Автоматшылар жасағының командирі

Төрехан АрымбаевРедакцияға Арыс қаласына қарасты «Ақдала» ауылының төбе биі Орынхан Арымбаев арнайы келді. Кезінде агроном, ферма басқарушысы, бас агроном қызметтерінде болған Орынхан ағаның бұл жолғы сапары өзгеше. Оны редакцияға қарай жетелеген әкеге деген бала махаббаты. «Әкелердің өзіне де әке керек екен» деп толқыдық іштей. Иә, Орынханның мазасызданатын да реті бар. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «менің де әкем соғысқа қатысып еді ғой, есімі аталып қалса екен» деген өтінішін арқалай келген. Қолындағы құжаттарын алып қалдық. Төрехан Арымбаевтың жорық жолдары көз алдымызда сырғып өтіп жатты.
Төрехан ата әскерге 1942 жылы ақпан айында шақырылады. Алғашқы әскери даярлықтан соң Ленинград майданында Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) Қызыл ту орденді 73-ші барлаушылар полкі құрамында жаумен алғаш рет бетпе-бет келеді. Бұл полк Карель АССР-і Рукозерск ауданында жасақталған болатын. Сержант шеніндегі Төрехан автоматшылар жасағының командирі еді. Содан 1943 жылы желтоқсан айында Куш-кол ауданында құрамында 9 адам бар барлаушылар тобы дұшпандардың диверсиялық тобына кездейсоқ тап болады. Басқыншылар құрам жағынан да, қару жағынан да бұлардан басым еді. Кеңестік барлаушылар сонда да берілмеді. Шайқас ұзаққа созылды. Жаудың бірқатар жауынгері жер жастанады. Барлаушылардан да шығын бар. Міне, осы жан беріп, жан алысқан аласапыран кезде негізгі топқа рация арқылы хабар түседі. Қарулас бауырларды жау қолында қалдыруға болмайды. Командирлер жақын маңдағы авиация паркіне шұғыл хабар береді. Рация арқылы берілген бағыт бойынша әуеге көтерілген ұшақтар жаудың төбесінен төніп кеп бергенде фашистер бас сауғалап қаша жөнеледі. Міне, осы жорықтағы ерлігі үшін Төрехан Арымбаевты жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады. Алайда, әлдебір белгісіз жағдайлармен бұл награда барлаушыға бұйырмайды. Төрехан ата қызмет еткен ротаны аға лейтенант Голыгин, 3-ші батальонның майоры Епифанов, полк штабын полковник Ломовцев басқарған. Командирлерінің ерліктері мен батылдығын ол үнемі еске алып отырған екен.
Соғыстың талабы да, тәртібі қатал. Ол ешкімді де аяған емес. Бірде барлаушылар жау тылынан қайтып келе жатады. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түн. Осы кезде кенеттен әуеде жау ұшақтары пайда бола кетіп, аспаннан бомбаларды сорғалатады. Бұлар шалшықты суға қойып кетеді. Қыстың қаһарлы суығы сүйектен өтеді. Енді, міне, суда тұрғаннан соң оңсын ба, өн бойы қалшылдап шыдас берер емес. Қас қылғанда мойнында пулемет бар. Оны суға батыруға болмайды. Барлаушылар жау ұшағы қашан алыстап кеткенше тастай суық су ішінде жатуларына тура келген. Сонда иығын жаншыған ауыр пулеметті өзімен түні бойы көтеріп тұрған ғой. Қайран аталар, шыдамдылық пен сабырлылықты сіздерден үйренсек қой, шіркін. Сұрапыл соғыстан соң да ол еліне қайтқан жоқ. Жапонияға қарсы күреске қатысты. Шекара қызметінде болып, туған жерге тек 1949 жылы ғана оралды. Төрехан атаны шыңдалған жауынгер ретінде Арыс стансасындағы Ішкі істер бөліміне қызметке қабылдады. Мұнда да ол табандылығымен, тындырымдылығымен танылды. Соғыста кеудесі орден, медальдарға толып келген Төрехан ата енді еңбек майданының марапаттарына ие бола бастады. «КСРО ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі», тағы басқа да медальдармен, төсбелгілермен марапатталды. Төрехан атаның болашақ жұбайы Ұлбике соғыс кезінде колхозда еңбек етті. Қан майданға азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті заттарды дер кезінде жеткізіп тұру үшін тәулік бойы көз ілмей, тер төкті. Майданнан оралған Төреханмен табысып, шаңырақ көтерді. Екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Көп балалы ана ретінде Ұлбике үшінші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталды. Бүгінде Арыс қаласындағы орталық саябақтың шығыс бетіндегі бір көше Төрехан Арымбаевтың есімімен аталады. Жергілікті тұрғындар Төрехандай жігіттің төресі атындағы көшеде тұратындарын мақтаныш тұтады.

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*