Он саусағынан өнер тамған ісмер

DSC_3398Өнерді құрметтеген халық, шеберлерді де ізгі ілтипатпен елдің құрметті адамдары қатарына қосқан. Қандай да болсын шығармашылық қоғамдық мәнін бағалаудың басты өлшемі, әлбетте, оның идеялық бағыты болып келді және солай болып қала береді. Бүгінгі біздің журналымыздың кейіпкері қолынан өнер тамған шебердің бірі десек артық айтқандығымыз болмас. Жұмыстан тыс уақытта нәзік қолымен майысып өрнек тікгіп, дәмді тамақтарды пісіреді. Ал, қызмет бабында иығына шен таққан нәзік қыз майталман спортшыға да айналады. Астана қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қатардағы полиция қызметкері Сүлгүнім Ходжегелдиеваның отбасына барып, оның жасаған еңбегі мен спорт сайыстарында алған грамоталарын өз көзімізбен көріп қайттық.
Тігінші, спортшы, аспаз, полиция қызметкері. Осынау сан қырлы қасиет бойынан табылатын Сүлгүнім Ходжегелдиеваның өнері көпке өнеге болары анық. Он саусағынан өнер тамған жас маман он жылдан астам уақыт тігіншілікпен айналысып келеді. Мамандығы – заңгер. Бала кезінен полиция формасын киген қыздарға қарап қызығып өсті. Елін қорғап, халықтың бейбіт тыныштығын сақтау мақсатында еңбек етуді армандады. Міне, бүгінгі күні Сүлгүнім осы асқақ арманына қол жеткізіп отыр. «Мен мектепті бітіргеннен кейін мамандық таңдауды көп ойландым. Бірінші жылы аудармашы мамандығына тапсырдым. Аудармашы менің ісім емес екен. Ол жерден құжаттарымды алып, заң колледжіне тапсырдым. Заңгер мамандығын алған күннен бастап полиция қызметкері болуға талпындым. Міне, бала күнгі арманыма да қол жеткіздім», – деді қатардағы полиция қызметкері. Ол 1992 жылы Семей қаласында дүниеге келген екен. Себебі, оның әкесі – түрікмен, ал анасы – қазақ. Сүлгүнім әпкесімен құлындай тебісіп өсті. Өзінен үлкен апкесі үнемі анасының қасынан шықпайтын. Ал, Сүлгүнім болса әкесінің жанында жүретін. Оның әкесі Хайтмурат та кәсіпқой дзюдо шебері. Жас қыз әкесінің спорттағы жетістіктерін көріп, оның жолын қууға бел байлайды. Сүлгүнімді өзінің ұлындай етіп тәрбиелеген әкесі оны мектеп қабырғасында жүргенде спортқа беруді жөн санады. Алғашқы кезде ол әртүрлі спорт түріне қатысып жүрді. Өзіне ұнаған спорт түрі болмағандықтан, биге де қатысты. Жетінші сыныпқа барғанда кәсіпқой күреске қатысады. DSC_0160Содан кейін дзюдоға қатысты. Кейін екеуін де қатар алып жүрді. Көптеген жарыстарға қатысып, жеңіспен оралды. Сабақтан, тыс уақытында спорт өнеріне бет бұрған Сүлгүнімді үй тірлігінен алыстап кетер деп, әжесі Жұмабике көп уайымдаған екен. Ол он үш жасқа келгенде, қолы қалт етсе болды, немересіне тігін тігуді үйрете бастайды. Сөйтіп, талантты қыз он бір жасында концерттік кештерде би билеп, табыс таба бастайды. Ал, он үш жасында тігінді жақсы меңгерген Сүлгүнім таныстарына әртүрлі сәнді бұйымдар тігеді. Алғашқы кезде, ол әжесіне өзінің уақыты жоқтығын айтып, істен сытылып шығудың амалын іздейтін. Бірақ, талапшыл әжей үнемі немересіне «сен қыз баласың, саған тігін өнері келешекте керек болады. Сабақты, спортты, үй тірлігін де қатар алып жүруге болады. Тек қана ниет керек» деп үнемі айтып отыратын. «Әжем алғаш қолыма ине ұстауды үйреткенде, маған «қыз бала жат жұрттық. Әйел адамның қолынан өнер келсе ол өлмейді» деп қолынан келген өнерінің бәрін де үйретті. Менің анам да қолөнерге жақын. Анам орталық базардан сәнді перделер тігетін салонын ашқан. Мектеп оқып жүргенде апкем екеуміз анамызға жәрдем беретінбіз. Кейбір сатып алушыларға менің қолымнан шыққан дүниелер ғана ұнайды. Олардың тапсырысын апталап жүріп бітірсем де, соны күтетін. Жұмыстан тыс уақытта үйде отырып тоқыма тоқып, тігіс тігемін. Қолыма мата, ине мен жіп алғанда жұмыстан шаршап келгеніңді бір жолата ұмытасың», – деп ой бөлісті Сүлгүнім. Оның сөзінен аңғарғанымыз, шебер қыз үнемі ізденісте жүреді екен. Сүлгүнім ғаламтор арқылы әртүрлі дизайнерлердің кітаптарын да оқиды. Ғаламтордан көрген әдемі бұйымды жасап шығаруға тырысады. Әсіресе, қазақ қол өнеріне жақын бұйымның жасалу әдісін үйренуге асығады. «Қазақ қолөнері – қиын да қызық жұмыс. Технология мықты дамыған қазіргі заманда қолөнерге ескі үрдіс деп қарауға болмайды. Әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген осы бір тәсілді меңгеруге өзім бала кезімнен ден