Актер Қуандық ҚЫСТЫҚБАЕВ: Мені жұрт Қасым деп таниды

DSC_4636Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып, арнайы дайындалған «Абылай ханның арманы» қойылымында үш жүздң басын қосқан ұлы Абылайдың рөлін сомдап, көрермен көзайымына айналған талантты актер – Қуандық Қыстықбаев. Ол – Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері. Бұған дейін «Қасым» төрт сериалы фильмімен әйгіленген Қуандық Елбасымыз жайлы «Терең тамырлар» атты сахналанған қойылымда Президентіміздің бейнесін шынайылықпен сомдап шыққандығы әлі күнге халықтың есінде. Театр мен кино саласын бірге алып жүрген ізденімпаз актермен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.
– «Абылай ханның арманы» қойылымы жайлы айтып өтсеңіз?
– Бұл қойылым өткен жылдың аяғында Абылай ханның 300 жылдығына арнайы жазылып, тұсаукесері болған. Ал жаңа жылдан кейін біраз өзгерістер енгізіліп, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты көрерменге жол тартып отыр. Елордада бастау алған бұл дәстүрлі қойылымдар еліміздің өзге аймақтарында да жалғасын таппақ. Абылайханның саяси көрегендігі, адами қасиеттері, елі үшін, жері үшін жанқияр еңбегін барынша көрсете білуге тырыстық.
Ал басты рөлдің маған бұйыруы – сонау 1998 жылдан бері осы қара шаңырақта тынымсыз еңбек етіп, өз қабілет, дарынымды көрсете білгенімнен болар деп ойлаймын. М. Әуезовтің«Қара Қыпшақ Қобыландысында» –Қобыланды, «Қарагөзінде» – Сырым, Ж. Әлмашұлының «Бәйтерек басындағы кездесуінде» – Исатай; І .Жансүгіровтің «Махамбетінде» – Махамбет; У. Шекспирдің « Ромео мен Джульеттасында» – Ромео, А. Цагареллидің «Гамарджобасында» – Князь, Е. Жуасбектің «Терең тамырларында» – Елбасының рөлін сомдадым. 17 жыл ішінде сомдаған рөлдерімде есеп жоқ. Ал алдағы уақытта сомдайтын рөлдерім одан да көп болмақ деген сенімдемін.
Сахна – киелі деп жатамыз. Сіздің театр сахнасында ұстанатын өзіндік ішкі қағидаңыз қандай?
– Қандай рөл берілсе де, шынайылықпен, жан-дүниемді арнап, көрермен көңілінен шыға білу. «Жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді» деген рас. Ең бастысы өз-өзіңді алдамау, өзіңе сенімді болу, халықтың ықыласына лайықты етіп рөлді ойнап шығу. Түр-келбетің мен сыртқы бітімің, дауыс ырғағың да сахнада ескеріледі. Кей жағдайда ғана киіміңмен кең иықты, жауырыны қақпақтай болып шыға келесің.
Кино өнерінде де танымал актерсіз. Кино мен теарт арасынан қандай да бір байланыс көресіз бе?
c16b8ad2467b2f60cd9e1b7c68025cdd– Театр мен киноның орны мен үшін ерекше. Өзеннің қос сағасындай дүние. Екеуін де қатар алып жүруге тырысамын. Мен кино өнеріне 2002 жылы алып келген Болат Қалымбетов ағамыз. Алғашқы рөлім «Сардар» кинофильміндегі басты кейіпкер – Құлжа. Екі жылдан соң, «Человек ветер» кинофильміндегі басты рөл – Алматты сомдау бақыты бұйырды. 2007 жылы Нижний Новгород қаласында өткен Халықаралық кино фестивалінде осы «Человек ветер» фильмімен «Ең үздік ер адам» номинациясының жүлдегері атандым. 2008 жылы «Келін» фильмінде басты рөлді сомдадым. «Қасым» мини сериалы 2013 жылы халыққа ұсынылды. Ал негізгі жұмысым –театр. Мен сахна үшін жаралған жандаймын.Өзімді басқа салада елестете де алмаймын. Театрдың ерекшелігі – көрермен алдында, дәл сол сәтте ойнайтының. Көрермен де бей-жай қалмай, сенімен бірге күліп, сенімен бірге жылайды. Театрдың құдыреттілігі де сол шығар. Ал 2005-ші жылы Қызылорда қаласында өткен ХІІІ театр фестивалінде«Ең үздік ер адам» номинациясын жеңіп алуым мен үшін еңбегімнің сәл де болса еленгені деп білемін.
«Қасым» фильмі төңірегінде жақсы пікірлер өте көп болды. Қуандықтан қалай бір сәтке Қасымға айналып шыға келдіңіз?
