамдары. Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан ауылда 50 шақты үй, 300-ден астам адам тұрады. Жол шаруашылығында тер төгіп жүрген соң тұрғындар «оқыс тежеу» туралы жақсы біледі. Сондықтан да болар, сиыр мен ұсақ малдарын бақташы жалдап бағуға мәжбүр. Сөйтіп, малдарын қараусыз қалдырмауға тырысады. Көлік полицейлерінің айтуынша, қызмет көрсету аумағында жыл басынан бері 38 оқыс тежеу фактісі тіркелген, соның ішінде, теміржол бойында бөтен адамдар жүргендіктен 27, мал жүргендіктен 11 рет оқыс тежеу басылған. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде көлік полицейлері мал бағу ережелерінен бөлек теміржол бойында жасалатын қылмыстар, оған қолданылатын жаза туралы да кеңінен тоқталды. ӘПБ бастығы А.Қилыбаев: «Қазір еліміздің жаңа Қылмыстық кодексі бойынша жазалардың барлығы да күшейтілген, айыппұл көлемі артып, қамаққа алу мерзімі ұзартылған. Сондықтан, балаларыңыз бен бауырларыңыздың, таныстарыңыздың көрсеқызарлықпен екі қап көмір ұрлаймын деп, істі болып кетуінен сақтандырып айта жүріңіздер. Ондай фактілер жоқ емес. Алда балалардың жазғы демалысы келе жатыр. Балаларыңыздың да теміржол бойында бейсауат жүрмеуін, ойнамауын қадағалаңыздар», – деп нықтап айтты. Теміржол бойында қараусыз жайылып жүрген малдар, үлкендердің ілесуінсіз теміржол бойын ойын алаңына айналдырып алған балалардың бейқамдығы, жүгенсіз жүргіншілердің пойыз вагондарының астынан өтуі – міне, пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне нұқсан келетін ең өзекті мәселелер осылар. Дәл осы келеңсіздерден туындайтын қауіп-қатер туралы көлік полицейлері Шортанды стансасының тұрғындарымен кездесуде де кеңінен түсіндіріп өтті. Бұл станса да көлік сақшылары қызмет көрсету аумағынан шалғай жатқан елді мекеннің бірі. Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы қызметкерлері 18 мамыр күні Шортандыға арнайы атбасын тіреп, жұртшылыққа теміржол бойындағы құқық бұзушылықтар мен оған қолданылатын жазалар туралы жадынамалар таратты. Экстренный торможение - ЛУВД Астана 096Құрамында ІІЖБ бастығының орынбасары Д.Әбдікәрімов, ІІЖБ ӘПБ бастығы А.Қилыбаев пен Әскерилендірілген теміржол күзетінің қызметкерлері бар қызмет тобы станса басында рейд жүргізіп, тоқтап тұрған пойыздар құрамының астынан өтіп келе жатқан бірнеше адамды ұстап, әкімшілік хаттама толтырды. «Халықпен кездесудегі негізгі мақсатымыз – жол бойында иесіз жайылып жүрген мал иелеріне ескерту жасау. Одан бөлек, ұсақ құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік, теміржол бойындағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысты сұрақтар да кеңінен сөз болуда. Бұрын Шортанды стансасында Желілік полиция бөлімшесі болған, кейіннен жабылып қалды. Бүгін тұрғындар осы бөлімше қайтадан ашылса деген тілектерін білдіріп жатыр. Өйткені, станса күре жолдың бойында орналасқандықтан мұнда қазір 10 жұп жолаушылар пойызы аялдайды. Сондай кездерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесін қадағалау қажет-ақ», – дейді Астана стансасындағы ІІЖБ бастығының орынбасары Дәулет Сыдықұлы.
Мұндай жұмыстар алдағы уақытта Қарағанды бағытындағы ауылдарда, Көкшетау бағытында Ақкөл стансасында және тағы да басқа елді мекендерде жалғаспақ.

Н. ОРАЗҒАЛИЕВ, Көліктегі ІІД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*