Әнші Бауыржан ИСАЕВ: Жасай бер, қазақ полициясы!

Исаев (1)Өзінің «Қазақстан полициясы» атты әнімен, қоңыр дауысымен танылып үлгерген әнші Бауыржан Исаев бүгін бізде қонақта. Ол «Арай» жас орындаушылар конкурсының Гран-приін, «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар конкурсының II орнын, Түркияда өткен «Памукале» халықаралық фестивалінің дипломын, «Азия-дауысы-96» халықаралық фестивалінің Гран-приін қанжығасына байлаған.
Бауыржан сахна төрінен көп көрінбей кетуіңіздің сыры неде?
– Оның бірден-бір себебі он жылдан аса уақытым білім алумен кетті. Бірінші Шымкент қаласындағы саз колледжінде дәріс алдым, кейіннен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда аспирантураны бітірдім. Содан соң біраз жыл шетелдерде білімімді шыңдадым. 2013 жылы «Ата-анама арнау» деген атпен өткен концертіме Бибігүл Төлегенова, Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева секілді атақты өнер иелері қатысты. Кештен кейін жұрт ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жатқан кезде мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Концерттің алдында екінші альбомымды жарыққа шығардым. Алғашқы ән жинағым 1998 жылы жарық көрген еді. Алла қаласа үстіміздегі жылы Астана қаласында тағы концерт беріп, біраз өңірлерді араласам деген ниетім бар және тағы бір альбомымды жарыққа шығармақпын.
«Әнші болу үшін арнайы білім алудың қажеті жоқ» деген пікірге деген көзқарасыңыз?
– Қазақ сахнасында жүрген кейбір әншілердің арнайы білімі жоқ. Білімі болмаған әнші сахнада өзінің не айтып тұрғанын да білмейді. Кәсіби әнші болу үшін ең бірінші білім керек. Егер адам бір мамандықпен айналысса, онда оның маманы болуы керек деп ойлаймын. Өзінің жанына жақын, бала кезден армандаған мамандығын зерттеп, оны игергені дұрыс.
Өзіңіз шетелде білім алып жүргенде өзге мемлекет пен еліміздің шоу-бизнесін салыстырып көрдіңіз бе?
www.aidahar.kz (126)– Шынымды айтсам, мен ол елдерге білім алу үшін бардым. Білімімді шыңдау барысында көп іздендім. Содан болар, екі елді салыстырмалы түрде қарауға уақытым болмады. Дегенмен де, қазіргі таңда өнер саңлақтарының аузынан «Қазақстанда шоу-бизнестен гөрі, той бизнес дамыған» дегенді жиі естимін. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, Қазақ өнері өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Сондай-ақ, кейбір сыншылар «біз неге Ресейге, ал орыс халқы Еуропаға еліктейді» деп айтады. Ол да қате түсінік. Себебі, бүкіл әлемдегі музыка бір-біріне еліктейді. Бірақ, біздің тарихымызға, дінімізге, тілімізге сай шоу-бизнесіміз бар. Біздің өзімізге тән, өзге елдерге ұқсамайтын музыка қалыптасқан. Қаншама шет мемлекеттерге барып қазақша ән айтқан кезде, олар таңғалып, тамсана отырып тыңдайды. «Не деген әдемі тіл, не деген әдемі әуен» деп айтып жатады. Өнер саласында насихатта жеткілікті. Бізде тек халық аз. Себебі, көршілес Ресейде отыз миллион халық тұрады. Өзіңіз білесіз біздің елімізде он жеті миллион халық бар. Сондықтан да, ол елде шоу-бизнес қарқынды дамығандай көрінеді.
Бауыржан, сіздің бірнеше əндеріңіздің ішінде «Аяулымнан» басқа әніңіз хит болған жоқ. Əлде бұл əнді дұрыс насихаттай алмағанның салдары ма?
– Рас, тыңдарман«Бауыржан Исаев» десе, ең алдымен «Аяулым» əнін еске түсіреді немесе керісінше. Дегенмен, бұл əнінен соң 50-ге жуық əн жазыппын. Ол əндерімнің көбі əлі тыңдаушының құлағына жете қойған жоқ секілді. Əнді насихаттау үшін қаражат керек. Соңғы кездері əлеуметтік желі арқылы тегін насихат жүргізуді қолға алып жүрмін. Радио, телеарналарда əнді тегін қоймайды.
Қазақ радиосы əнді тегін қояды емес пе?
