Полицейлерге деген құрметім шексіз

Ернар Жуматаев -1Ернар Жұматаев – «Денар» тобының әншісі әрі продюсері, қазіргі таңда өнердегі сегіз қырлы бір сырлы, енбекқор сері жігіттердің бірі. Олай деп айтуымыз бекер емес. Себебі, ол – спротшы, актер, әнші әрі продюсерлік кәсібінің нәсібін көріп жүрген өнер иесі.

Өзіңіз бір сұхбатыңызда «табиғаты керемет жерде дүниеге келдім» деп айтып едіңіз. Осы жер және отбасыңыз жайына тоқталсаңыз?
– Кіндік қаным тамған жер – Ташкент облысы, Төменгі шыршық ауданы, Шыңғыс ауылы. Балалық шағым сол жерде өтті. Қазақ орта мектебін бітіріп шықтым. Ата –анам өкінішке орай өмірден озған. Үйде бес ағайындымыз. Үйдің кенжесімін. Қазір бауырларымның барлығы да Алматыда тұрып жатыр. Әулетіміз өте үлкен, үнемі жиналып бір-бірімізбен қуаныштарымызды бөлісіп тұрамыз.
Ернар, сіз көрші өзбек ағайынымыздың арасында өстіңіз бе?
– Жоқ, мен қалың қазақ халқының ортасында өстім. Маған әншілік өнер әкемнен дарыса керек. Әкем елді аузына қаратқан күміс көмей әнші болған. Ол кісіні біздің ауыл қатты сыйлайтын. Сондай-ақ, қазақтың тарихын жатқа білетін. Қалың қазағымның ортасында өскендіктен болар, менің қолымнан қасиетті қара домбыра түспейтін.
«Өнер ананың сүтімен, әкенің қанымен келеді» дейді. Сіздің отбасыңызда өнерлі жан бар ма?
– Әкем марқұм өнерге өте жақын адам болатын. Домбырада, тағы көптеген аспаптарда шебер ойнайтын. Елді аузына қаратқан кісі болған. Анам мен әкем қосылып ән айтатын. Спортқа да, өнерге де жақын, жан-жақты отбасында тәрбиелендім. Қазір бесеуміз бес саланың мамандарымыз. Мен үйдің кенжесі болғандықтан әкем марқұм «әншілік өнерді таңдасаң, қор болмайсың» деп жиі айтатын. Мектеп қабырғасын бітірген кезде спортқа кетсем деген шешімді қабылдау ниетім де болды. Бірақ, болашағымды ой елегінен өткізе отырып, әкемнің айтқан ақылына құлақ асуды жөн санадым
Өзіңіздің кәсіби мамандығыңыз қандай? Өнерге қалай келдіңіз?
– Өнерде актер боламын деп ойлаған жоқпын. Алғаш басқан қадамымым әншілік өнер болатын. h-390Мектеп бітірісімен Алматыдағы Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне, дәстүрлі әнші боламын деген мақсатпен емтихан тапсырдым. Ол кезде даусым жіңішке еді. Емтиханның қорытындысын күттім. Өнерге деген бірінші қадамым болғандықтан қатты қобалжыдым. Сәтсіздік қой, емтиханнан өтпей қалдым. Мүмкін, бойымда қазақилық аз шығар деп өзімді кінәладым. Сөйтіп ауылға қайтып, сол жақта бір жыл жұмыс істедім. Келесі жылы арман қуып Алматыға қайта келдім. Ендігі мақсат Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясына барып бағымды сынау болды. Ішіне кірсем, біреуі поэзия оқып, біреуі жылап тұр, енді бірі ит боп үріп, екіншісі мысық боп миялауда. Басында мен қай жерге келдім деп таңғалдым. Сөйтсем, ол жер актерлік бөлім екен. Бір уақытта қарама-қарсы тұрған аудиториядан Мұрат Қожа шықты. Академияны енді бітірген кезі екен. «Інім қалайсың?» деді. Мен «жақсы аға, сіз әнші емессіз бе?» дедім. Ол кезде Нұрлан мен Мұрат болып, хит әндерімен жаңадан танылып жүрген кездері ғой. Мына аудиторияға кірсең жаман болмайсың деп жол көрсетіп кетті. Кірсем бір үлкен кісі отыр. Сөйтсем, ол кісі ҚР мәдениет қайраткері, еңбек сіңірген әртіс, режиссер Нұрқанат Жақыпбаев екен. Емтихан тапсырып, бағым жанып, оқуға түсіп кеттім.
Ернар, неліктен театр актері мамандығын таңдамай, әншілік өнерге жол тарттыңыз?
– Әнші болу, менің бала кездегі арманым болғандықтан болар, оны өзге мамандыққа айырбастай алмадым. Төрт жыл бірге оқыған достарым, мені театрға барады деп ойлаған еді. Олар біраз уақытқа дейін маған ренжіп те жүрді. Себебі, академияда оқып жүргенде мен мүлдем ән айтпадым. Көптеген театрлық қойылымдарда ойнадым. Республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралып та жүрдік. Театр қабырғасында жүргенде біраз нәрселерді үйрендім. Сол кезде ағайымыздың «Мен» деген театры болды. Сонда қызмет атқардым. Ол кісі «Астана» театрына кеткен кезде, мен әншілік өнерге ауысып кеттім. Әрине, әншілік әлемге алғаш қадам басқан кезде көптеген қиындықтар кездесті. Қиналған уақытта әншілік өнерді тастап, Алматыдағы бір театрға актер болып жұмысқа орналасуыма да болар еді. Бірақ, мен оған бара алмадым. Дегенмен де, актерлік өнерім де жолда қалмады. Біршама киноға да түстім.