– Осы кинодан кейін мені жұрт ҚАСЫМ деп таниды. Бұл туындының тез тарап және оң пікір тудыруы – сценариінің жақсы жазылғанында. Біздің елде кино саласында жақсы сценари жазатын сценаристер жоқтың қасы. Кино саласында бір түсінгенім, ең бірінші орында сценари дұрыс болуы керек екен. Одан кейін барып режиссер, актер деп кете барады. Отандық туындылардың ең ақсап тұрған тұсы – осы. Голливудтағыдай бір сценариді 5-6 тәжірибелі сценарист бірге отырып жазса шіркін, дейсің… Қасым атамыздың үйіндегі апамыз, ол кісінің інісі менің Қасымның рөлін өте жақсы деңгейде орындап шыққандығымды, өз Қасымын көргендей күй кешкендігін айтып, маған батасын берді. Андрей Курейчик атты азамат осы фильмнің сценариін жазып шықты. Ресейлік режиссер Леонид Белозорович, Украина киностудиясында түсірілді. КТК және Қазақстан телеарналарынның бірлескен жобасы. КТК каналының бұрынғы басшысы – Арман Шораевтың бастамасы. Ресейлік режиссер менің суретімді көріп, бірден қызығушылық танытқан. Содан түскен санаулы ғана киноларымды көріп, сіз кастингтен өттіңіз деп хабарласты. Осылайша, ресейлік, неміс, украин актерлерімен бірге тамаша туынды дүниеге келді.
Қасым Қайсенов жайлы түсірілген жақсы туындының жалғасы болса дейміз. Көпшіліктің бұл тілегі орындалады ма?
– Әрине, оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Режиссеріміз тағы 4 сериялы фильмнің жалғасын жазып қойып, күтіп отыр. Болашақта түсіріледі деген үміттеміз.
Ресейдің Кемеров облысы тағайындаған Құрмет орденінің тұңғыш иегері атандыңыз?
028fa8174506f8187284bbdead5f96a8– Ресейдің Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев ағамыз «Қасым» фильмін көргеннен кейін, менің актерлік шеберлігіме тәнті болып, осындай шешім қабылдаған. 70 жастағы кісі денсаулығына байланысты келе алмай қалды. Екі арнайы делегациясын жіберді. Бірі «Кузбасскиноның» директоры, бірі – филармонияның директоры. Олар театр сахнасында бір қойылым көрсетуімізді өтінді. Біз «Абылай ханның арманын» орындап шықтық. Қойылымнан кейін алтынмен апталған, күміспен күптелген, бағалы тастармен көмкерілген орденді салтанатты түрде табыс етті. Қазақстанда аталмыш орден бірінші рет табыс етіліп отыр екен. Өзге елден келіп, қазақтың өнерін бағалап, сый-құрмет көрсетуі – біздің өркениеттілікке бір қадам болсын жақындауымыз деп білемін.
Балалық шаққа саяхат жасасақ?
– Алматы облысы Ұйғыр ауданында Қырғызсай деген ауылда 1977 жылдың 1 тамызында отбасында 13-бала болып дүниеге келдім. Бүгінде сол он үштен төрт қыз, төрт ұлмыз. 82-дегі шешем бар. Тілекшіміз, сүйенішіміз. Ал әкем мен 10 жасқа келгенде қайтыс болған. Мен әкемнің 78 жасында көрген ұлымын. Өнер жолын қуған отбасында мен ғана. Кішкентайымнан ағаларымнан домбыра шертуді үйрендім. Мектеп қабырғасында жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болдым. Бала арманым – әскери қызметкер болу еді. Әскерден келген ағаларымның киімін киіп алып солдат боп ойнайтынмын. Мектеп бітірген соң, досым екеуміз Аграрлық университетке барамыз деп уағдаласып қойғанбыз. Сол кезде ауыл-ауылдан өнерлі балаларды іздеп, жолдама келді. Мен ойланбастан тізімге жазылып, аудан, облыс, республикадан бір-ақ шықтым. Конкурстан өткен соң, Кәукен Кенжетаев аға мені шақырып алып, нағыз өнер үшін, актер болу үшін жаратылған жан екенімді айтты. Оқуға түскен соң, Есім Сегізбаев пен Кәукен Кенжетаевтің шәкірті болдым. Осындай дара тұлғаларды ұстаз тұтқан менде қандай арман бар?!… Ләззат атты жарым бар, Ақбота атты қызым бар, Сардар, Ханжігіт атты ұлдарым бар, қазақ деген халқым бар. Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Сардар ұлымның аты «Сардар» фильмінен кейін қойылған.
Ең үлкен арманыңыз қандай?
– Өз өнеріммен қазақтың атын әлемге таныта беру.
Полицейлер жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Тыныштығымыздың кепіліндей болған сақшыларымызға мың алғыс. Еңбектері ерен, мойындауға тұрарлықтай.

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*