– Қазақ радиосында тегіні тегін. Бірақ, ол арнаға менен басқа да көптеген əншілер əндерін ұсынады. Ұлттық радионың қоржынында мыңнан аса əн бар. Оның бəрін кеңінен насихаттау оңай емес. Содан кейін болар кейбір əншілердің əндері эфирден аз беріледі. Əні сирек қойылатын əншілердің бірі – мен. Ал коммерциялық радиоларда қазақ əндерін жиі қоймайды. Қойса да, түнгі уақытта қояды, оны өзіңіз де жақсы білесіз.
Бауыржан, сіз шығармашылықпен қатар ұстаздық қызметті де қатар алып жүр екенсіз?
www.aidahar.kz (50)– Ия, ол рас. Жеті жылдан бері ұстаздықпен айналысып келемін. Ең алғаш ұстаздық тәжірибемді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан бастадым. Сонымен қатар, Алматы қалалық эстрада-цирк коллджінде сабақ бердім. Осыдан екі жыл бұрын Алматыдан Елордамыз Астанаға қоныс аудардым. Азды-көпті білгенімді жастарға беру үшін Қазақ Ұлттық өнер университетіне жұмысқа орналастым. Қазір эстрадалық вокал саласы бойынша дәріс беремін. Мен өзімнің шәкірттерімен мақтана аламын. Олардың жеткен жетістіктерін көріп марқайып қаламын.
Бауыржан бір сұхбатыңызда «отбасымда бәрі дe ән салады» деп айтқан едіңіз. Бауырларыңыз да өзіңіз секілді кәсіби әнші ма?
– 1979 жылы Шымкентте дүниеге келгенмін. Үйдің кенжесімін. Отбасымда бəрі де əн-күйге жақын жандар. Ағам мен əпкем оқушы кезінде хорға қатысқан, екеуіде домбыра шертеді. Əкем де, шешем де əн салады. Бірақ, менен басқа ешқайсысы өнерге кəсіби тұрғыда бет бұрған жоқ. Өзімнің қос періштем – екі қызым бар.
Қос қарлығашыңыз болашақта өнер жолын таңдап жатса, қарсылық білдірмейсіз бе?
– Қарсымын. Өнер жолында қыз бала үшін кедергілер өте көп. Қыздарым өскенде мамандықты өздері таңдай жатар. Дегенмен, олардың мұғалім немесе дәрігер болғанын қалар едім. Бірақ, үлкен қызым Дәмелі əнге деген əуестігі бар. Бір концертте кішкентай қыз Әминамен бірге «Мама» əнін орындаған едім. Соны Дəмелі көріп, біраз қызғанды.«Əке, сен неге ол баламен əн айтасың? Менімен неге айтпайсың?!» деп бұртиғаны бар. Содан жеке концертімнің бірінде сахнаға ертіп шықсам деген ойда жүрмін.
Бауыржан еліміздің тыныштығын қорғау барысында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерімен жиі ұшырасып тұратын боларсыз. Сондай кездері есте қаларлықтай бір қызықты оқиға орын алды ма? Осы құқық қорғау саласында жүрген азаматтар мен азаматшаларымыздың еңбегіне деген көзқарасыңыз қандай?
– Өзім көлік жүргізетін болғандықтан жол полициясымен жиі ұшырасып қалып жатамын. Дегенмен де, жол ережесін бұзбауға тырысып бағамын. Құжат тексеру барысында тоқтатқан жол полициялары танып, суретке түсіп жатады. Әрине, бұл таңның атысынан, қара кешке дейін ел тыныштығын қорғауда еңбек етіп жүрген полицейлеріміздің өнерді бағалағаны деп білемін. Полиция қызметі маған өте жақын. Өздеріңіз білесіздер менің полиция қызметкерлері туралы айтып жүрген әнім де және бейнебаяным да бар. Сондай-ақ, өзімнің ағаларым, апкелерім және жезделерім, сонымен қатар сыныптастарымның тең жартысы құқық қорғау саласында қызмет етеді. осы жақындарымның атқарып жүрген жұмысына қарап мен полиция қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беремін. Неге десеңіз, бұл кісілерге күндіз, түні хабарлассам да, олар үнемі жұмыста. Олардың жұмысы өте қауіпті. Оны айту керек. Халық құқық қорғау саласының жұмысын білуі қажет. Себебі, адамның отбасына бір қауіп төнсе берден полиция қызметкерлеріне хабарласады. Бұл мамандық иесіне сенім күшейген сайын, олардың да жұмысы арта берері хақ. Бүгінгі күні, құқық қорғау саласының дәрежесі – өте биік.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*