Алғаш ән айта бастағанда көптеген қиындықтар болды деп айтып өттіңіз. Сол кезде қол ұшынын беріп, қолтықтарыңыздан демеп жіберген өнер қайраткері болды ма?
– Өнер жолына түскен кезде, міндетті түрде аға-апаларымыздың қолдауына мұқтаж болатының ақиқат. Сондай сәттерде бізге Майра Ілиясова көп көмегін тигізді. Біздің өнердегі анамыз – десем артық айтқандығымым емес.
Ернар, соңғы уақытта біршама қазақ телехикаяларында әртүрлі кейіпкерлердің рөлін сомдап жүрсіз. Жалпы осы телехикаяларға қалай келгеніңіз жөнінде толығырақ айтыңыз?
– Бұл фильмдерге дейін шағын роликтерге түсіп жүрдім. Шыны керек фильмге деген қызығушылығым сондай, Қазақфильмге өзім бардым. Сол жерде кастингтен өтіп, алғашқы рөлімді Данияр Саламатовтың «Бәйтерек» фильмінде сомдап шықтым.Одан кейін Сәбит Әбдіхалықовтың денар тобы-2«Біздің ауыл во!» атты комедиясында спортшының рөлінде ойнадым. Қазақстан Ұлттық телеарнасында көрсетілген «Әке серті» телехикаясында Бағланның рөлін сомдадым. Ал, «Сырғалым» телехикаясына келер болсам, арнайы кастингке шақырды. Режиссері Дмитрий Коробкин маған: «қырық сегіз сериялы телехикаяда алқаштың рөлінде ойнайсың» деді. Маған сол кезде бір нәрсе көмектесті. Ол – менің фильмге келмей тұрып, шыны керек кезінде осы Алматыда алқаштарды ұстайтын жерде жұмыс істегенім және казинода күзетші болып қызмет еткенім. Сол кездегі неше түрлі адамдардың образы көз алдыма келіп, өнерімді барынша көрсетуге тырыстым. Содан кастингтен өтім. Бұл телехикая көпшіліктің көңілінен шықты, мен оған қуаныштымын. Көрерменге жуырда ұсынылатын Сатыбалды Нарымбетовтың түсірген «Аманат» деген киносына түстім. Бұл фильмде халықтың көңілінен шығады деген сенімдемін.
Ендігі әңгіменің тізгінін «Денар» триосының шығармашылығына бұрсақ, топтың продюсері өзіңізсіз. Жалпы топтың жұмыс істеу қарқыны қалай?
– Біз кез келген жанрдағы әндерді орындауға талпынамыз. Жан-жақты әндерді қамтуға тырысамыз. Оның ішінде шет елдің ретро әндерін қазақшаға аударып айтамыз. Біздің репертуарымызда алпыстан аса ән бар. Бес бейнебаян түсірдік.
Актерлікпен айналысып, «Денар» триосының шығармашылығына кесірімді тигізіп аламын деп қорықпайсыз ба?
– Кесірі тимеді емес, тиді. Кейбір телеарналарды ренжітіп алған кезім де болды. Фильмнің түсірілуі мен топтың өнер көрсету уақыты дәлме дәл келіп қалған сәттер де болды. Режиссерден өтініп сұранасың, амал жоқ келісім-шартқа қол қойғаннан кейін тастап кете алмайсың. Бірақ, барынша екі жаққа да үлгеруге тырысудамын.
Ернар, жеке өзіңіздің және «Денар» триосының алға қойған жоспарына тоқтала өтсеңіз?
– Алла қаласа бір, бір жарым жылдың көлемінде есеп беру кешімізді өткізсек деп отырмыз. Әрине, айта берсек атқарылатын шаралар шаш етектен. Оның бәрін де уақыты келген кезде көресіздер. Өнер адамы болған соң халықтың санасында жақсы пікірлермен есте қалсақ дейміз. Актерлік жағымнан да өзімді әр түрлі қырымнан көрсеткім келеді. Асанәлі Әшімов сияқты керемет актер болуды да армандаймын.
Ернар, саламатты өмір салтын қалыптастыруда қандай спорт түрімен шұғылданасыз?
– Мен бала күнімнен спортпен шұғылданып өстім десем болады. Себебі, ағаларым атақты спорт майталмандары. Сонымен қатар, біздің үйдің арт жағы тура бір спорт залындай еді. Онда спорттық құрал-жабыдықтармен қатар жылқылар жайылып жүреді. Сондай-ақ, бәйге, көкпар секілді жарыстар да ұйымдастырылып тұратын. Бала кезімнен былғары қолғап киіп, бокспен жаттығып өстім. Спорт менің бала кездегі серігіме айналды.
Өзіңіздің полиция қызметіне деген пікіріңізді білдіре өтсеңіз?
– Кез келген адам, кез келген азамат басына іс түссе, өміріне қауіп төнсе, ең алдымен, кімге жүгінеді? Полицияға. Кімнен жәрдем сұрайды? Полициядан. Менің есімде, ертеректе көшеде жатқан маскүнемді айықтырғышқа апаратын. Себебі, есін арақ алған адам қылмыс жасауы мүмкін немесе басқа біреу оны тонап, әлде өлтіріп кетуі мүмкін. Полицияның міндеті сол адамды сондай кездейсоқ жағдайдан құтқару болатын. Сол міндетін атқарып жүріп, әлгі маскүнемнен тұла бойың түршігетіндей сөз естиді. Бірақ, шыдайды. Себебі, ол өз міндетін атқарып жүр. Еліміздің тыныштығын қорғауда қаншама арыстарымыз қаза тапты. Осының бәрі кім үшін? Қоғам мен халық үшін. Менің полицейлерге деген құрметім шексіз.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*