Ерлік пен елдікке тағзым

DSC_0596Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы милиция полковнигі Орынғали Есенғазиев Алматы қаласының полиция қатарын толықтырған жас мамандарға қызметтік куәліктерді салтанатты түрде табыс етті. Бұл шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Салтанатты шараны ұйымдастыруға ұйытқы болғандардың бірі – Алматы қалалық ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ораз Жолдасов жиналған қауымның алдында сөз алып, бүгінгі күннің жас офицерлер үшін маңыздылығын атап өтті. «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні әр жүректе ерекше мәнге ие әрі ерекше орын алады. Басқа ешқандай мерекені толқып, осыншалық тебірене қарсы алмаймыз. Себебі, әр адамда Отанға, еліне деген сезім қашанда жоғары тұрады. Ұлы Жеңіс күнін атап өту жай ғана дәстүр емес. Түсіне білген адамға бұл күн сұрапыл соғыста болашақ ұрпағы үшін басын бәйгеге тіккен батыр бабаларды еске алып, олардың ерліктеріне тағзым ету, есімдерін ұлықтау күні болып саналады. Бұл күн – батырлыққа бас ию, ерлікке тізе бүгу күні», – деп атап өтті полиция полковнигі Ораз Жолдасов. Қос мерекені тоғыстырған салтанатты шара Алматы қалалық ІІД-нің Даңқ музейінде ұйымдастырылды. Бұл күні қала гарнизонын толықтырған жас кадрлар алғаш рет қызметтік куәліктерін алып, тағы бір рет адал қызмет етуге серт берді.
Ал, қызметтік куәлікті бұл жолы басшы құрам емес, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт майдангер Орынғали Есенғазиев табыс етті. Жас мамандарға жарқын жол тілеп, полиция қызметінде адал әрі абыройлы болуларын тілеген ардагерге қалалық ІІД басшылығы алғыс білдіріп, сый-құрмет жасады. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылының тумасы Орынғали Есенғазыұлының жасы 92-ден асқан. Ол сұм соғыстың куәгері. Ұлы Отан соғысы басталғаннан Фрунзе атындағы Сумск артиллериялық училищесіне қабылданған қазақ жігіті кеңес жауынгерлері «ажал алқабы», ал немістер «Ржев қиян-кесі ұрысы» атап кеткен Мәскеу түбіндегі Калинин шайқасына қатысады. Взвод, Бас қолбасшы 19-танк копрусы 26-мотоатқыштар бригадасының артиллериялық дивизионын басқарған қарт майдангер І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз», ҚР «Құрмет», РФ «Жеңіс» ордендерінің иегері. Ресей, Белоруссия, Литва, Латвия, Польша, Молдавия, Румыния, Венгрия, Болгарияны жаудан азат етуге қатысқан ақсақалдың төсінде 40-тан астам орден-медаль жарқырайды. Сұрапыл соғыс жылдары талай қиындық пен сын сәттерді басынан өткерген Орынғали Есенғазыұлы бейбіт заманның таңы атқанда да тыныштық үшін күрескен жан. DSC_0618Қан майданның ауыр жолын жүріп өткен ардагер соғыстан соң заңсыздықпен күрес жүргізіп, қоғам тәртібін сақтау үшін аянбай еңбек етті. Бүгінде отставкадағы милиция полковнигі алматылық тәртіп сақшыларының құрметті қариясы, тағылымы мол тағдыр иесі. Жасы келсе де шашап-шалдықпай, жастардың ортасынан табылатын ақсақал жас буынға ақылын айтып, білгенімен бөлісіп, оң бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. «Қария алматылық полицияның ғана емес, еліміздегі барлық құқық қорғау органдары мен ардагерлер ұйымының қадірлісі. Жас буынды патриоттық сезімде тәрбиелеп, бойларында ел-жеріне деген мақтанышты ұялатуда ардагердің алар орны ерекше», – дейді полиция полковнигі О.Жолдасов. Салтанатты шара барысында жиынға қатысушылардың барлығы – ІІД басшылығы, жеке құрам, жас мамандар мен олардың туған-туыстары қызмет бабында қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Алматы қалалық ІІД ғимаратының алдында орналастырылған бұл ескерткіш қазіргі таңда ел тыныштығы үшін жандарын қиған ерлердің есімін ұлықтап, ерліктеріне тағзым ететін, қоғам қауіпсіздін сақтаймын деп қыршыннан қиылған жігіттерді еске алып, аза тұтатын киелі орынға айналды. «Бұл ескерткіште есімдері жазылған ерлердің барлығы Отан алдындағы борыштарын адал орындады. Олардың жүректілігі мен ерліктері біздің жүректе мәңгі сақталып қалады», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*