қойдым. Бұйымдардың бәрі үй жағдайында жасалатын болғандықтан, ол кезде біраз қиындықтардың болғаны рас. Сол өзім кездестірген кедергілерден түйген тәжірибеме сүйеніп, бүгінде балаларыма біраз жағдай жасауға тырысып жүрмін. Себебі, мен көп жылдан бері бала тәрбиесімен үйде отырдым. Жолдасым екеуміз көп ойлана келе өзіміздің жеке кәсібімізді ашуды жөн санадық. Қыздарымның да, өзімнің де қолымнан келетін өнер – ол тігін өнері. Сондықтан, осы бизнесті ойланбай іске асыруға кірістім. Сүлгүнім қолөнерге өте жақын. Қазақ оюларын тігетін арнайы машина алуды армандайды. Себебі, қазақ қыздары күнделікті киетін киімдерінде қазақ оюлары жарқырап тұрса дейді. Әрине, Сүлгүнім үшін қолөнер хобби ретінде қала береді. Оны тек бос уақытында ғана жасап қоймай, халық игілігі үшін іске асыруды ойлайды. Ол үнемі «неге біздің қазақ қыздары ою салынған киімдерді күнделікті кимейді» деп ойлайды. Себебі, әкесінің туған жері Түрікменстанға барғанда біз олардың ұлттық киімін киеміз. Міне, осыдан кейін болар Сүлгүнім қазақ қолөнеріне деген ерекше ықыласы ауды», – деді Сүлгүнімнің анасы Нұргүл Молдахметова. Оның үйінде матаның түр-түрі, ине-жіп, көздің жауын алар әшекейлі бұйымдар бөлме ішіне ерекше әр береді. Ол өз жұмысына шын берілген жан. Сүлгүнімге арнайы тапсырыс берушінің көкейіндегіні дөп басу үшін ең алдымен ойындағы перде немесе оюлы құрақ үлгісін қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған эскизге жан бітіру мақсатында мата мен әшекейді де өзі таңдайды. Әсіресе, үй қабырғасына сай келетін перделік мата, оған үйлесетін моншақ-тастарды таңдау ұзақ уақытты алады. Мәселен, сәнді пердені тігу үшін бір апта кейде айдан астам уақыт кететін көрінеді. Тапсырысты дайындау барысында Сүлгүнімге анасы мен әпкесі көмектеседі. «Жұмыстың ең қиыны бірден бастап кету. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме? Қағаз бетіне салынған суретті әдемі әрі сәнді перде немесе оюлы құрақ көрпе етіп тігіп шығу үшін ерінбеу керек. Өзің тіккен бұйымның әрқайсысы ерекше ыстық. Көз майыңды тамызып дайындаған бұйымыңды бағалап, оны қолданып жүргенін көргенде іштей қуанып қаласың», – деді Сүлгүнім бізбен әңгімелескенде. Қазіргі өркендеген заманда жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің түрі жетіп артылады.Сәндік қымбат маталардың тігісін әсемдеп тігу асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді. Қазақ халқының ой-сезімі қашанда табиғатқа жақын келген. Олар гүлі жайқалған, жазиралы тамаша табиғат аясында, жан тербейтін сұлулықты көріп, сан түрлі өнерді меңгерген. Қымбат маталардағы түрлі ою-өрнектердің өзі, бір-біріне ұқсамайтын Хобби 3сәнділігімен көз тартады. «Бақыттың кілті – еңбекте» дегендей, бүгінгі қоғамда шынайы еңбектің ырыс-несібесі мол. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші шеберлердің, келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалауға болады. Өнерлі жас қыз тігін мен қатар тоқыманыда жақсы меңгерген. Ол қабырғаға ілетін кішкентай кілемшелер мен төсеніштер тоқиды. Қазақ халқы ет асып, оны үлкен табаққа салып қонаққа тартатыны белгілі. Осындай табақтың астына қоятын арнайы сәнді бұйымдарды да қолдан тігеді. Арнайы тігіншілік мамандығы болмаса да, он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміздің алға қойған мақсаты да, арманы да өте көп. Бірақ, соның барлығына қол жеткізу үшін ең бірінші ерінбей еңбек ету керек. Өз ісіне шын берілгендігі соншалық оның тіпті бос уақыты мүлде болмайды. Жұмыстан қолы қалт ете қалса, қолына инесін алып іс тігеді я болмаса, ою ойып, кәдеге аспай қалған маталардан әр түрлі құрақтар жасайды, қала берді ғаламтор арқылы ұлттық киім үлгілерін тауып, оның жасалу жолдарын білгенше тыным таппайды. Сүлгүнім қазақ жерінде туылғандықтан болар, Отандық ою-өрнектерге қызығып өсті. Болашақта Қазақстан тұрғындарына арнап қазақ оюларымен тігілген сәнді киімдер тігуді мақсат тұтып отыр. Біз де осындай жаны жомарт қазақ қызының болашақта алға қойған армандары орындалатына нық сенімдіміз. Оның қарбаласқа толы жұмыспен қатар жасаған еңбектерінің жемісін көруіне тілектеспіз.

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ, суретті түсірген Серік ЖОЛДАСБЕКОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*