Қан майданда қайтпас ерлік көрсеткен

сурет а 009Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толса да әлі де зерттейтін, зерделейтін тың деректер көп-ақ. Сұрапыл соғыс қаншама отбасын әкесіз, баласыз, туыссыз қалдырды, қаншама ана мен балаға қасірет шектірді?! Миллиондаған азаматтар соғыстың зардабын тартты. Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосты. Осының барлығына кейінгі ұрпақ қаннен-қаперсіз тіршілік кешсін деген үлкен арман-мақсат жетелеген еді.
Кішкентай күнімде әкем: «Атаң соғысқа қатысқан, соғыстан кейін тағы фин соғысына қатысқан» деп мақтанышпен айтып отыратын. Өзім атамды көрмесем де «атам шынында да батыр болған екен» деп масаттанып қалатынмын.
…Татар қызға үйленген жігіт Бижанның мақсаттары көп болатын. Екеуінің көзқарасы да, бірі-бірін құрметтейтіндігі, Бижанның еңбекқорлығы мен адал мінезі, келіншегінің сұлулығы мен ақыл-парасаты ауылдағылардың аузынан түспейді. Алайда, тіл-көз бе, әлде тәңірі бермеді ме, ол жағы белгісіз, 15 жылдан аса отасқан олардың отбасында бала болмаған. Сөйтіп, жүргенде науқастанып, келіншегі қайтыс болады. Мұндай ауыр қаза оңай тимеген Бижан көңілі құлазып, мына өмірден баз кешуді ойлайды. Сөйтіп, жүргенде соғыс басталып кетеді. Бижан ата «соғысқа барып, ендігі жерде Отан үшін пайдамды тигізіп кетейін, болмаса сол жерде ел үшін өлсем де арманым жоқ» дейді. Алайда, әскери комиссариат оны майданға алмайды. Себебі, 1941 жылы атамның жасы соғысқа қатысатын жастан асып кеткен екен. Бижан Нұрманов 1894 жылы дүниеге келген. Сол кезде 47 жаста болған. Бірақ атамыз туыстарының айтқанына қарамай, соғысқа баратындығы туралы өтінішін қалдырған. Тіпті, жасын бірталай жасқа төмендетіп, жасырып, соғысқа кетуге тырысады. Сөйтіп, 1942 жылы 48 жасында өзі сұранып, сұрапыл соғысқа аттанады…
Бижанның әкесі ауылына сөзі өткен Нұрман би болса, атасы еліне танылған Белең әулие атанған кісі екен. Белең әулиенің атын мәңгі есте қалдыру үшін риза болған емделушілер мен оны құрметтейтін азаматтар Шиелі мен Жаңақорған маңындағы тау-тастарға Белең атаның атын тасқа қашап жаздырған деген де сөз бар. Белең әулиенің ұрпақтары қазіргі күні Шымкент шаһарында өмір сүруде. Ал, Нұрманның тағы бір баласы Мырзахметтің ұрпақтары Шиелі ауданында тұрады. Ал, Бижан болса дінді берік ұстаған, молдалығы бар, қарапайым шаруа адамы болған. Дәлірек айтсақ, колхозда қой баққан. Көнекөз қариялардың айтуынша, Бижан ата өте сабырлы болған дейді. Тіпті, ренжіп, кейігендегі ең жаман сөзі «нанжауғыр» екен. Әкем – Асыл өз әкесі Бижаннан соғыс туралы жас күнінде сұрай қалса, «Оны не қылайын деп ең?» деп ештеңе тіс жарып айта бермейтін деп отыратын. КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының 1945 жылы 5 қыркүйекте соғыстан келгеннен кейін оған берілген әскери билетінде «орысша сауатсыз, колхозшы, қызыл әскерші» деген жазбалар бар. Оған қоса, «1942 жылдың мамырынан желтоқсан айына дейін Сталинград майданында қатардағы жауынгер, 1942 жылдың желтоқсанынан 1943 жылдың маусымына дейін Ленинград майданындағы қатардағы жауынгер, 1943 жылдың мауысымынан 1945 жылға дейін 842 БАО-да қатардағы жауынгер» деген жазба қалған. Бұл аз болғандай, 1945 жылдың маусымы мен тамызы аралығында ол фин соғысына өзі сұранған екен. Елдегі жауынгерлерден қара қағаз келіп жатса, 11 001болмаса тірі қалғандары жарақаттарымен оралса, Бижан атаның туыстары оның мүлдем хабарсыз кеткенін қалай жоритындарын білмей дал болады. Өстіп жүргенде ол 1945 жылдың 5 қыркүйегінде иығындағы жарақатымен елге оралады. Бұған қуанған ауыл-аймақ Бижан атаны «елге келдің, аман келдің, құдайдың құдыреті шығар, ендігі жерде отбасын құр, осы маңда жесір қалған келіншек көп солардың бірін таңдап, шаңырақ көтер, түтінің түзу шығар» деп үгіттей бастаған. Ақыры ол 1946 жылы менің әжем – 1917 жылы туған Ажаркүлмен бас қосады. Ажаркүлдің күйеуі 1941 жылы соғысқа кетіп, майданда қаза болған екен. Ол ксінің артынан жағыз ұрпағы – Ұлбазар есімді кішкентай қызы қалған. Екінші рет отасқаннан кейін 1947 жылы бұл отбасында әкем Асыл дүниеге келеді. Соңынан Ұлтай, Күлпаш, Нұрбибі деген қарындастары ереді. Бижан атам елге келгеннен кейін де колхоздың қойын бағып, еңбекке араласқан. Досы көп болған. Дүние-мал жимаған. Молдалығы болғандығын көнекөз қариялардан естігем. Бір кереметі, қой бағып жүргенде айналасын шеңбер етіп сызып, дұғасын оқып, сонда демалып отырса, не ұйықтап қалса, далалы жердегі қасқыр, жылан дегендерің шеңбер ішіне кіре алмай, ысылдап-ырылдап тұрған кездер болған. Жұрт бұл туралы әлі күнге аңыз қылып айтады. Бижан атам 1967 жылы қайтыс болды. Әкем Асылдың да керемет өнері болған еді. Оны кішкентай кезімде өз көзіммен талай көргем. Үйде мереке кештері немесе басқосулар болған кезде көпшілікке «шоқ жалайтын» өнерін көрсетіп жататын. Кәдімгі самаурындағы шоқ немесе шәйнекті токқа қосып, соны пашыр-пұшыр жалап ләззат алатын. Мұны әкемнің хоббиі еді десем де болады. Бижан Нұрманов 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста иығынан жарақат алған. Соғыс кезінде Берлиндегі ұрыстарға да қатысқан. Осы ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін» медалін иемденгендігі әскери билетінде жазылған. Бұл тек әскери билетіндегі деректер ғана. Бижан атамыз жайлы Ресейдің мұрағатынан зерттейтін күн болса, басқа да тың деректер табылатынына күмәнім жоқ. Атаның жолы бүгінгі немерелері ретінде өзіме, Айбол, Айжол, Шаһаризада, Дүниезада және Ғазиза мен Даниал бастаған барлық шөберелеріне үлкен ұлағат пен мақтаныш болатыны сөзсіз. Өйткені, атамыздың қаны бойымызда бар.

Айгүл НҰРМАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*